Балуан Ержет Жарлықасын әлемдік рейтингте көш бастады
Грек-рим күресінен Қазақстан құрамасының мүшесі Ержет Жарылқасын Біріккен күресі әлемінің (UWW) жаңартылған әлемдік рейтингінде бірінші орынға көтерілді. Ержет Жарылқасын 63 кг салмақ дәрежесіндегі рейтингте көш басына шықты. Оның қоржынында 47 000 ұпай бар. Әзербайжандық Нихат Маммадали 45 000 ұпаймен екінші орынға орналасса, үшінші орынға 31 000 ұпаймен армяндық Карен Асланян табан тіреді. Қазақстандық балуанның рейтингте көтерілуіне жақында аяқталған әлем біріншілігіндегі нәтижесі себеп болып отыр. Ол Тиранада (Албания) олимпиадаға кірмейтін салмақ дәрежелері бойынша өткен жарыста күміс жүлде еншіледі. Ержет 63 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде финалға шығып, әзербайжандық Нихат Маммадалиға есе жіберген еді. 24 жастағы Ержет Жарлықасын сәуірде Бішкекте (Қырғызстан) өткен Азия чемпионатында алтын медаль жеңіп алған болатын.