ӘЛЕУМЕТТІК ҚОРҒАУ ЖҮЙЕСІ ҚЫЗМЕТКЕРЛЕРІ АРАСЫНДА СПОРТТЫҚ САЙЫС ӨТТІ
Елімізде қазан айының соңғы жексенбісі - әлеуметтік қорғау жүйесі қызметкерлері күні болып бекітілген.
Қазіргі таңда ауданымызда әлеуметтік қорғау жүйесі саласын дамытуда 100-ден аса қызметкер жұмыс жасап келеді.
Кәсіби мерекеге қарсаңында аудан әкімдігінің ұйымдастыруымен әлеуметтік қорғау жүйесінің қызметкерлері арасында спортакиада өтті.
Спорттық жарыстың ашылуына аудан әкімінің орынбасары Е. Әбішев қатысып:
«Баршаңызды кәсіби мерекелеріңіз – әлеуметтік қорғау жүйесі қызметкерлері күнімен шын жүректен құттықтаймын! Сіздер өз қызметтеріңіз арқылы қоғамдағы көмекке мұқтаж жандарға көмек қолын созып, қиындығын бөлісіп, оны еңсеруге бірге атсалысып келесіздер. Қажырлы еңбектеріңіздің нәтижесінде қиын жағдайға душар болған азаматтар қажетті қолдау тауып, еңселерін тіктеуде. Жабырқаған көңілге жүрек жылуы мен болашаққа деген үміт сыйлап, өз міндеттеріңізді жауапкершілікпен орындап жүрсіздер. Бүгін, міне, әлеуметік қорғау жүйесі қызметкерлерінің арасында спорт түрлерінен өтетін сайыста бас қосып отырмыз. Олай болса, бағы мен бабы келіскен команданың жеңіс тұғырынан көрінуіне тілектеспін»-деп ізгі лебізін білдіріп, барша қатысушыларға сәттілік тіледі.
Аталған шараға Арал ауданының жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі, Отбасын қолдау орталығы және Мансап орталығы қызметкерлері қатысып, қол күрес, ләңгі, скакалка, үстел теннисі, дартс, волейбол, арқан тарту және эстафета сынды командалық спорт түрлерінен өзара бақ сынады.
Спартакида қорытындысымен жүлделі І орынды «Әлеумет» топтық құрамасы иеленсе, ІІ орынды «Ынтымақ» командасы, ІІІ орынды «Бірлік» командасы қанжығалады.
Арал ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі