Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Республикалық турнир бастау алды

Республикалық турнир бастау алды

Ауданда бокстан 2007-2008 жылдары туылған жасөспірімдер арасында Жолдыбай Нұрпейісовті еске алуға арналған республикалық турнир бастау алды.
Турнирдің ашылу салтанатына аудан әкімінің орынбасары Бектемір Жұмағұлов қатысып «Бүгін біздер киелі Арал топырағында туып-өскен, «Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген мәдениет қызметкері», «Құрмет белгісі» орденінің иегері, белгілі бапкер, жерлесіміз – Жолдыбай Бақзалбайұлы Нұрпейісовті еске алуға арналған республикалық турнирде бас қосып отырмыз. Бұл турнир белгілі спортшыны ұлықтап, жастарымызға абзал ағамыздың өмір жолын үлгі етіп, спортқа деген ынтасы мен қызығушылығын арттырады.
Жолдыбай Бақзалбайұлының есімі артындағы ұрпақтары мен шәкірттерінің, спортшы достарының, жерлестерінің есінде мәңгі сақталады»,- деп, жарысқа қатысушы спортшыларға сәттілік тілеп, турнирді салтанатты түрде ашып берді.Мұнан соң, Жолдыбай Нұрпейісовтің інісі Серекеев Әмірбек аға сөз алып, турнирді ұйымдастырушыларға ризашылығын білдіріп, естеліктерімен бөлісті.Республикалық дәрежеде IІ мәрте өткізіліп отырған турнирде Алматы, Атырау, Ақтөбе, Қостанай облыстары және Қызылорда қаласы мен аймаққа қарасты аудандардан арнайы келген 150-ге жуық жасөспірімдер 15 салмақ дәрежесі бойынша бақтарын сынамақ.
Жолдыбай Нұрпейісов зейнетке шыққан кезінен бастап, өмірінің соңына дейін Арал аудандық балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінде бокс жаттықтырушысы қызметін атқарды. Өңіріміздің талантты спортшыларын баптап, республикаға танымал боксшылар етіп тәрбиелеп шығарды. Белгілі бапкерден тәлім алған төрт шәкірті спорт шебері болса, 15-і осы атаққа үміткерлігін қорғады. Жолдыбай Бақзалбайұлы 2003 жылы дүниеден озды.
"Толқын" ақпарат
12 маусым 2022 ж. 1 007 0