Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Арыстанбек Мұхамедиұлы: Головкин мен Елеусінов екеуінің арасында араздық жоқ

Арыстанбек Мұхамедиұлы: Головкин мен Елеусінов екеуінің арасында араздық жоқ

Данияр Елеусінов 8 маусым күні Нью-Йорктегі "Головкин-Роллс" андеркардында өнер көрсетпейтін болды. Олимпиада чемпионы менеджерінің сөзінше, мұны GGG-дің өзі қаламаған

Оның орнына Головкиннің командасы өзбекстандық Исраил Мадримовтың шаршы алаңға шығуына келісім берген. Ал Елеусінов Головкиннің әрекеті оның деңгейіне сәйкес келмейді деп есептейді. Дегенмен Данияр оның бұл әрекетіне ренжімедім дейді. Ел атын танытып жүрген боксшылардың араздасып қалуына не себеп? Головкин неге Даниярды өз жұдырықтасатын бокс кешінде көргісі келмеді?
Мұхиттың арғы жағында әлемге елімізді танытып жүрген боксшыларымыз Геннадий Головкин мен Данияр Елеусіновтің 8 маусым күні бір кеште өнер көрсететінін отандық басылымдар жарыса жазған еді. Алайда соңғы күндері GGG-дің командасы Даниярдың орнына өзбекстандық Исраил Мадримовті таңдап, спорт сүйер қауымды таңғалдырды.  
"Барлығы келісілген болатын. Өзіміз не болғанын түсінбей қалдық. Геннадийдің промоутері Том Леффлер бұл кеште GGG Елеусіновті көргісі келмейтінін айтты. Ол туралы Том маған СМС хабарлама жіберді”, - дейді Данияр Елеусіновтің менеджері Зия Алиев.
Отандық спортшылар бұл дауға қатысты әр түрлі пікірде. Кәсіпқой бокстан әлем чемпионы Фируза Шәріпова да Геннадий Головкиннен бір кездері көңілі қалғанын айтып, әлеуметтік желіде өз ойын қалдырған. 
"Данияр Елеусіновпен болған жағдайға қатты таңғалып отырмын. Мен мансабымды бастаған кезде де осыған ұқсас оқиға орын алған болатын. Геннадий Головкиннің андекардында өнер көрсеткіміз келген. Алайда Геннадийдің менеджері Олег Германнан: "Ешқашан Фируза Головкинмен бір кардта өнер көрсетпейді" деген жауап алдық. Бұл көрсеткен қылығы - дөрекілік, сол кезде өте қапалы болдым. Сол жағдайдан кейін алдыма Головкиннің нәтижелерінен асып түсем деген мақсат қойдым”, - деді кәсіпқой бокстан әлем чемпионы Фируза Шәріпова желіде. 
Ал Геннадий Головкин Елеусіновтың менеджерінің кәсібилік танытпағанын айтып, сұқбат беріпті. Осы себепті Даниярдың кездесуі кейінге шегерілген көрінеді. Сондай-ақ былғары қолғап шебері өз отандасына сәттілік тілеп, екеуінің арасындағы дауға қатысты пікірін білдірген
Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы да бұл сөзді растап отыр. "Екі спортшының арасында араздық жоқ. Мәселе тек дұрыс келіссөз жасай алмаған промоутерларда" дейді ол.
“Мен ойлаймын, ол былайша айтқанда бір-біріне қарым-қатынас емес. Промоутерлердің арасындағы келіспеушілік. Оларды өте жақсы білемін. Бірін-біріне қарым-қатынасы өте керемет”, - деді министр.
Осылайша енді отандасымыз Данияр Елеусінов 25 мамыр күні АҚШ-тың Мэриленд штатындағы, Оксон-Хилл қаласында жұдырық түйістіреді. Ал Головкин болса, осы күнге дейін жеңіліп көрмеген канадалық Стив Роллспен жекпе-жекке әзірленіп жатыр.
"Мен Мэрилендте болғаныма қуаныштымын. Бұл шоу тамаша болады деп күтіледі. Бұл менің жетінші шайқасым. Бұл шоуға қазақстандықтар қатысады деп үміттенемін. Сіздерге бұл ұнайды деп ойлаймын", - деді Елеусінов жекпе-жек алдында.
Головкин мен Роллстың кездесуі кеші 8 маусымда Нью-Йорктегі Madison Square Garden аренасында өтеді. Бұл 37 жастағы қазақстандық үшін мексикалық Сауль "Канело" Альвареспен болған даулы жекпе-жектен кейінгі бірінші болмақ. Шетелдік ақпарат құралдардың мәліметінше, 27 сәуірде сатылымға шыққан билеттер түгелдей дерлік сатылып кетіпті. 
Естеріңізге сала кетсек, осы уақытқа дейін Геннадий Головкиннің Данияр Елеусіновті андеркардында жұдырықтасуына кедергі келтіргені туралы жазылды. Алайда боксшының өзі мұны жоққа шығарды
24 мамыр 2019 ж. 596 0