Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Теңіз төскейіне тағдыр айдап келгендер

Теңіз төскейіне тағдыр айдап келгендер

  kyzylorda-news.kz Сталиндік режимнің кезінде көптеген халықтарға «саяси сенімсіздік» көрсетіліп, әртүрлі жасанды айыптармен жаппай қуғын-сүргінге ұшыратып, атамекендерінен күштеп жер аударылды.
Қарапайым халық тағдыр тауқыметіне көніп, шет аймақтарға күштеп көшірілді. Осындай тағдыр теперішіне ұшыраған көптеген халықтардың тағдыры Арал өңірімен де байланыс­ты. Осы кезге дейін «Қызыл империяның» кәріне ұшырап жер аударылғандардың КарЛАГ, СтепЛАГ, АЛЖИР сияқты лагерьлерге тоғытылып келгені жайлы ғана білетін болсақ, қолымыздағы жаңа деректер ондай лагерьлердің Арал ауданы көлемінде де болғанын айғақтайды. Мысалы, БКП(б) Қазақ өлкелік комитетінің 18 ақпан 1930 жылғы жиналыс хаттамасында ОГПУ басшысы Валленбергке екі апта уақыт ішінде 2000 бай-құлақты Арал теңізінің жағалауларына қоныс аударту және олардың орналасу маршрутын дайындау жөнінде тапсырма берілген. Осы тапсырмаға сәйкес ақпан айында Арал қаласында 9000 адамға 45 барак үй, Көкаралда 10000 адамға 50 барак дайындап, балалар мен қарттарды орналастыру көзделген. Тапсырманың қауырт болғандығы соншалық, Көкаралдағы босқындар үшін тұрғындардан 300 киіз үй жалданып алынған. Бұл қоныстар Орталық саяси басқарма шешімімен Арал ауданының аумағында, әсіресе темір жолдан қашық, көбінесе теңіз жағалауындағы елді мекендерде орын теуіп, әскери комендатуралардың бақылауында катаң режим жағдайында ұсталатын болған.
Осындай шараларға сәйкес 1930 жылғы 30 наурыздағы берілген ақпарда Арал ауданына келген күштеп көшірілгендер саны 7535 адам деп көрсетілген. Оның ер адамдары – 1998, әйелдер – 2029, 16 жасқа дейінгі балалар саны – 3108. Санитар­лық дәрігер Самойловтың жазбаларында Арал концлагерінің 30 барағында 6340 адам­ның нарларда орналасқаны, тұр­мыс жағдай­ла­рының мәз емес екендігі көр­сетілген.
Күштеп көшірілгендер легі 1932 жы­лы тағы да толыға түскен. Ақтөбе облыс­тық ОГПУ бөлімінің 1932 жылғы 8 қара­шасындағы №2148/2 арнайы мәліметінде (АОММ қ-136,т-6, іс-158, п-3; спец.сводка) Арал ауданына күштеп арнайы көшірілгендердің жай-күйі жөнінде құпия мәліметтер берілген.
Арал ауданының 19-комендатурасын­да 1932 жылдың 25 қазанындағы беріл­ген мәлімет бойынша 4294 адам, оның ішінде 1368 ер адам, 1324 әйелдер және 1602 балалардың арнайы күштеп кө­ші­ріл­гендер тізіміне енгендігі жайлы көрсетілген. Олардың 11 пункт бойынша ау­данның Арал қаласы, Бөген, Қара­терең, Ұзынқайыр, Көкарал, Ауан, Құ­лан­ды, Возрождение, Ұялы сияқты елді мекендерінде орналастырыл­ғаны, соның ішін­де саны жағынан Аралда 1227 адам, Возрождениеде 888 адам, Құландыда 612 адам, Көк­аралда 611 адам басқа жерлерден көбі­рек орналастырылған.
Алайда, архив материалдарынан бұл жылдарда Арал өңіріне күш­теп көшірілгендердің тұрмыстық жағдай­ла­рының на­шарлығы, олардың Кеңес өкіметіне қар­сы наразылық пиғылда болғандығы жай­лы мағлұматтардың мол екендігіне көз жеткіземіз. Олардың тұрғын жайлар­мен қамтамасыз етілгені жайлы да көр­сетілген, дегенмен, Ұялыда оларды орналастыратын пәтерлердің жетпей отыр­ғаны, кейбір елді мекендерде бір пә­тер­ге 11 адамнан тұратын 3 отбасының орна­лас­қаны, ал кейбір жерлерде үй жетіс­пе­гендіктен брезент шатырларда тұ­рып жатқандығы көрсетілген, тіпті жөн­деу жүргізілмеген ескі үйлерде де тұра­ты­ны атап өтіледі.
Орналастырылғандарды азық-түлікпен қамтамасыз етуде де кемшіліктер орын алған, мысалы, Құланды елді мекенінде ұн орнына шикісөк (пшено) берілген. Күнде­лікті азық-түлік паегі азайтылған мөл­шерде беріліп келген. Мысалы, бір балық­шыға 1000 грамм орнына 800 грамм, жұ­мыс­шыға 800 грамм орнына 500-600 грамм ғана беріліп отырған.
Құланды елді мекенінде олардың қыр­құлақ (цинга) ауруымен ауыра бастағаны көрсетілген. Кейбір жерлерде күріш, макарон, май сияқты азық-түлік түрлері бар бола тұра, өз мақсатына жұмсалмай отырғаны, яғни тиісті адамдарға берілмей отырған фактілері де мәлім етілген.
Күштеп көшірілгендер негізінен теңіз жағалауындағы елді мекендерде балық аулау кәсіпшіліктеріне жұмысқа тартылған, бірақ олардың еңбекақыларының мардым­сыз екендігі көрсетілген. Мысалы, балық­шы айына 70-80 сомның көлемінде еңбек етсе де, оларға тек 32 сом көлемінде ғана еңбекақы төлеп отырған, бұл олардың көп балалы отбасыларын асырауына жет­кі­ліксіз болған. Кей жерлерде ақшалай төлем орнына азық-түлікпен есептесетін болған. Бұл жағдайлар олардың тарапынан наразылықтар тууына себепші болды.
Күштеп көшірілгендер арасында Кеңес өкіметіне қарсы айтылған ой-пікірлердің бар екені, кейбіреулердің «Кеңес өкіметі кешікпей құлайды» деген сыбыстар таратып, қарсы үгіт жүргізетіні анықталған. (АОММ қ-136, т 66,іс-158, п-5(спец.сводка).
Ал, депортацияға ұшырап, бұрын Қи­ыр Шығысты мекендеген корей ұлты­ның өкілдері 1936-1937 жылдары Сыр өңі­ріне, соның ішінде Аралға да қоныстан­ды­рыл­ған.
Арал өңіріне күштеп көшіріліп келген қоныстанушылардың (спец. переселен­цы) есебінен аудандағы халық саны да ай­тар­лықтай көбейген. Статистикалық мәліметтерге қарағанда, 1932 жылы Арал ауда­нында 55335 халық тұрған болса, оның 11954-і, яғни 21 пайызы әртүрлі ұлт өкілдері болған.
Болатбек ҚУАТОВ,
«Қызылорда облысының мемлекеттік архиві» КММ-нің
Арал аудандық филиалының басшысы
04 мамыр 2020 ж. 683 0