Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Багаждың хикаясы

Багаждың хикаясы

 Әуежайға келіп, жолжүкті тапсырып, ұшақтағы орныңызға жайғастыңыз. Ал багаж қолыңызға қайта тигенше қанша және қандай тексерістен өтеді? Бұл сұраққа Нұрсұлтан Назарбаев халықаралық әуежайының Кәсіптік даму жөніндегі инспекторы Данияр Дүкенбаев жауап берді.

Т-1 Т-2
Біздің әуежай Т-1 және Т-2 деген екі терминалдан тұрады. Т-1 терминалынан халықаралық рейстер, Т-2 терминалынан ішкі рейстер жасалады. Багаж да сәйкес терминалдардың жолжүк бөлімінен ұшуға жіберіледі. Біз Т-1 терминалының жолжүк бөлімінде тұрмыз. Ол нөлінші қабатта орналасқан. Бұнда халықаралық рейстердің багажы тексеруден өтеді. Жолжүк бөлімі - стерильдік аумақ. Сондықтан осында кірерде мұқият тексеруден өттік. Бұл жерге кез келген адам кіре алмайды. Бөлімге келген қызметкерлер мен олардың жеке заттары толық тексеріледі.
Багаж қалай тексеріледі?
Жолжүк бөлімінің жұмысы рейске үш сағат қалғанда басталады. Себебі осы уақытта жолаушылар тіркеле бастайды. Жолаушылар жоғарғы қабаттардағы тіркеу орындарында тіркеліп, сөмкелерін тапсырады. Сол жердегі қызметкерлер чемоданның бүтін екеніне, салмағы талапқа сай келетініне көз жеткізгеннен кейін оған тиісті биркасын бекітеді. Одан кейін жүкті жылжымалы лентамен тексеру бөліміне жібереді. Лента үш қабатқа қарастырылған, оның ұзындығы бірнеше шақырымға жетеді. Осылайша сөмке жоғарыдан төмендегі жолжүк бөліміне түседі.
Багажда қауіпті заттың бар-жоғын анықтау - Rapiscan (рентген сканер) тексеру құрылғысының жұмысы. Ол жолжүк бөлімінде орналасқан. Бізде әр сөмке автоматты түрде осы құрылғы тексерісінен өтеді. Егер Rapiscan чемоданның ішінен қандай да бір күдікті зат байқаса, оны лентадан сырғытып, әрі қарай өткізбей қояды. Ал жолжүк бөлімінің қызметкерлері бірінші кезекте сөмкенің иесін іздеуге кіріседі. Иесін қалай табамыз? Чемодандағы бирка арқылы табамыз. Әр багажда бирка болады. Ал онда жолаушының аты-жөні, рейс нөмірі, бағыты, датасы мен басқа да мәлімет көрсетіледі. Жүктің иесін тапқаннан кейін оны жоғарғы қабатқа көтеріп, ішін ашып көрсетуін сұраймыз.
Кейде зат күдікті нәрсеге ұқсауы ғана мүмкін. Ал тасымалдауға рұқсат етілмеген кейбір жүкті әуежайдың қоймасында қалдырып кетуге болады. Жолаушы оны кейін кері қайтқанда өзі алып кете алады немесе өзінің туыстары не таныстары ала алады. Бұған бір ай мерзім беріледі. Ал егер заңмен қатаң түрде тасымалдауға тыйым салынған зат анықталса, әуежай полициясын шақырамыз. Бізге бұндайда аэропортымыздың кинолог мамандары да көп көмектеседі. Олар күнделікті әуежай ғимаратында рейд жасайды. Осында келіп тексереді, ұшақты да толық шолып шығады.
Жолжүк ауысып кетпей ме? 
Сонымен, багаждың бәрі тексеріліп, қауіпті заттардан тазартылғаннан кейін сөмкелер темір арбаға тиеледі. Кез келгеніне емес. Арбаға өзіне бекітілген рейстің жүгі ғана салынады.
Сол үшін арбаның бас жағына бағыты, рейс нөмірі, күні, штрих коды мен басқа да мәліметі көрсетілген қағаз жапсырылады. Мамандар чемодандар бір-бірімен ауысып кетпес үшін осы қағаздағы ақпаратты негізге алады.
Бұл мәліметті қалай пайдаланады дейсіз ғой. Ол үшін заманауи Baggage Reconlicilation Systems аппараты қолданылады. Мәселен қызметкерлер арбаға жапсырылған штрих кодты сол құрылғымен сканерлеп алады да, арбадағы жолжүктердің штрих кодына тақап шығады.
Егер багаж өз арбасына салынса, аппарат жасыл түске боялып, «дұрыс тиелді» деп белгі береді. Мысалы №0020 арбада №0227 рейсінің, яғни Бейжіңге баратын сөмкелер жатыр. Құрылғыны кез келген чемоданның штрих кодына тақатсақ, аппаратта арба нөмері, рейсі, ұшу уақыты, жүк санаты, жолаушының тегі мен басқа да деректер шыға келеді. Трансфер болса, «трансфер» деп жазылады.
Ал егер арбаға басқа рейстің жолжүгі саланып кетсе, онда құрылғы қызыл түсті жазумен қателікті көрсетіп, дыбыстық сигнал береді. Қызметкерлер оны алып тастап, өз арбасына ауыстырады.
Багаж жайлы мәліметтің бәрі қағазда ғана емес, электрондық жүйеде де бар. Деректер жолжүк штрих коды аппаратпен сканерленгеннен кейін де электрондық жүйеге түсіп отырады. Осының арқасында әуе компания да, өзіміз де жүйеден әр чемоданның жүрген жолын көріп отырамыз. Біз осылайша адами факторды барынша азайттық. Бөлімде барлық жерде бейнекамералар орнатылғанын да айта кеткен жөн. Бұл жүктің жағдайын, оны тексеріп, сұрыптау барысын, жалпы қозғалысын бақылауға мүмкіндік береді.
«Бизнес класс» артықшылығы
Одан әрі сөмкеге толы арба ұшаққа, дәлірек айтсақ, оның багаж салатын бөлімшесіне жеткізіледі. Қызметкерлер чемодандарды ішіне лақтыра-лақтыра салмайды. Әр ұшақта жүк тиеу барысын бақылайтын маман тұрады. Ол сөмкелерді тиеу-түсіру процесін құжат бойынша қадағалайды. Бұл маман жұмыстардың құжаттамаға және әуе компания талаптарына сай жүргізілуін тексереді. Кейбір әуе компания бақылауға өз қызметкерін қояды. Бұның бәрі ұшақтың қауіпсіздік талаптарын ұстану үшін қажет. Бұған қоса жолжүк жолаушы санатына (бизнес немесе эконом) байланысты орналасуы тиіс. Бизнес кластағылардың сөмкесі шығаберісте тұруы керек, себебі олар салоннан бірінші шығып, чемоданын алуға барады. Осылайша багаж ұшақпен діттеген жеріне жеткізіледі. Біздің әуежай барлық талапты ұстанады. Дегенмен әлемнің барлық аэропорты оларды қадағалайды деп айта алмаймыз.
Ерекше жүктер
Әрине ұшақпен осындай жолжүк қана тасымалданбайды. Ерекше багаж жетерлік. Мысалы, жануарлар жиі тасымалданады. Өз басым маймылдарды, тотықұстарды көрдім. Оларды әуемен жеткізудің белгілі бір шарттары бар. Біз кез келген операцияны құжаттамамен реттейміз. Бұған қоса, әр әуе компаниясы тасымалдауға болатын жануарлар тізімін жасайды. Ұшар алдында осы тізіммен танысқан жөн. Мәселен, әуе компанияларының бірі Қызыл кітапқа енген бүркіттер мен гепардтарды ғана тасымалдауға рұқсат берген, қалғанына рұқсат жоқ. Және де, әдетте ірі немесе көп жануарды жеткізу үшін тұрақты жолаушылар рейсі пайдаланылмайды. Оларды тасымалдау үшін үлкен торлар сиятын жеке ұшақтар пайдаланылады.
Чемодан жоғалмай ма?
Жолжүктің жолғалуы бүкіл әлемде кездесетін жайт. Дүние жүзінде жүк іздеуге миллиондаған қаржы жұмсалады. Осыған жол бермес үшін IATA «753» резолюциясын шығарды. Бұл резолюция барлық әуе компанияларға ортақ. Бұған қоса ICAO деген, Әуежайлар қауымдастығы деген ұйымдар бар. Олар адами факторды азайту үшін жүйелерді автоматтандыру қажет деген бірлескен релиз шығарған. World Tracer деген арнайы бағдарлама бар. Біз осы бағдарлама арқылы басқа әуежайлармен байланысып, жұмыс істейміз. Аэропорттар арасында табылған сөмкені тасымалдау туралы келісім де бар. Яғни оны кері қайтаруда еш проблема жоқ.
Багаж жоғалтып алған жолаушыға кез келген әуежайда бар Lost and found бөлімінен көмек сұрау керек. Бұл бөлім жоғалған сөмкелерді іздеумен айналысады. Жүк әртүрлі себеппен жоғалады. Мысалы Франкфурт, Шарль-де-Голль сияқты ірі әуежайларда кейде чемодан рейс бағыты бойынша ауысып, басқа жаққа ұшып кетеді. Бұл жолжүк мүлдем жоғалып кетті деген сөз емес. Ол табылады.
Ал біздің әуежайда багажды іздестіру, оған зақым келу, жалпы жолаушының наразылығы болса, онымен арнайы агент айналысады. Бұндай агенттер Т-1 және Т-2 терминалдарының Жолаушыларға жүк беру аймақтарында қызмет етеді. Агенттердің тұратын орны үш тілде белгіленген және сөмке мен сұрақ белгісінің суретімен көрсетілген. Олар шағымдарды қабылдап, қарастырады. Арыздардың сипатына байланысты тергеу жүргізеді. Бұл ішкі тергеу немесе басқа тараптар тартылған тергеу болуы мүмкін.
Бөлім мамандары
Жолжүк бөлімінің қызметкерлері жұмысқа ауысыммен шығады. Біздің мақсатымыз – жолаушыларға, әуе компанияларға багаж бойынша кешікпей сапалы қызмет көрсету. Кейбір әуе компаниялардың жүгімен біз жұмыс жасасақ, кейбірінің өз мамандары бар.
Авиация саласының мамандары білімді болуы тиіс. Елімізде оларға білім беретін бірнеше оқу орны, орталықтар, біліктілікті арттыру курстары, тренингтер мен тағы басқасы бар. Олар IATA стандарттарына сай болуы керек. Сонда қызметкерлер алған сертификатымен халықаралық талапқа сай келетін болады. Мысалы елімізде жүк тиеушілерді оқыту екітілай. Барлығы «жүк тиеуші – базарда да жүк тиеуші» деп ойлайды. Ал бізде жүк тиеуші – авиация саласының маманы. Олар арнайы оқытылып, кемінде үш сертификаттан алған, одан әрі де білімін жетілдіріп тұрады. Авиация саласы тұрақты білімді қажет етеді. Яғни сен жүк тиеушісің бе, ұшқышсың ба, айырмашылығы жоқ.
P.S.: Нұрсұлтан Назарбаев халықаралық әуежайының Тексеру бөлімі және Кинология бөлімінің жұмысымен де таныс болыңыздар.
02 шілде 2019 ж. 644 0