Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » UFC-де тұңғыш рет Қазақстан спортшысы пайда болды

UFC-де тұңғыш рет Қазақстан спортшысы пайда болды

Қазақстандық спортшы Шавкат Рахмонов бұдан былай UFC аясында өнер көрсетеді. Бұған дейін аталған ұйым аясындағы жекпе-жектерге тек этникалық қазақтар ғана қатысып келген.
«Шавкат Рахмонов UFC-мен келісімшартқа қол қойды. Ол осылайша, әлемдегі ең үздік ММА-ұйыммен келісімге келген алғашқы қазақстандық ережесіз жекпе-жек шебері атанып отыр. Оның дебюттік кездесуі қараша айына жоспарланған. Шавкаттан кейін де осы ұйым аясында төбелесетін қазақ спортшылары көптеп шығады деп үміттенемін» дейді спортшының менеджері Саят Әбдірахманов.
Рахмонов қазірге дейін ММА-де 12 кездесу өткізіп, оның барлығында мерзімінен бұрын жеңіске жеткен. Жасы 24-те. Алғаш рет кәсіби кездесуіне 2014 жылы шығыпты. Осы жылы наурыз айында ол жартылай орта салмақта M-1 Global чемпионы атанды, ал маусым айында белдігін сәтті қорғап қалды. Қазіргі таңда UFC-де этникалық қазақ Дамир Исмағұлов өнер көрсетіп жүр. Қазір ол ресми түрде Ресей елінің намысын қорғайды. Бұдан бұрын Қытай атынан Жұмабек Тұрсын да төбелескен. Алайда Жұмабек үш кездесуінде де жеңіліп, бұл ұйыммен келісімін үзіп алды.
«Әкем – қазақ. Өзбекстанда дүниеге келдім. Атамның есімі – Рахман. Сол себепті мені Өзбекстанда Рахмонов деп жазып жіберген. Шавкат – арабтың есімі. Қазақстанға бейтаныс. Осыдан келіп «ұлтың кім?» деген сауал көп қойылады. Екінің бірі сұрайды. Олар мені не өзбек, не тәжік деп ойлайды. Бірақ, мен – қазақпын. Өзбекстанда туып-өскенім рас. Ол жақта көптеген достарым қалды» дейді Шавкат KAZMMA Live Channel YouTube-арнасына берген сұхбатында. Айтуынша, Қазақстанға келгеннен кейін көптеген қиындықтарды бастан кешірген. Алайда мойымаған жас әрі қайратты жігіт өз мақсатынан ешқашан жаңылмапты.
«Келе сала базарда жүк тасушы болып жұмыс істедім. Қазақстанға келген кезде тіл білмедім. Сондықтан қай жұмыс болса да істей беруге тура келді. Базарда 3 жылға жуық уақыт істеппін. Жұмыс істеп жүріп жаттығуға да бардым. Бокс және самбоға қатыстым. Сәт сайын үздік атанғым келді және жаттығуымды ешқашан үзген емеспін. Кейін мен чемпион болған кезде адамдар таңғалды» дейді ол.
aikyn.kz
03 тамыз 2019 ж. 1 422 0