Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Бүгін – Денис Теннің туған күні

Бүгін – Денис Теннің туған күні

Бүгін − мұз айдынының мұзбалағы Денис Теннің туған күні. Көзі тірі болғанда ол 30 жасқа толар еді, деп хабарлайды Egemen.kz.

Қыршыннан қиылған ғұмыр туралы «Egemen Qazaqstan» газетінің тілшісі Ғалым Сүлеймен «Мұз айдынының мұзбалағы» мақаласында жазған.

Денис 1993 жылдың 13 мау­сымында Алматы қаласында дүниеге келді. Бала кезінен ол таэквандо, теннис, акробатика, каратэ, жүзу секілді спорттың сан алуан түрімен айналысты. Сонымен қатар фортепиа­но, би және кес­кіндеме мектебінде тәлім алып, балалар хорында ән айтты. Алты жасынан мәнерлеп сырғанауға бар назарын аударды. Шеберлігін шыңдау мақсатында ол анасымен бірге Мәс­кеуге қоныс аударды. Кейін­нен АҚШ-қа аттанды. Әр жылдары асқан дарын иесі Николай Морозов, Фрэнк Кэролл, Ра­фаэль Арутюнян, Елена Буя­нова, Татьяна Тарасова сынды майталмандардың қол астында жаттықты.

Дениc Тен 2005 жылы алғаш рет Қазақстан чемпионатында топ жарса, содан кейін тағы төрт рет жеңіс тұғырының ең биік са­тысына көтерілді. 2009 және 2012 жылдары жастардың әлем біріншілігінде төртінші орынға табан тіреді.

Ересектер арасындағы жарыста Денистің ең алғашқы елеулі табысы – 2011 жылы елімізде өткен қысқы Азия ойындарының алтын медалі. 2013 жылы Кана­дада өткен әлем чем­пионатында отандасымыз мін­сіз өнер көрсетіп, күміс ме­дальды иеленді. Ол тек Патрик Чан­нан 1,3 ұпай ғана қалып қой­ды. Негізінде бұл бә­секеде Тен­нің мерейі үстем бол­ған еді. Оны барша маман мойын­дады. Бірақ әділдікті белден басқан төрешілер жеңісті жергілікті спортшыға әперді.

2014 жылы Сочиде алауы тұ­танған Олимпия ойындарында Тен­нің асқан шеберлігіне дүйім жұрт таңдай қақты. Шыны ке­рек, ол кезде жерлесіміз же­ңіс тұғырына көтеріледі деп еш­кім күтпеген еді. Себебі қысқа бағдарламада 84,06 ұпай жи­наған Денис тоғызыншы орын­ды қанағат тұтты. Оның үстіне, бір рет құлап тұрғаны бар. Есесіне еркін бағдарламада ең бір күрделі элементтерді мін­сіз орындаған ол 171,04 ұпай олжалады. Нәтижесінде, жат­тығу­дың екі түрінде 255,10 ұпай­ға иелік еткен отандасымыз қола медальды мойнында жар­қы­­­­ратты. Бұл жарыстың бас жүл­­десі жапониялық Юдзу­ру Ха­­ню­ға бұйырса, күміс жүл­дені кана­далық Патрик Чан ен­ші­леді. Нәтижесінде, Тен өз еліне Олим­пиа­даның алғашқы медалін сыйлады.

2015 жылы Шанхайдағы әлем чемпионатында испаниялық Хавьер Эрнандес пен жапониялық Юдзуру Ханюды алға жіберген Денис қола жүлдені олжалады. Одан бөлек, атақты спортшы «Төрт құрлық чем­пионаты» мен Дүние­жүзі­лік Универсиаданың же­ңімпазы атанып, басқа да көп­теген дүбірлі додада дараланды. Өмірінің соңғы кезеңінде ол жарақатына байланысты бай­рақты бәсекелердің біразына қатыса алмады.

Денистің есімі - ел есінде. Алма­тыда оған ескерткіш, өзі тұрған үйге мемориал тақ­тасы орнатылды. Деректі фильм түсіріліп, Астана мен Алма­ты қалаларында саңлақ спорт­­шыны еске алуға арналған халық­­аралық турнир жыл сайын өтіп тұрады. Оған әлем­нің әр қиы­ры­нан келген атақты мәнер­леп сыр­ғанаушылар қатысады.
13 маусым 2023 ж. 554 0