Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Аудан тарихында қос бірдей чемпион

Аудан тарихында қос бірдей чемпион

Қаладағы №19 мамандандырылған резервтің балалар-жасөспірімдер спорт мектебі қос бірдей қуанышты тойлауда. Оның себебі – аудан тарихындағы қос бірдей чемпион. Иә, бокс және грек-рим күресінен Қазақстан Республикасының чемпионатында алтыннан алқа таққан екі спортшы қызымыз да Аралдың тумасы, осы спорт мектебінің оқушысы мен түлегі.
Спорт – еліміздің ең ден қойған бағыттарының бірі. Жастар арасында салауатты өмір салтын сақтау, оны өзгеге үлгі ету кеңінен дәріптеліп келеді. Соның ішінде арнайы мамандандырылған спорт мектептерінің шәкірттерінің жеткен жетістіктері бір төбе. Солардың бірі – №83 мектептің 7«А» сынып оқушысы Оразбекқызы Дана.
Дана 2011 жылы Арал қаласында дүниеге келген. Отбасының ерке қызының бокспен айналысып жүргеніне 4 жыл уақыт болыпты. Бұл туралы:
– Дана 4 жылдан бері спортпен айналысады. Боксқа ынтасы, қызығушылығы өте зор. Екі жылдан бері жақсы дайындық үстіндеміз. Оның бұл жарыста жоғары нәтиже көрсететініне сенімді болғанмын. Нәтижесі тіпті ойлағанымнан да асып түсті. Дана еңбегімізді ақтады. Осылайша әйелдер боксынан тұңғыш чемпион атанды. Бұл өзінің де, ата-анасы мен біздің де ортақ жеңісіміз. Бұл Қазақстан Республикасы чемпионаты 2010-2011 жылы туған кіші жасөспірім қыздар арасында өтті. Чемпионат тамыз айында Абу-Даби қаласында өтетін Азия біріншілігіне қатысатын Қазақстан Республикасы құрама командасына іріктеу болып табылады, – дейді бапкері Мыңжасаров Мақсат мырза.
Дана үлкен отбасының кенжетайы. Оның бұл спортқа келуі туралы анасы Қатшагүл Қозыбекова:
– Дана кішкентай кезінен спортқа жақын болды. Өзі қызығып, боксты жақсы көретін. Жалпы отбасымыздың спортқа көзқарасы өте жақсы. Сондықтан Дананың өзі де тек бокспен ғана емес, теннис, футбол, баскетбол, волейбол спорт түрлерімен қатар айналысады. Бәрінен де жүлделі орындары, дипломдары бар.
Қызымның мінезі өте сабырлы. Ортаға тез сіңісіп кетеді, достары да жетерлік. Әкесі үнемі «қызымды чемпион қыламын» деп айтып отыратын. Тілегі қабыл болып, қызым үлкен жетістіктерге жетіп жатыр. Бапкер ағайларына айтар алғысым шексіз, – дейді.
Дананың сан қыры туралы мектептегі ұстаздары да жасырмайды. Ол туралы сынып жетекшісі Пернегүл Тәуіпбайқызы:
– Дана өте алғыр қыз. Мінезі ашық, жайдарлы. Сыныптастарының арасында да өзіндік беделі бар, қоғамдық шараларға да белсене атсалысады. Оқуда озат. Әсіресе алгебра, геометрия сынды жаратылыстану бағытындағы пәндерге өте қабілетті. Дананың болашағына үлкен сеніммен қараймыз. Алда ауданның, облыстың, тіпті республиканың атын шығаратын чемпион болуына тілектеспіз, – деп пікірін білдірді.
Иә, жоғарыда айтып өткендей бұл чемпионат біз үшін жетістікке толы болды. Қос чемпион қызымыздың екіншісі – Петропавл қаласында өткен U15 жасөспірімдержәне U20 жастар арасындағы әйелдер күресінен 39 кг салмақ дәрежесінде «Қазақстан Республикасының чемпионы» атанған Раяна Жамсапқызы.
Раяна бүгінде Қызылорда қаласындағы Жалаңтөс-Баһадүр Сейітқұлұлы атындағы олимпиадалық резервтің облыстық мамандандырылған мектеп-интернатының 7-сынып оқушысы. Оған дейін қаладағы спорт мектебінде тәрбие алып, спорттағы жолының негізін қалаған болатын7
– Раяна біздің спорт мектебіне ағасына еріп келген болатын. Ол кезде қыздарға арналған сабақ өткізілмегендіктен, Раяна ұлдармен бірге дайындалып жүрді. Өзі өте ер мінезді, пысық қыз. Кей сәттерде ер балалармен де күреске шығып, жеңіп кететін еді. Оның икеміне қарап-ақ болашағына үлкен сенім артатынбыз. «Қызбын» деп ұялмай жарысқа шығуының өзі үлкен жетістік еді.
Биылғы жетістіктері өте тамаша. Ол жарыс барысында өткен жылғы республика чемпионы атанған қызды жеңіп, оның еңбекпен келген жеңісі. Алда жаз айындағы Азия ойындарына дайындалады. Қызымызға сәттілік тілейміз. Ол біздің мектептің, ауданның мақтанышы. Оның жолын қуатын ізбасарлары көбейе берсін деймін, – деп Раянаның қаладағы №19 мамандандырылған резервтің балалар-жасөспірімдер спорт мектебіндегі ағайы Бауыржан Жүсіпов ізгі тілегін жеткізді.
Бір қызығы, Раянаның туған ағасы Жамсапұлы Рамазан осы чемпионатта еркін күрестен 44 кг салмақ дәрежесінде күмістен алқа таққан болатын.
Жалпы ел чемпионатында №19 Арал ауданының олимпиадалық резервтің мамандандырылған балалар-жасөспірімдер мектебінің спортшылары табысты өнер көрсетті.
Атап айтар болсақ, жоғарыдағы чемпиондардан басқа грек-рим күресінен 57 кг салмақ дәрежесінде Махамбет Мирас жеңімпаз атанса, 68 кг салмақ дәрежесінде Бақытбекұлы Әділет қола жүлде иеленді.
Мирас Махамбет Аралқұм елді мекеніндегі №61 орта мектебінде білім алып,қазіргі таңда Астана қаласындағы Қажымұқан Мұңайтпасов атындағы олимпиада резервінің республикалық мамандандырылған мектеп-интернат колледжінің 9-сыныбында оқиды. Әділет Бақытбекұлы Арал қаласындағы №62 мектеп-лицейінің 9-сынып оқушысы.
Спортшылардың жаттықтырушылары – Қожекенов Талғат, Төлебаев Бахтияр, Таңатаров Ардақ.
Иә, спорт жетістігі – бәрімізге ортақ қуаныш, ортақ жетістік. Алдағы Азия ойындарына жолдама алған балуандарымызға тек қана сәттілік тілейміз. Еліміздің байрағын көкке көтеріп, тұғырдың биігінен көрінуіне тілектеспіз.
Г. САҚТАПОВА
15 сәуір 2024 ж. 1 979 0