Теңіз төскейіне тағдыр айдап келгендер
Теңіз төскейіне тағдыр айдап келгендер
Сталиндік режимнің кезінде көптеген халықтарға «саяси сенімсіздік» көрсетіліп, әртүрлі жасанды айыптармен жаппай қуғын-сүргінге ұшыратып, атамекендерінен күштеп жер аударылды. Қарапайым халық тағдыр тауқыметіне көніп, шет аймақтарға күштеп көшірілді. Осындай тағдыр теперішіне ұшыраған көптеген халықтардың тағдыры Арал өңірімен де байланысты. Осы кезге дейін «Қызыл империяның» кәріне ұшырап жер аударылғандардың КарЛАГ, СтепЛАГ, АЛЖИР сияқты лагерьлерге тоғытылып келгені жайлы ғана білетін болсақ, қолымыздағы жаңа деректер ондай лагерьлердің Арал ауданы көлемінде де болғанын айғақтайды. Мысалы, БКП(б) Қазақ өлкелік комитетінің 18 ақпан 1930 жылғы жиналыс хаттамасында ОГПУ басшысы Валленбергке екі апта уақыт ішінде 2000 бай-құлақты Арал теңізінің жағалауларына қоныс аударту және олардың орналасу маршрутын дайындау жөнінде тапсырма берілген. Осы тапсырмаға сәйкес ақпан айында Арал қаласында 9000 адамға 45 барак үй, Көкаралда 10000 адамға 50 барак дайындап, балалар мен қарттарды орналастыру көзделген. Тапсырманың қауырт болғандығы соншалық, Көкаралдағы босқындар үшін тұрғындардан 300 киіз үй жалданып алынған. Бұл қоныстар Орталық саяси басқарма шешімімен Арал ауданының аумағында, әсіресе темір жолдан қашық, көбінесе теңіз жағалауындағы елді мекендерде орын теуіп, әскери комендатуралардың бақылауында катаң режим жағдайында ұсталатын болған.

Осындай шараларға сәйкес 1930 жылғы 30 наурыздағы берілген ақпарда Арал ауданына келген күштеп көшірілгендер саны 7535 адам деп көрсетілген. Оның ер адамдары – 1998, әйелдер – 2029, 16 жасқа дейінгі балалар саны – 3108. Санитарлық дәрігер Самойловтың жазбаларында Арал концлагерінің 30 барағында 6340 адамның нарларда орналасқаны, тұрмыс жағдайларының мәз емес екендігі көрсетілген.
Күштеп көшірілгендер легі 1932 жылы тағы да толыға түскен. Ақтөбе облыстық ОГПУ бөлімінің 1932 жылғы 8 қарашасындағы №2148/2 арнайы мәліметінде (АОММ қ-136,т-6, іс-158, п-3; спец.сводка) Арал ауданына күштеп арнайы көшірілгендердің жай-күйі жөнінде құпия мәліметтер берілген.
Арал ауданының 19-комендатурасында 1932 жылдың 25 қазанындағы берілген мәлімет бойынша 4294 адам, оның ішінде 1368 ер адам, 1324 әйелдер және 1602 балалардың арнайы күштеп көшірілгендер тізіміне енгендігі жайлы көрсетілген. Олардың 11 пункт бойынша ауданның Арал қаласы, Бөген, Қаратерең, Ұзынқайыр, Көкарал, Ауан, Құланды, Возрождение, Ұялы сияқты елді мекендерінде орналастырылғаны, соның ішінде саны жағынан Аралда 1227 адам, Возрождениеде 888 адам, Құландыда 612 адам, Көкаралда 611 адам басқа жерлерден көбірек орналастырылған.
Алайда, архив материалдарынан бұл жылдарда Арал өңіріне күштеп көшірілгендердің тұрмыстық жағдайларының нашарлығы, олардың Кеңес өкіметіне қарсы наразылық пиғылда болғандығы жайлы мағлұматтардың мол екендігіне көз жеткіземіз. Олардың тұрғын жайлармен қамтамасыз етілгені жайлы да көрсетілген, дегенмен, Ұялыда оларды орналастыратын пәтерлердің жетпей отырғаны, кейбір елді мекендерде бір пәтерге 11 адамнан тұратын 3 отбасының орналасқаны, ал кейбір жерлерде үй жетіспегендіктен брезент шатырларда тұрып жатқандығы көрсетілген, тіпті жөндеу жүргізілмеген ескі үйлерде де тұратыны атап өтіледі.
Орналастырылғандарды азық-түлікпен қамтамасыз етуде де кемшіліктер орын алған, мысалы, Құланды елді мекенінде ұн орнына шикісөк (пшено) берілген. Күнделікті азық-түлік паегі азайтылған мөлшерде беріліп келген. Мысалы, бір балықшыға 1000 грамм орнына 800 грамм, жұмысшыға 800 грамм орнына 500-600 грамм ғана беріліп отырған.
Құланды елді мекенінде олардың қырқұлақ (цинга) ауруымен ауыра бастағаны көрсетілген. Кейбір жерлерде күріш, макарон, май сияқты азық-түлік түрлері бар бола тұра, өз мақсатына жұмсалмай отырғаны, яғни тиісті адамдарға берілмей отырған фактілері де мәлім етілген.
Күштеп көшірілгендер негізінен теңіз жағалауындағы елді мекендерде балық аулау кәсіпшіліктеріне жұмысқа тартылған, бірақ олардың еңбекақыларының мардымсыз екендігі көрсетілген. Мысалы, балықшы айына 70-80 сомның көлемінде еңбек етсе де, оларға тек 32 сом көлемінде ғана еңбекақы төлеп отырған, бұл олардың көп балалы отбасыларын асырауына жеткіліксіз болған. Кей жерлерде ақшалай төлем орнына азық-түлікпен есептесетін болған. Бұл жағдайлар олардың тарапынан наразылықтар тууына себепші болды.
Күштеп көшірілгендер арасында Кеңес өкіметіне қарсы айтылған ой-пікірлердің бар екені, кейбіреулердің «Кеңес өкіметі кешікпей құлайды» деген сыбыстар таратып, қарсы үгіт жүргізетіні анықталған. (АОММ қ-136, т 66,іс-158, п-5(спец.сводка).
Ал, депортацияға ұшырап, бұрын Қиыр Шығысты мекендеген корей ұлтының өкілдері 1936-1937 жылдары Сыр өңіріне, соның ішінде Аралға да қоныстандырылған.
Арал өңіріне күштеп көшіріліп келген қоныстанушылардың (спец. переселенцы) есебінен аудандағы халық саны да айтарлықтай көбейген. Статистикалық мәліметтерге қарағанда, 1932 жылы Арал ауданында 55335 халық тұрған болса, оның 11954-і, яғни 21 пайызы әртүрлі ұлт өкілдері болған.
Болатбек Қуатов,
«Қызылорда облысының мемлекеттік архиві» КММ-нің
Арал аудандық филиалының басшысы
https://tolqyn.kz