Бакуден келген бас жүлде
Арал өңірінде спорттың көптеген түрі қарқынды дамып келе жатқаны белгілі. Соның ішінде соңғы жылдары ерекше серпін алып, жергілікті халықтың көзайымына айналған сала – көркем гимнастика. Осыдан бірнеше жыл бұрын қолға алынған спорт бүгінде Арал аруларын әлемдік ареналарға шығарып, аудан атын асқақтатып жатыр.Аралдағы алғашқы мектеп
Арал ауданында алғаш болып көркем гимнастика мектебінің негізін қалаған – тәжірибелі маман Жансая Бисембаева. Ол аймақтағы қыздардың бойындағы табиғи талғам мен икемділікті шыңдап, оларды үлкен спортқа баулуды мақсат еткен.
– Бүгінде Арал-Қазалы көркем гимнастика мектебінің негізін қалаушы әрі аға жаттықтырушысымын. Мектебіміз 2021 жылдан бері үздіксіз жұмыс жасап келеді және жас спортшыларды тәрбиелеумен айналысады. Қазіргі таңда мектебімізде 100-ден астам спортшы жаттығып, 4 жаттықтырушы қызмет атқарады. Осы уақыт аралығында шәкірттеріміз аудандық, облыстық, республикалық және халықаралық жарыстарда жоғары нәтижелер көрсетіп жүрміз. Алдағы уақытта ауданды гимнастика спортын одан әрі дамытып, жастарды бұқаралық түрде баулығым келеді, – дейді мектеп жетекшісі өз жоспарымен бөлісіп.
Қазір үйірмеде 3 пен 12 жас аралығындағы бүлдіршіндер мен жеткіншектер шеберліктерін шыңдауда. Төзімділік пен сұлулықты үндестірген спортқа ата-аналардың да, балалардың да қызығушылығы өте жоғары.
Әзірбайжан төріндегі жеңіс
Жақында ғана, нақтырақ айтсақ, үстіміздегі жылдың 20-21 маусым күндері Әзірбайжан Республикасында көркем гимнастикадан «XXVI Халықаралық «Princess Cup» ашық турнирі жалауын желбіретті. Бұл айтулы дода Арал-Қазалы көркем гимнастика мектебі үшін айрықша маңызға ие болды, себебі бұл – ұжымның Әзірбайжан еліндегі екінші халықаралық деңгейдегі үлкен сапары.
Аталған додада ел намысын 5 бірдей жас спортшы қорғап, барлығы да жүлделі орыннан көрінді. Жас гимнасттардың кілем үстіндегі өнеріне тәнті болған қазылар алқасы олардың дайындығына жоғары баға берді.
Жарыс қорытындысымен 2017 жылғы Нұрай Алтай өз жас ерекшелігі бойынша асқан шеберлік танытып,тұғырдың бірінші сатысынан көрінді. Сондай-ақ, 2018 жылғы Бибінұр Өмірбекқызы да сенімді өнер көрсетіп, І орынды қанжығасына байлады. Ол тек алтын медаль алып қоймай, өз қатарластары арасында «Ең мықты гимнаст» номинациясын жеңіп алып, арнайы кубокпен марапатталды. Сонымен қатар, команданың ең кішкентай мүшесінің бірі, 2019 жылғы Айлин Берікқызы да топ ішінен суырылып шығып, І орынды иеленді. Ол да жас шамасының кішілігіне қарамастан,«Ең үздік гимнаст» атанып, арнайы сыйлыққа ие болды.
Және өнер көрсеткен Інжу Мұзафар төрешілерді техникалық тазалығымен баурап, ІІ орынды иеленсе, Амина Жансерікқызытартысты бәсекеде еш есе жібермей, екінші орынға табан тіреді.
Спорт – өмірдің шамшырағы
Бұл мектеп тек чемпиондарды ғана емес, сонымен бірге тұлғалық қасиеті қалыптасқан, мақсатшыл жастарды тәрбиелеп келеді. Мектеп шәкірттерінің бірі, бұған дейін халықаралық ареналарда ысылып үлгерген жас спортшы Айару Жансерікқызы спорттың өз өміріне әкелген өзгерісі туралы:
– Мен қай жарысқа да барынша дайындаламын. Бүгінге дейін тәжірибе жинақтап, шеберлігімді арттыру мақсатында Ташкент қаласында өткен халықаралық додаға да барғанмын. Гимнастиканың арқасында әлемнің әр түкпірінен көптеген достар таптым, ортам кеңейді. Мен бұл спорт түрімен айналысқаныма ешқашан өкінбеймін және өз ісімді өте қатты жақсы көремін, – дейді.
Аралдан шыққан кішкентай арулардың халықаралық деңгейде көк байрағымызды желбіретуі – үлкен еңбек пен қажырлықтың жемісі. Жансая Бисембаева бастаған жаттықтырушылар құрамы мен жас гимнасттардың алдағы алар асулары бұдан да биік болары сөзсіз. Аралдың нәзік те қайсар қыздарына тек жеңісті күндер тілейміз!
«Толқын» ақпарат









