Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Жаңа технологияларды игерген мемлекеттердің қатарында болуға қауқарлымыз - Елбасы

Жаңа технологияларды игерген мемлекеттердің қатарында болуға қауқарлымыз - Елбасы

Қазақстан өзінің алдағы жоспарларын лайықты деңгейде іске асыруға қауқарлы. Бұл туралы Global Challenges Summit 2018 форумында Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Мен өз сөзімде қазіргі атқарып жатқан жұмыстарымыз жайында, сондай-ақ Кеңес Одағы ыдырағаннан кейін қалай дамығанымыз турасында атап өттім. Кеңес Одағында 15 республика болды, соның арасында Қазақстан 12-13-інші орындардың бірінде еді. Ресейден кейін екінші орында Украина тұрды. Алайда, бүгінде экономика, даму қарқыны бойынша екінші орында Қазақстан тұрғырланды. Әрине, тиісті қиындықтар да бар», - деп тоқталды Елбасы.
Мемлекет басшысы шикізаттық ресурстардан өзгеше баламалы индустрияны құру бойынша жұмыстар, жастарды оқытуға негізделген ұмтылыс, осыған сәйкес ЖОО-ларды құру бойынша талпыныстың барлығы бүгінгі қарқынды дамуға дайындық болғанын атап өтті. «Менің ойымша, қазақстандықтар, яғни біздер - оптимиспіз. 20 жыл толып отырған бұл жаңа қалада миллионнан астам адам өмір сүруде. Жалпы Қазақстандағы секілді осы қаладағы тұрғындардың орташа жасы - 32-де. Яғни біз болашаққа үлкен оптимизммен қараймыз», - деді Н. Назарбаев.
Осы орайда Президент Қазақстан өзінің жер көлемі бойынша әлемде тоғызыншы орында екенін еске сала келе, алайда халық саны мен экономика көлемі аясында айтарлықтай ауқымды еместігін сөз етті.
«Алайда Орталық Азияда біздің экономиканың көлемі өзге мемлекеттерден артық. Біз осымен мақтанамыз», - деді Мемлекет басшысы.
Сөз соңында Елбасы Қазақстанда алдағы белестерді табысты еңсеретінін, осы орайда еліміз жаңа технологияларды игерген алпауыт мемлекеттердің қатарында болуға қауқарлы екендігін атап өтті.  
inform.kz
17 мамыр 2018 ж. 1 267 0