Қазақстан жастар спорт ойындарындағы Арал спортшыларының табысы

Аталмыш жетістікте №19 Арал ауданының олимпиадалық резервтің мамандандырылған балалар-жасөспірімдер спорт мектебі балуандарының еңбегі ерекше. Облыс намысын қорғаған саңлақтарымыз Әмірмұхаммед Кабулов (55 кг) және Алпамыс Болатұлы (60 кг) қарсыластарын сенімді жеңіп, жарыстың ең биік тұғырынан көрінді.
А.Болатұлы бұған дейін де грек-рим күресінен U17 Әлем чемпионатының күміс жүлдегері, U15 Азия чемпионатының жеңімпазы және ҚР чемпионатының төрт дүркін чемпионы атақтарын иеленген. Қазақстан Республикасының спорт шебері. Ал Ә.Кабулов грек-рим күресінен U15 Азия чемпионатының, ҚР чемпионатының жеңімпазы және ҚР чемпионатының күміс жүлдегері.
Бүгінде аудан мерейін үстем еткен қос балуан Астана қаласындағы Қажымұқан Мұңайтпасов атындағы олимпиада резервінің республикалық мамандандырылған мектеп-интернат-колледжінің студенттері.
Спортшыларымыздың шеберлігі мен табандылығы – олардың білікті бапкерлері Т.Қожекенов, Б.Төлебаев (№19 Арал ОРМБЖМ) және Д.Кегенбаев пен Б.Калсагуровтардың (Қажымұқан Мұңайтпасов атындағы мектеп-интернат-колледжі) ұжымдық еңбегінің жемісі.
Жеңісті күндеріңіз көп болсын!


"Толқын" ақпарат