Ұлттық ойын ұлтты тәрбиелейді

Бүгінде өз қадір-қасиетін жоймай келе жатқан ойынның бірі – көкпар. Көкпарда «Дода және жеке тартыс» аталатын екі түрлі әдіс қазақ арасында көп қолданылады. Екеуінде де ат пен жігіт сынға түседі. Қазір көп жерде дода тартыс қана ойналып жүр. Жеке тартыстың шарты бойынша қарсылыстар өз тобынан екі-екіден тартыскерлер шығарады. Сайланған төрт жігіт өздерінің қайрат-күшін елге танытады. Тартылатын серкені бір бала өңгеріп алып, алдын ала сарапшылар белгілеген бір жарым шақырымдай жерге апарып тастайды. Тартысқа шыққан жігіттер серкеге барғаннан кейін таласа-тармаса тұрып, жерден іліп алу амалын жасайды. Қайсысы бұрын іліп алса, тақымына басып, қарсыласына ырық бермеуге тырысады. Ол да жармасып, бос сирақты тақымға басып, тартыса бастайды. Серіктері жолдастарын жебейді. Қайсысы көкпарды жұлып алса, серігіне береді. Ол топқа қарай ала қашады. Қарсыласы қуалайды. Жетіп ұстаса, қайта тартысады. Сөйте-сөйте көрерменге жақындайды. Осы арада көкпарды жұлып алған жігіт тез қимылдап, қарсылас топқа апарып тастайды. Жиналғандар жүйрік атпен мықты жігіттің қайратына сүйсінеді. Біраздан кейін серкенің терісі жыртылып, сүйегі сөгіле бастайды да, ел жапа-тармағай тартысқа кіріседі. Бұл «дода» деп аталады. Мұнда да мықты жігіттер мен жақсы ат көзге түседі.
Иә, айта берсек мұндай ұлттық ойындар өте көп. Адамның ой-өрісін дамытып, шапшаңдыққа, жылдам әрі ұтымды шешім қабылдауға, ой көкжиегінің кеңеюіне, сондай-ақ дене қиымылын, салауатты өмір салтын қалыптастыруда орны өзгеше ұлттық ойындарымызды ұмытпауымыз қажет. Сонда ғана келешек ұрпақтың кемелдене түсері
хақ.
Тұрсын УӘЙСОВ