Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Аралдық балалар Қазақстан Республикасының чемпионатында жеңіс тұғырынан көрінді

Аралдық балалар Қазақстан Республикасының чемпионатында жеңіс тұғырынан көрінді

Спорт – елдің мерейін асырып, абыройын тасытатын сала. Спорттың бұқаралық сипатын дамыту – мемлекетіміздің стратегиялық басым бағыттарының бірі. Осы қағиданы берік ұстанған мемлекетіміз ел халқының ойы сергек, дені сау болуы үшін қолда бар мүмкіндіктің бәрін жасауда. Бүгінгі күні республиканың түкпір-түкпірінде жастардың, тұрғындардың спортқа деген қызығушылығын арттыру мақсатында спорттық жарыстар, турнирлер мен түрлі спорттық сайыстар ұйымдастырылып, өткізілуде.

Осы орайда ағымдағы жылдың 2-7 маусым күндері аралығында Нұр-Сұлтан қаласында таеквондодан балалар арасында Қазақстан Республикасының чемпионаты өткен болатын. Чемпионатқа өңірімізден №19 Арал ауданының олимпиадалық резервтің мамандандырылған балалар-жасөспірімдер мектебінің 10 спортшысы қатысып, шеберліктерін сынға салды. Жарыс қорытындысымен спорт мектебінің тәрбиеленушілері Бақыт Нұрайым, Жалғасова Сабина, Темірхан Еркебұлан, Әзберген Айзере жүлделі І орынды иеленіп, жеңімпаз атанды.

Сонымен қатар Серік Шынәли мен Аханов Нұриман жүлделі ІІ орынды иеленсе, Іздібай Санжар ІІІ орыннан көрінді.
Ал, Торғай Бейбарыс, Төлеміс Дінмұхаммед, Бақыт Нұриман жеңіске деген жігері үшін арнайы кубоктармен марапатталды.

Атап өту қажет, республикамыздың 14 облысы мен республикалық маңызы бар 3 қаласынан 1200-ге жуық спортшы қатысқан ҚР-ның чемпионатында Сыр елі командалық есеппен алғашқы орынға шықты. Командалық жеңіске аралдық балалардың қосқан үлес салмағы басым түсті. Айдынды өлкенің, Сыр елінің мерейін тасытқан жеңімпаздарымызды айқын жеңісімен құттықтаймыз!
Арал ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі 

12 маусым 2021 ж. 681 0