Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Жариялық жаңа Қазақстанның жарқын үрдісі

Жариялық жаңа Қазақстанның жарқын үрдісі

«Мықты мемлекет қана өз азамат­тарының еркіндігін қамтамасыз ете алады» деген көрнекті француз ағартушы, жазушы және философ-ойшылы Жан-Жак Руссоның осы сөзін Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Egemen Qazaqstan» газетіне берген сұхбатында тілге тиек еткен болатын. Бұл "Күшті Президент – ық­палды Парламент – есеп беретін Үкімет" формуласының басты ұстанымы екені сол сұхбатта баса айтылды.

Расында елдегі елеулі өзгерістерге бастайтын ең үлкен қадам осы. Тәуелсізікке қол жеткізген отыз жылда ордалы елдің бағындырған белестері аз емес. Жаһандық аренада өзін мойындатып, өзге елдермен терезе теңестірген Қазақстанның кемел келешегі сындарлы саясатпен қатар халық үніне құлақ түру және халық алдында ашық есеп беруге байланысты екені айтпаса да түсінікті дүние. Осы міндеттерді көрегенділікпен бағамдай білген Мемлекет басшысы "Өтпелі кезеңдегі бар­лық қиындықты еңсеріп, орнықты даму жолына түстік. Ендігі мақсат – осындай табыстарды еселеп, жаңа белестерді бағындыра беру" дей келе елдің ертеңін еңселі ететін ұлттық экономиканының даму үдерісі жеделдету жайында:
– Елімізді өркендету үшін ұлттық экономиканы әртараптандыру үдерісін жалғастыра береміз. Осы жолда шағын және орта бизнеске барынша жағдай жасаған абзал. Сонымен қатар адами капиталды одан әрі дамытамыз. Бұл бәсекеге қабілетті ұлт қалыптастыру үшін қажет. Осыған орай білім, ғылым, денсаулық сақтау салаларын да түбегейлі жаңғырту міндеті алдымызда тұр. Тағы бір зор мақсат – елді еңбекке баулу. Шындықты айтсақ, шетелдерде халқымыз нағыз еңбекқор жұрт ретінде әлі таныла қойған жоқ. Бұл біздің беделімізге де едәуір нұқсан келтіреді. Қажырлы еңбектің арқасында ғана көп мәселені шешіп, мемлекетімізді дамытамыз, әл-ауқатымызды арттырамыз. Сондықтан еңбекке баулу жастарға тәрбие берудің негізгі бағыты болу керек деп санаймын. Бұл ұлттың болашағына тікелей ықпал етеді – дегені жұртшылықтың жадында.
Бүгінде осы формула аясында ел көлемінде ауқымды жұмыстар атқарылып келеді. Соның ішінде аудандағы жасалған жұмыстардың есебі елдің көз алдында. Бұл жайында аудандық жұмыспен қамту, әлеуметтік бағдарламалар және азаматтық хал актілерін тіркеу бөлімі басшысының орынбасары Әнуар Әзбергенов:
– Ауданда есепті мерзімде жұмыссыздық деңгейі
5% пайызды құрады. Қазіргі таңда, экономикалық белсенді халық саны 30772 болса, оның жұмыспен қамтылғаны 29249 адам. Өткен жылы жұмыс іздеуші ретінде орталыққа хабарласқан 5169 адамның 2298-і тұрақты жұмысқа орналасты. 12 бос жұмыс орындары жәрмеңкесі өткізіліп, 3067 жаңа жұмыс орындары ашылды. Өзін-өзі жұмыспен қамтушылардың артуына байланысты атаулы әлеуметтік көмек бойынша өтініш білдірушілер өткен жылмен  салыстырғанда 24,5 пайызға азайып отыр, – дейді. Мұнан бөлек те әлеуметтік-экономикалық  мәселелерді шешуге бағытталған көптеген жұмыстар істеліп, оң нәтиже кеөрсеткенінің куәсіміз.
– Сондай-ақ жыл көлемінде «Кәсіпкерлікті дамытудың 2021-2025 жылдарға арналған «Ұлттық жобасының» аясында жалпы құны 490 млн. теңге болатын 400 жоба қайтарымсыз грант қаражатын алды, – дейді Ә.Әзбергенов.

Оңталап ЖОЛДАСОВ
17 ақпан 2023 ж. 1 525 0