Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Арман Қырықбаев: «Nur Otan» партиясы – барлық мүмкіндіктер алаңы»

Арман Қырықбаев: «Nur Otan» партиясы – барлық мүмкіндіктер алаңы»

kyzylorda-news.kz «Nur Otan» партиясының хатшысы Арман Қырықбаев Қызылорда облысында жергілікті ардагерлер және қоғамдық кеңес мүшелері, әр түрлі сала көшбасылары, БАҚ өкілдері және блогерлермен кездесіп, пікірлесті.
Ә.Тәжібаев атындағы облыстық ғылыми-әмбебап кітапханасында өткен кездесуді партияның облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Ақмарал Әлназарова жүргізіп отырды. Еркін әрі ашық форматта өткен кездесуге, сондай-ақ, Қызылорда облысы әкімінің орынбасары Наурызбай Байқадамов қатысты.
– Елбасы, «Nur Otan» партиясының көшбасшысы Нұрсұлтан Әбішұлы «Алаштың анасы» деп бағалаған қасиетті Сыр өңіріне бұл менің алғашқы жұмыс сапарым. Осы уақытқа дейін түрлі лауазымдарда қызмет атқарсам да, Қызылорда облысына тұңғыш рет аяқ басып тұрмын. Түрлі даңқты тұлғалар шыққан осындай киелі елдегі сіздермен кездесуіміз жемісті боларына сенемін деген, – партия хатшысы Арман Оразбайұлы «Nur Otan» партиясының алға қойған мақсаттары мен елімізде жүзеге асырып жатқан саяси реформаларына, қолға алған жұмыстарына жан-жақты кеңінен тоқталып өтті.– «Nur Otan» партиясы өңірлерге шығып, жергілікті тұрғындармен кездесіп, олардың жағдайымен танысуды нақты қолға алуда. Партия төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбек бүгін жаңажан құрылған Түркістан облысында жүр. Оның алдында Атырау, Павлодар облыстарында болып, жергілікті халықпен жүздесіп, түйткілді мәселелермен танысты. Ертең Қызылорда облысының Жаңақорған, Шиелі аудандарында болып, тұрғындармен кездеспек. Осы аудандардағы бірнеше мәселелердің мән-жайына қанығып, олардың шешілуіне атсалысатын болады. Сондай-ақ, «Jas Otan» Жастар қанаты да өңір жастарымен кездесулер өткізіп, белсенділік танытуда. Жазға дейін барлық аймақтарды аралап, өзекті сұрақтарды көпшілікпен бірге зерделеу жоспарымызда. Мұндағы мақсат – халықпен етене араласу арқылы оларды мазалап отырған мәселелерді анықтап, партия бағдарламасында қамтып, шешімін табуға себепкер болу. Өздеріңізге белгілі, 2017 жылғы конституциялық реформа еліміздегі саяси партиялардың маңызын айтарлықтай арттырды. Мәселен, жергілікті өкілді органдарды пропорционалды жүйемен сайлау бізде 2018 жылдың өзінде-ақ енгізілді. Көп айтылып жүрген Грузияның өзінде халық бүгінде билігінен осыны талап етіп отыр. Бұл – партиялардың өңірлік деңгейдегі жауапкершілігін күшейтетуге бағытталған нақты қадам. Енді партиялар ауылды аймақтардың, шалғай елді мекендердің мәселелеріне қарай түбегейлі бет бұратын болады. Оны өз бағдарламасының өзегі етіп алады. Бұл қай жағынан алғанда да дұрыс. Мәслихаттардың сайлану ережесіне өзгерістің енгізілгеніне екі жылға таяғанын ескерсек, жергілікті мәселені шешпек түгілі кейбір аудан, қалада өз филиалын ашуды қажет деп таппайтын, алыстан орағатып, сынаумен шектелетін басқа партияларға да өңірлік жұмысын пысықтап алу үшін таптырмас мүмкіндік берілді деп айта аламыз. Ал, «Nur Otan» өңірлерге қарай бетбұрыс жасайтын бұл өзгеріске тастүйін дайын. Біз жергілікті жерлердегі ниеті адал, мұраты түзу барлық белсенді азаматтарды осы жұмыстарымызға атсалысуға шақырамыз, – деді ол.
А. Қырықбаев партия қолға алған жобалар мен бағдарламаларды да кеңінен түсіндіріп, олардың маңыздылығына ерекше баса назар аударды. Мәселен, партияның «праймериз» жобасын қызылордалықтар да ерекше қабылдап, қолдайтындықтарын жеткізді.
– «Nur Otan» халықаралық тәжірибеге талдау жасай отырып, халықпен жұмыс істеудің жаңа тәсілдерін енгізуде. Соның бірі әрі бірегейі – ішкі партиялық сайлау, яғни праймериз. Бұл жаңалыққа көптеген саясаттанушы-сарапшылар қызығушылық танытып отыр. Бірақ қарапайым адам үшін праймериз деген не? Нақты айтсақ, партия өз қатарындағылар мен жақтастары арасында алдағы сайлауға үміткерлерді іріктеу үшін алдын ала ішкі таңдау өткізеді. Бір сөзбен айтқанда – сайлау алдындағы ішкі сайлау. Бұйыртса, көктемде кәдімгідей дода, дебат, үгіт-насихат жұмысы болады. Суырылып шыққан ең мықты, елге сөзі өтетін беделділер партия атынан үміткерлер тізіміне ілініп, үлкен сайлауға түседі, – А. Қырықбаев.
Партия хатшысының айтуынша, праймериз – әлемде кең тараған саяси тәсіл. Әсіресе дамыған демократияларда саяси партиялар осылай алдын-ала ішкі «сайлау» өткізіп алуға тырысады. Ол бір жағынан партияның өз ішіндегі мықтыларын іріктеуге мүмкіндік берсе, екінші жағынан, партиямен мұраттас, елдің сөзін сөйлейтін басқа да азаматтарды қатарға тартудың құралы.
– Праймериз арқылы партияның кез келген мүшесі және партия қатарында болмаса да, елдік мүдде жолында онымен мұраттас барлық азаматтар, арнайы өтініш беріп, іріктеуге қатысуға, жеңсе тізімге енуге мүмкіндік алмақ. Қатысу тәртібінің жобасы қазір өңірдегі филиалдармен бірлесе пысықталуда. Ресми бекітілгеннен соң жарияланады. Бағымды сынаймын дегендерге жол ашық. Бұл – көкейдегі елге деген пайдалы ойларымды қалайша іске асырамын деп жүрген белсенді жандарға жақсы мүмкіндік. Өйткені, мұндай мүмкіндік ұсына алатын бірден-бір партия – ол «Nur Otan». Сын айтылуы керек, әрине. Дегенмен, тек сынап қана қоймай, мүмкіндікті пайдаланып, тізе қосып, елге қызмет етеік. Мәселен, өткен жылғы қарашада 14 өңірде пилоттық жоба ретінде праймериз өткізіліп, сол жерлердегі партияластардың 98%-ы қатысты. 1 орынға 4 адамнан келетін жақсы бәсеке болды, – деді партия хатшысы.
Партия хатшысы Арман Қырықбаевпен Сыр еліндегі кездесуде қызылордалықтар өздерінің ұсыныс-пікірлерін айтып, бірнеше мәселелерді көтерді. Мәселен, «Невада-Семей» республикалық қозғалысының Қызылорда облыстық филиалының төрағасы Сәбит Әбіш қазір талқыланып жатқан ардагерлер туралы заң жобасында Ұлы Отан соғысы, тыл және ауған соғысы ардагерлерінің мәселесі ғана қаралып жатқанын айтып, аталған заңда елімізде болған түрлі апаттарда зардап шеккен ардагерлердің де статусы айқындалуына партия ықпал етсе деген өтінішін жеткізді.
– Қызылорда облысында бүгінгі таңда 80 қолөнер шебері бар. Осы кісілердің басын қосып облыста «Қолөнер орталығын» құрдым. Енді осы жұмысымызға қолдау көрсетіліп, орталық салынса, онда түрлі байқаулар мен фестивальдер ұйымдастырылса деген тілегіміз бар. Басқа облыстармен салыстырғанда біздің өңірде бұл өнердің дамуы төмен. Осыған қолдау көрсетсеңіз, – деді Қазақстан қолөнер шеберлерінің мүшесі Қарлығаш Ілиясова.
Облыстық жемқорлыққа қарсы күрес кеңесінің мүшесі Серік Теңізбаев көлік құралдарына заңсыз салық салу мәселесін айтса, «Қызылорда облыстық мүгедектер қоғамы» қоғамдық бірлестігінің директоры Мұрат Жұмаділдаев «Nur Otan» партиясының «Кедергісіз келешек» жобасының өңірде орындалуы төмен деңгейде екендігіне шағымданды.
– Осы жобаның орындалуын орталық аппарат өз бақылауына алып, қажет болса, жобаға қолдау көрсетпей отырған басшыларға шара қолданса, – деді ол.
Ал, Қызылорда қаласының құрметті азаматы, саяси ғылымдарының докторы Әбдіжәлел Бәкір мен облыстық «Қазақ тілі» қоғамының төрағасы Сәпен Аңсат партияның нақты іс-жоспарларына кіруі керек бірнеше мәселелерді көтеріп, өз ұсыныстарын ортаға салды.
Қалалық мәслихат депутаты, журналист Сәрсенкүл Бихожа жергілікті партия филиалдарының жанынан барлық өңірлерде халықтың көңіл-күйін зерттейтін орталықтар ашылуы керектігін айтты.
Ал, облыстық кәсіпкерлер құқығын қорғау кеңесінің төрағасы Болат Нұрходжаев ауылдық жерлердегі кәсіп ашу туралы заңның ірі қалалардағы сауда үйін ашумен бірдей екендігін, бірнеше қиындықтарын атап өтті. Белгілі қызылордалық дінтанушы Бақтияр Оспанов еліміздің киноиндустриясындағы бірқатар кемшіліктерді тілге тиек етті.
Қызылордалық ағайынның ұсыныс-пікірлері мен өтініштерін, көтерген мәселелерін жіті тыңдаған партия хатшысы Арман Қырықбаев олардың барлық сауалдарына жауап беріп, кездесуде айтылған мәселелерді партия бақылауына алатынын жеткізді. Ал, кездесуді қорытындылаған Қызылорда облысы әкімінің орынбасары Наурызбай Байқадамов Арман Оразбайұлына Сыр еліндегі осындай ашық форматтағы еркін жүздесуі үшін алғысын айтып, көтерілген бірнеше ұсыныс-пікірлердің облыс деңгейінде шешімін табатындығын атап өтті.
Нұрсұлтан МЫҚТЫБАЙ
27 ақпан 2020 ж. 715 0