Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Неймар өзінің ПСЖ-дан кеткенін жариялады

Неймар өзінің ПСЖ-дан кеткенін жариялады

Француздық «Пари Сен-Жермен» клубының шабуылшысы Неймар өзінің бұл клуб сапынан кеткенін жария етті. 15 шілде күні 27 жастағы бразилиялық ойыншы ПСЖ-ның спорттық директоры Леонардомен кездескен. Кездесу барысында функционер Неймарды бұл ойынан айнытуға тырысқан. Бірақ шабуылшы клубтан кеткісі келетінін жасырмапты. Ойыншы егер париждік клубтан кеткен жағдайда кәсіби мансабын «Барселонада» жалғастыруы мүмкін. Қазіргі таңда Неймардың өкілдері мен «Барселона» келіссөз жүргізіп жатқандықтан шабуылшы париждік команданың жаттығуына да қатысудан бас тартқан. Осы маусымда ойыншы Франция чемпионатында 17 матчқа қатысып, 15 гол соқты, 7 рет нәтижелі пас берді. «Барселона» басшылығы да Неймарды қайтарып алуға ниетті. Алайда қаржы мәселесі бұл трансферге қолбайлау болуы мүмкін. Каталониялық клубтың басшылығы Неймарды сатып алу үшін өзінің бірнеше ойыншысын трансфер сомасына қосып беруге дайын екенін мәлімдеген. Алайда ПСЖ басшылығы ойыншы үшін трансфер құны толық төленгенін қалайды. Олардың нақты қанша қаражат сұрайтыны белгісіз. Шамамен 200-300 миллион еуро аралығында болуы мүмкін. Ал трансфер құны 120 миллион еуро болған Антуан Гризманнды алу үшін несие рәсімдеуге мәжбүр болған каталониялық клубтың Неймар үшін «ғарыштық» қаржыны қайдан табары белгісіз.
https://aikyn.kz


18 шілде 2019 ж. 1 131 0