Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Соғыс салған сызаттар

Соғыс салған сызаттар

Күні кеше ғана еліміз болып, Ұлы Отан соғысының жеңісіне 75 жыл толған торқалы тойын атап өттік. Сол қырғыннан бері қаншама жылдар өтсе де, бұл Жеңістің бізге оңайлықпен келмегендігін ұрпақ санасына әлі де сіңдірумен келеміз. Себебі бұл нәубет, бірінің атасын, енді бірінің әкесін, ағасын, баласын, жарын, бауырын іс - түзсіз әкетсе, ауыр жарақаттан жарым жан болып елге оралғандары қаншама? Жыл өткен сайын сол соғыстан аман келіп, ел тірлігіне араласып, еңбек еткендер қатарының да, бүгінгі күні едіуір сиреп қалғандығын табиғи құбылысқа жатқызбасымызға амалымыз жоқ.Осындай тағдырлардың бірі, Балмановтар әулетін де айналып өткен жоқ. Олай дейтініміз, бейбіт күнгі ошағының отын маздатып отырған қарапайым балықшылар отбасындағы, Балман әкей мен Ақжан ананың тұңғыш ұлдары, Садық ағамыз да қан майданға небірі жиырма жасқа толар толмастан аттанып кете барған. Сол сәттегі ата мен ананың жүрегін жарып шыққан тұңғыштарын, енді көреміз бе, көрмейміз бе деген өкініштері, өзектерін өртеп өткен болар. Бала, бауыр еттері болса да, бұл кезеңде елді, отанды қорғау керектігі, әрбір адамға ауыр жүк арқалатқан шақ болды. Жылдар жылжып, айлар арытқа тасталып, әрбір отбасында майданнан күткен сағыныш хаттары бірінен соң бірі келіп, қуанышынан үрейі басым күндер, бірінен кейін бірі өтіп жатты. Сондай күндердің бірінде Садық бауырымыздың да, « Ауыр жарақат алдым, госпитальдан емделіп шықсам, соғысқа енді жарамсызбын, елге қайтамын»- деген, дәрігерлердің шешімі шыққан қуанышты хабары келіп жетеді. Күндер ұзап, «Енді баламызды аман-есен көреміз – ау»- деп, қуанып отырған ата - анасының шыдамы таусыла бастайды. Сол хабардан кейін баласының жолын тосқан ананың үміті ұзаққа созылғандай болады.
Бір кездері үміт үзілгендей де болды. Күтті, күтті көп күтті, не керек баласы оралмады. Бұл ана үшін үлкен қайғы, ауыр қасірет еді. Амал не, ана жүрегі қандай қайғыны да, қасіретті де көтере алған емес пе? Жарынан ерте жесір қалған ана байғұс, көз жасын бұлап, ендігі жерде еліміз аман, жүртымыз тыныш болсын деп, қалған балаларына өмір тілеп, өз –өзін жұбатқандай болады. Басқа қандай шарасы болушы еді? Ия, сонан бері де қаншама жылдар өтті. Сол кездегі туылған балалар, бұл кезде сақал - шашы ағарған қарт адамға айналып отырған жоқ па? Соғыстан оралмаған бұл ағамызды күткен анасы да, бауырлары да, бұл күндері арамызда жоқ. Садық атаның анасы Ақжан әже, бауырлары , Сағынай, Қапар, Совет, жалғыз қарындастары Қамқа апамыз да бұл өмірден алыстағалы, басындағыларына отыз жылдың жүзі болса, соңғыларына он жылдан асып барады. Уақыт не деген жүйрік едің?. Олар бауырларын майданнан күткен күйдегі сағыныштарын өздерімен бірге ала кеткенге ұқсайды. Бірақ бұл адамдар, сондай бір бауырларының соғыстан оралмай қалғандығы туралы өз отбасыларында жиі айтып, ұрпақтарының санасына сіңдіріп кеткен болулары керек. Енді тірі келмейді ғой деген үміттерінің үзілгендігін бәрі де алға тартқан
болулары керек. Ең кенже інісі, Совет аға әрі - бері іздене жүріп, бауырының есімін, «Боздақтар» кітабының бесінші томына ендіріп қойғандығын езіле айтқаны есімізде. Бұл да болса көңілімізге медеу болсыншы дегені шығар. Енді қайтсін? Содан бері ауызынан тастамай, ағасын іздеп, жар құлағы жастыққа тимей кеткен, Қапар әкеміздің сөзі бірінің болмаса бірінің құлағында қалып, әке аманатын арқалай жүріп, ағаларын іздеуді одан әрі жалғастыра береді. Соның нәтижесінде, «Іздеген жетер мұратқа» дегендей, үстіміздегі жылдың Жеңіс күні қарсаңында барлығы бірдей қуанышты хабарға тап бола қалды. Әке ауызынан естігелі бері бауырларын іздеген ұрпақтары, жетпіс жылдан астам уақыттан бері, дерегі белгісіз болып келген ағаларының соғыста ерлікпен қаза тапқандығы жөніндегі мәліметтерді, http://pamyat-naroda.ru/ сайты арқылы іздеп тапты.Бұдан бұрын да, Арал аудандық әскери комиссариат арқылы іздестіргендерімен, дәл бүгінгідей мәліметтерді таба алмайды. Ол кездері мұндай мүмкіндіктер де болмаған ғой. Бауырдың дерегін тапқандар, бұл да болса, көңілге қуаныш, жүрекке жұбаныш екендігін еш жасыра алмайды. Сол сайттың деректеріне сүйенетін болсақ, Садық ағамыз 1924 жылы Арал ауданына қарасты Мергенсай ауылдық округінің, «Бірлестік » колхозында балықшы отбасында дүниеге келген екен. Сол қиын-қыстау кезеңде, аш-жалаңаш болған балаларда қандай оқу болса керек.? Елдегі, жаппай аштықтан кейінгі соғыс кезінде 6 класстық білімі ғана болған екен. Балық аулап, енді ғана күндерін көріп келе жатырғанда соғыс басталып, небары жиырма жасқа толар толмаған бозбала, 1942 жылдың 1-ші қаңтарында майдан қатарындағы жауынгерлер сабында кете барған. Сонда Арал қаласынан аттанған бір топ жауынгерлерді, Қызылорда облысы арқылы майдан шептеріне бөлген көрінеді. Сайт деректері, біздің ағамыздың 173-ші әскери бөлімде, 593- ші атқыштар полкінде, автоматтан оқ жаудырушы болып, Волгоград арқылы, Дондағы – Ростов, Санкт- Петербург, Днепр жағалауларындағы майдан шептерінде болғандығынан мәліметтер береді. Содан кейін Ленинградты қорғау майданындағы жауға қарсы кескілескен ұрыста үлкен ерлік көрсетіп, «За оборону Ленинграда» медальінің иегері атанған екен. Садық ағамыз, осы тұста ауыр жарақат алып, бірден госпитальға жатқызылады. Елге, туған бауырларына деген сағыныш хаты да осы тұста жазылған болуы керек. Кім біліпті, бұл жазғаны ең соңғы хаты болды ма екен?. Ақжан әженің де баласының елге қайтатын шығармын деген хабарын, осы хатынан біліп күткен болуы керек.? Бірақ қайран ағамыз оралмаған. Сайттағы, 1944 жылдың 22- ші қаңтар күні із- түзсіз жоғалып кетті деген дерегін көріп, ағамыздан біз де көз жазып қалдық. Осыдан кейін үміт отымызды ілгері қарай маздатып, Садық атамыздың қай жерге жерленгендігі жөніндегі сұрау салған өтініш хатымызды, Ленинградтағы әскери- медициналық мұражайға жолдадық. Неше жыл бойғы сөнген үміттерді жалғаған ұрпақтары, ағаларының жерленген жерінің бар екендігінен үміттерін үзгілері келмейді. Лайым солай болса екен деп тілейікші.! Егер табылып жатырса, батырұрпақтары, ағаларының зиратына туған жердің топырағын салып қайтуға да ниетті болып отыр. Тек сол күннің куәсі болайықшы.! «Ештен кеш жақсы» - деген емес пе? Бұл табылған деректі де көңілге медеу, жанға жалау тұтамыз. Осыдан кейін біз де, батырдың ұрпақтары екендігімізді мақтанышпен айта алатындай болдық! Бұдан бұлай ана мен бала жыламаса екен, аспанымыз ашық болып, еліміз аман, жұртымыз тыныш болса екен деп тілейік! Сын сағатта сап түзеген ерлердің есімдері жыл өтен сайын жаңғыра берері хақ. Әлі де дерегі табылмай келе жатырған боздақтарымыз қаншама?. Солардың рухы мәңгі өлмесінші, деген тілегімізбен соғыс салған сызатарды өшіре аламыз ба?. Басқаша қалай өшіре алар екенбіз?. Осы бейбіт күніміз үшін, қаншама қаны төгілген боздақтардың есімін ұмыту мүмкін бе?. Бұл үлкен сұрақ болып қала бермек! .
Шолпан Балманова
17 мамыр 2020 ж. 806 0