Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Қызылорда: Саяси науқанға дауыс беру барысында заңбұзушылық әрекет тіркелмеді

Қызылорда: Саяси науқанға дауыс беру барысында заңбұзушылық әрекет тіркелмеді

Елімізде Жалпыхалықтық референдум өтті. Республика бойынша Қызылорда облысы тұрғындарының дауыс беру белсенділігі 79,89 пайызды құрап, екінші орынға тұрақталды. Жалпы аймақта дауыс беру барысында заңбұзушылық деректер тіркелмеген. Бүгін Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте референдумға байланысты құрылған облыстық штабтың төрағасы Жандос Базартай саяси науқанның өту барысын баяндады.
«Республика бойынша референдумның қорытындысы жүргізіліп жатыр. Алдын ала нәтиже бойынша, облыс халқының дауыс беру қарқындылығы Түркістан облысынан кейінгі екінші орында. Аудан және елді мекендердің тұрғындары саяси науқанға белсенді түрде қатысты. Бұл халқымыздың алдағы өзгерістерге сеніммен қарайтынына дәлел. Айта кетейін, Мемлекет басшысының Жарлығынан кейін облыстық қоғамдық штабтың белсенді мүшелері елді мекендерде халықпен кездесулер және түсіндірме жұмыстарын жүргізген болатын. Соның арқасында облыс тұрғындарының жаңа өзгеріске деген оң көзқарасы қалыптасты», – деді Жандос Базартай.
Айта кету керек, аймақ бойынша 345 ашық дауыс беру учаскесі таңғы сағат 07:00-ден кешкі сағат 20:00-ге дейін үздіксіз жұмыс істеді. Онда 3800-ге жуық қоғамдық ұйым өкілдерінің байқаушылары референдумға байланысты бақылау жүргізді.
«Біздің байқаушылар екі ауысымда жұмыс істеді. Әрбір 2 сағат сайын сайлау учаскелерінде талдау жұмыстарын жүргіздік. Жалпы өңір тұрғындарының референдумға қатысу белсенділігі өте жоғары деңгейде болды. Оны республика бойынша берілген мәліметтерден анғаруымызға болады. Сондай-ақ, облыста дауыс беру кезінде ешқандай заңбұзушылық деректері тіркелген жоқ», – деді «Партиялық емес байқау орталығы» республикалық қоғамдық бірлестіктің облыстық филиал төрағасы Жандос Тұсмағамбетов.

kyzylorda-news.kz​​​
07 маусым 2022 ж. 2 483 0