Риддер жылу орталығында жарылыс болып, алты адам зардап шекті
Риддер қаласындағы жылу-электр орталығында (ЖЭО) жарылыс болды, деп хабарлайды Egemen.kz Риддер қаласы әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
«2024 жылдың 21 желтоқсанында таңғы сағат 4:39-да Риддер ЖЭО-ның ленталы конвейер учаскесінде газ-ауа қоспасы жарылды. Жарылыс нәтижесінде өрт шықпаған. Бұл оқиға жоспарлы жөндеу-монтаждау жұмыстары кезінде болған», деп жазылған хабарламада.
Әкімдіктің мәлімдеуінше, «Риддер ЖЭО» штаттық режимде жұмысын жалғастырып жатыр, ал қала тұрғындарының үйлеріндегі температура қалыпты. Оқиға болған сәтте сыртқы ауа температурасы минус 4 градус болған.
«Шығыс жылу» АҚ мамандары жылу жүйесін тексеру және реттеу жұмыстарын жүргізіп жатыр. Осыған байланысты жүйедегі қысым уақытша аздап төмендеуі мүмкін», делінген хабарламада.
Шығыс Қазақстан облысының әкімі Ермек Көшербаев оқиға орнына барып, жағдайды бақылауға алды. Әкімнің айтуынша, жарылыс салдарынан алты адам зардап шеккен.
Сурет: ашық дереккөзден алынды