Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Аралдағы ашаршылық пен ауа көшу ақиқаты

Аралдағы ашаршылық пен ауа көшу ақиқаты

Қазақстан тарихының өткен кезеңдеріне  зер сала қарасақ, тағдырдың талай қысталаң шақтарында тапқанынан жоғалтқаны көп халқымыздың  сан қилы зұлматтарды басынан өткергенінін білеміз. Әйтсе де ел басына түскен небір зұлматтардың ішінде орны толмас өкініш, азалы да қаралы кезең -1931-1933 жылдардағы ашаршылық  нәубетінің бәрінен де асып түсетіні сөзсіз еді. Ашаршылық апатты Қазақстанның қай түкпірінде қамтып өткені сияқты Арал өңірін де сырт айналып кеткен жоқ.
«1932-жыл  елге  айрықша  қиындық  әкелді, қыс  айларында  аса  қатты  суық  түсіп, «Ұлы  жұт»  деп аталатын  қасіретті  жыл  басқа  түсті деп  отыратын  ата-әжелеріміз. Малсыз  қалған  елді  енді  ашаршылық қыспағы қыса түсті. Соның  салдарынан көптеген жерлерде тамақ  таппай бұралып аштан өлгендер саны күннен-күнге көбейе түсті. Сол тұстағы Қазақстандағы ашаршылық нәубатының Мәскеу  саясатына байланысты  әдейі  ұйымдастырылған геноцид екендігін дәлелдейді тарихшылар.
Арал ауданы құрамына кірген Ақтөбе облыстық мұрағат деректерінен мынадай мәліметтерге көз жеткіземіз. Айталық, облыстағы 501637 тұрғынның үштен екісінің аштық құрбандығына ұшырағандығы жайлы мәлімет жан түршіктіреді. Жер-жерге жіберген уәкілдердің мәліметтерінде малынан айрылып ішерге асы қалмаған кедейлердің аштықтан ісіп кеуіп жатқаны, жағдайы бар адамдардың ғана елден үдере көшіп кеткендігі айтылады. «Аштық  зардабын  жою  керек»  деген  әңгіменің  мүлдем  ауызға  алынбағаны  былай  тұрсын, «егер астық, ет дайындауда жоспар орындалмаса репрессия қолданылады» – деген Сталин  қол  қойған арнайы пәрмен жығылғанға жұдырық  болып тиген еді. Қазақ даласындағы ашаршылықтың сұмдық көріністері жайлы Қазақстан басшысы Голощекин өзінің жер-жерге жіберген уәкілдері арқылы жақсы хабардар болып отырған. Ол дала төсінде аш-жалаңаш босып сандалып жүрген адамдардың қолына не түссе соны жеп күнелтіп, баудай түсіп қырылып жатқанын біле тұра отырған креслосынан қозғалмай, қан тамған қамшысын үйіре түсіп адам айтқысыз мейірімсіздік пен тасжүректік танытқан еді. Қанды қол қарақшы: «Бұл халықтың қырылып жатқанына біз емес, өздері кінәлі, еңбектенгісі келмейді, жалқаулықтан қырылып жатыр» – деген ғой міз бақпастан. Ақыры мұның соңы ақын І.Жансүгіров ашына:
«Күніне қазақ мыңдап өліп жатыр,
Тұқымы сағат сайын кеміп жатыр.
Өз баласын өзі үйітіп, сирағын жеп,
Көр азабын тірідей көріп жатыр» - деп жырлағандй, жантүршігерлік күйге түсірген жоқ па?
Халықтың аштыққа қарсы тұрар дәрмені жетпеді. Өйткені егін салу, кәсіп жасау бірен-саран  ғана  адамдардың  қолынан  келмесе,  жалпы  халықтық  сипат  ала  қоймаған  кез  еді. Адамдар  аштықтан  ісініп  жатты. Ит, мысық, тышқан  аулап  жүрек  жалғаған  күндер  болған  деп  айтатын  үлкендер. Ондай фактілер жайлы мұрағат деректерінде де мәліметтер бар. Кезінде ауданға еңбегі сіңген абзал азаматтардың бірі Елеуов Молдиман ағамыздың Елбасына түскен нәубатты жылдар қасіретін елестеткен мынадай әнгімесін тыңдаған едік. «Аузын арандай ашқан аштық әкем мен анамды және де басқа туыстарымды жалмаған соң Ырғыздағы балалар үйін паналауға мәжбүр болдым. Ондағы жағдай да қиын екен. Жас балалардың өлімінің көптігі сондай, күнде ертеңгісін арбакеш бөлмелерді жағалап жүріп өлген балаларды төбесі жабылған арбасына салып алып, ауыл шетінде қазылған апанға тастайтын еді» деп Арал қаласында да балалар үйі болғандығын айтып отыратын еді.
Архив құжаттарындағы қолымызға түскен деректер осы айтылған қасіретті деректерді растайды. Жалмаңдаған аштық құрсауына ұшыраған ұрпақтарын сақтап қалар басқа еш амалы қалмаған көптеген отбасылар балаларын осы үйлерге беруден басқа ләжі болмаған. Менің Жансейіт нағашым да өзінің Ұлболсын, Жұбанышгүл атты екі қызын осы Аралдағы балалар үйіне берген екен. Арада бір жарым ай салып іздеп барса, басқа жаққа ауыстырып жіберіпті. Содан бері қаншама жыл сұрау салып іздесе де табылмаған. Мұндай өзекті өртейтін трагедиялық жағдайлар қай қазақтың отбасында болмады дейсің?
1933 жылы 9 қаңтарда Халық Комиссарлары Кеңесі төреғасының орынбасары Ұзақбай Құлымбетов: «Ел ішінде қаңғыбас балалар көбейді. Олар аштықпен аурудан жаппай өліп жатыр» – деп Үкімет отырысында балалар үйлерін ашуға қосымша қаражат сұрайды. Осылайша елдің барлық аудан орталықтарында жетімдер үйлері ашылады. Сондай  балалар үйінің бірі Арал қаласындада ашылып, 200 орынға ұлғайтылған. «Темір жол бойында тамақ іздеп жүрген бейбақтардан көз сүрінеді. Олар топ-топ болып жолаушылар пойыздан лақтырған тамақ қалдықтарын теріп жеп, түнде от жағып суықтан қорғанып жүр. Қайыршы балалар адам көрсе қаша жөнеледі. Сүзек, тері ауруларына шалдыққан балалардың көптігі соншалық, олардың бәрін бірдей орналастыру мүмкін емес. Оның үстіне аштық әбден меңдеп өліп бара жатқан балаларын жетімдер үйінің табалдырығына тастап кететіндер де бар».
   Жетімханадағы балаларды төсек орын киіммен және тамақпен қамтамасыз ету мәселесі де мәз емес деп, Сексеуіл бекетінің жанындағы аштарға бөлінген жер төледе 142 адам паналап отыр деген  ОГПУ комиссарының өздерінің жазған мәліметтері көрсетілген.
Дегенмен,  «өзен  жағалағанның  өзегі  талмас»  дегендей,  толқып  жатқан  теңіз  бен  дария,  көлдер  суынан  сүзілген  балық  пен  қиқулаған  құстар  Арал  өңірінің  халқына  басқа  жерлерге  қарағанда аса көп зардап шектіре қоймаған  еді. Тарихқа көз жіберсек, сонау 1921 жылы Поволжьеде аштықтан қырылғалы жатқан 1 миллион баланың жағдайын айтып хат жазған Лениннің өтінішіне де Аралдың халқы қайырымдылық көрсетіп, 14 вагон балық жіберіп көмек қолын созбап па еді? Сол сияқты 1932-1933  жылдары да  қыр  беттегі  ашаршылық  зардабын   қатты  тартып,  ауып  келген  ағайындарға  Сыр өңірі пана болды. Теңіз, өзен жағалауындағы  елді  мекендерге  басқа  ұлт өкілдері де жан сауғалап келгенде жергілікті  халық  оларға  жылыжай мен дәм-тұзын беріп, жатырқамай  қарсы  алып, өмірлеріне  араша  түскен.
«Жұт жеті ағайынды» дегендей, ашаршылық аз болғандай, 1932-нің зұлматы қазақ даласын жұқпалы аурулардың да басты ошағына айналдырды. Денсаулық сақтау саласының қауқарсыздығынан жүз мыңдаған адамдар, әсіресе жас балалар жұқпалы сүзектің, шешектің, қырқұлақтың құрбандығына шалынып, шетінен қырылып жатты. Мысалы, Т.Рысқұловтың «Сталинге жазған хатында» аштық салдарынан пайда болған ауру азабы мықтап тартқан елді мекендер қатарында Сексеуіл станциясы тұрғындарының ауыр жағдайлары аталып, оларға көрсетілген дәрігерлік көмектер жайлы деректер сақталған.
Аш  адамдарды  құтқару  жөнінде  жергілікті  билік  тарапынан  да  жұмыстар  жүргізіле  бастайды. Солақай  саясаттың салдарын жуып-шаю мақсатында 1932 жылдың 17 қыркүйегінен бастап қаңырап қалған көшпелі ауылдардың адамдары артельдермен тоздарға бірге біріктіріле бастайды. Үкімет тарапынан әр ауылда аштарға көмек комиссиялары құрылып, қосымша азық-түліктер таратыла бастайды. Осы  жайларды  өз  басынан  кешірген  Қыстау Қуатұлы ақсақалдың естелігінде Ақирек ауылдық Кеңесінде  болған  оқиғалар  былайша  баян  етіледі:
«Аш-жалаңаштарға  берілетін  көмекті  ұйымдастыру  үшін жер-жерде «продпомощь» деген  комиссиялар  жұмыс  істей  бастады.  Ауылдық  кеңесте  құрылған осындай комиссияға мен  де  мүше болғанмын. Оның  міндеті – осы  мақсатқа  азық-түлікті  сақтап, аш  адамдар  тізіміндегі  жас  балалар  мен  әйелдерге  күнделікті  таратып  беру. Ауылда ондай мұқтаждардың саны – 120 бала, 40 әйел, барлығы 160. Күніге  әйелге  400 гр. балаға  200 гр. нан  берілуге тиіс болды. Көмек  алатын  адамдардың  түрлері  қорқынышты, күн  сайын  ісініп  кеткен  ауру-сырқаулар  көбейе  түсуде. Оның  себебі берілетін түрі-үсіген  картоп, шіріген  капуста, ет мүлдем  берілмейді  екен. Айналада  ұры-қары да көп. Ауылдық  кеңес  төрағасы  «Осыдан  аштықтан  адам  өлсе,  бастарыңмен жауап  бересіңдер»  деп қорқытып қойған. Ал, аш  адамдардың  мына түрлері ұзамай өлім құшатынын білгеннен кейін амалсыз  батыл  әрекетке  баруға тура  келді. «Продпомощь» алатын жандардың денсаулығын тексеруге комиссия құрып, оған Бекбауыл станциясының  фельдшері Куликовты кіргіздік. Комиссия аштардың денсаулығы мен тамақ  жағдайын тексеріп, «Олардың  өмірлері  ұзаққа  бармайды, әрі  кетсе  5-6 күннен  кейін өле  бастайды»  деген қорытынды шығарып берді. Соның негізінде акт жасап  Ақтөбеге,  обкомға  жеделхат  жолдағанбыз. Соның  дүмпуі  болар, аудан  басшылығы  аяқ  астынан  дүрлігіп,  бір  сөткенің  ішінде  шұғыл  шаралар  қолдануға  мәжбүр  болды. Сол  күні-ақ  қамыс  зауытынан  2 ц. тары,1 ц  балық  босатылды, колхоздан 2 ц. жүгері, 1 ц. бидай, 2 бас қой  берілді. Осы  азық  түліктің  арқасында  ашыққан  бала-шағалардың  жағдайы  түзеліп  аман  алып  қалған  едік».
       Көз  көріп  құлақ  естімеген  тәркілеу  мен  ашаршылық  нәубатына  ұшырап   жерінен  бір,  малынан екі, жанынан  үш айырылған  халықтың ауа көшіп бас сауғалаудан  басқа  амалы қалмаған  еді. «Өзі үкіметтен қысым көрген, малы қауымдастырылып, колхоз құрылысына байланысты партияның саясатын да, бағытын да түсіне алмай дал болған қазақтар 1931 жылдың күзінен бастап республикадан тыс жерлерге жаппай қашып кетуге кірісті» деп атап көрсетеді тарихшылар. «Қужақ»  атанған  Қазақстан  басшысы  Голощекин  тұс-тұсқа  жөңкіле  босқан  ел-жұрттың  ауыр  ахуалын  көріп-біле  тұра: - «Қазақ  деген  әуелден-ақ  көшерін  жел, қонарын  сай  біліп көшіп жүретін  халық. Сондықтан да бұл  қазақ жерге орналасқысы, қала  болғысы  келмей  әдейі  дүрлігіп  жан-жаққа  көшіп  жатыр»  деген  пікірде  болған  көрінеді. Ата  жұртын  тастан   үдере  көшкен  Арал  ауданының  халқы  да  көршілес  Қарақалпақстан, Түркіменстанға еріксіз  көшуге  мәжбүр  болды. «Қарақұм көтерілісінен кейінгі ахуалды баян еткен ОГПУ жазбаларында «Арал ауданының №2 , 7, 8, 9 ауылдарынан 514 үйдің Қарақалпақстанға көшіп кеткені» жайлы мәліметтер келтіріледі. «Үгіттеушілердің айтуынша онда ешқандай науқан жоқ, жағдай бұрынғысынша өзгермеген». Тарихшы Т.Омарбековтың мәліметінде 1930-1931 жылдары Арал ауданындағы  2235  қожалықтан 11 262 жанның  Голощекиннің  жартылай  әскери  саясаты  салдарынан  қойша  ығып  үдере  көшкені  жайлы  деректерді  мысалға  келтіреді.  Алғашқы  кезде  қонақты  құт  деп  есептейтін  қарақалпақтар  да  қазақ  босқындарына  «кет»  деп  іргеден  қуа  қоймаған  көрінеді.  Қайта  арық  қазып, жер  шұқып, мақта  еккен  шаруашылықтар  сырттан  келген  қол  күшіне  аса  зәру  болып  та  отырған  еді.  Әсіресе  жеміс-жидек, басқа  да тауарлар тасымалдауда  түйе  керуенімен  барған  қазақтарды  пайдалануға  аса  құштар болады. Қазақтардың  малдарын  сатып  алып, солардың  есебінен  жағдайларын  түзеп  алған  қарақалпақтар  мемлекетке  ет, сүт, жүн   сатудың  2-3 жылдық  жоспарын  бірден  орындап  тастауға  қол  жеткізеді. Алайда, бара-бара қазақ босқындарының  жағдайлары  ауырлай түседі. Олардың  көпшілігі малдан мүлдем айырылады, жергілікті шолақ белсенді  қызметкерлердің  де  қазақтарға  жасаған  зорлық-зомбылығы  асқына  түседі.  «Ұрлық  жасады»  деген  жалған  айыппен  ұрып-соғып соттау, әділетсіз шарттарға келісуге мәжбүр  етіп, әйелдер мен қыздарды  тартып  алу  сияқты  фактілер  етек  ала  түседі.
         Осындай адам  төзгісіз ауыр жағдайлардан Қазақстан үкіметі де хабардар болып,  С.Меңдешов  басқарған  комиссия  шығарады. Комиссия қазақ  босқындарының  тізімін  алып, оларды кіндік  қаны  тамған жерлеріне қайтарудың шараларын іске асыруға кіріседі. Осы комиссияның  құжаттарында Қоңырат, Шымбай аудандарынан 3688 адамы бар 1096 шаруа  қожалығын  іздеп,  тауып  елге  қайтуға  көндіргені, одан  кейін  құрлықтағы  жолмен  257  шаруа  қожалығының 258  бас  жылқысы  мен  түйесі, 320  қой мен ешкінің айдап  келгені, ал, Арал  теңізі  арқылы  8000  адамнан  тұратын  2500  отбасының  параходтарға  тиеліп  қайтарылғаны  туралы мәліметтер берілген. Арал  аудандық  атқару  комитетінің іс-қағаздарында босқын қазақтарды елге қайтару  жолындағы  кездескен  қиыншылықтар  да  сөз  болады. Соның  бірінде  пароход  шаруашылығы  қызметкерлерінің  аштықтан  әбден  әлсіреген  босқындарға  жанашырлық  танытып, жағдай  жасаудан  бас  тартқаны, айлақ  басшысы Жиров  деген оспадарсыздың:- «босқын  қазақтарды  тасығаннан  мал  тасыған  жақсы, өйткені  оны  жеуге  болады, ал, қазақтарды  жей  алмайсың»  деп  шовинистік  дөрекі  пиғылдарын  көрсетіп, ашық  безбүйректік  танытқаны жайлы деректер айтылады. Осылайша ауа көшкен Арал қазақтарының көпшілігі туған жеріне қайтарылған. Дегенмен, түрлі себептермен олардың сол өңірлерде тұрақтап қалғандары да болған. Осы күнгі Қарақалпақ республикасы халқының үлкен шоғырын құрап отырған қазақтар сол жылдарда Арал, Қазалы өңірлерінен тағдыр теперішіне ұшырап, ауа көшкендердің ұрпақтары болуы керек.
Осынау ел басына ауыр күн туған сәттерде қазақ халқының жоғын жоқтап, сөзін сөйлейтін ел азаматтары да болған. Мысалы, белгілі мемлекет және қоғам қайраткері Т.Рысқұлов өзінің «Сталинге хатын» жазып, халықтың ашыршылықпен босқынға ұшырап қырылып жатқандығын, Голощекиннің содырлық қиянатын айтып дабыл қақты. Осындай абзал азаматтардың бірі 1933 жылы Арал аудандық партия комитетінің бірінші секретары болып қызмет атқарған Мүташ Дәулетқалиев еді. Ол 1930 жылдардың басындағы ашаршылықтаң қазақ халқына әкелген зардабын жеңілдету үшін тәуекелге бел буып батыл әрекетке барып, Ғ.Мүсіреповтың бастауымен Сталинге жазылған әйгілі «Бесеудің хатының» авторларының бірі. Ақыры елдегі билікті асыра пайдаланушылық, шаруалардың кісі төзгісіз жағдайы, аштық пен жалаңаштықтың белең алғаны Сталиндік басшылықты да бей-жай қалдыра алмады. Нәтижесінде Сталин мен оның төңірегіндегілер 1933 жылдың қаңтарында Голощекинді қызметінен босатып, оның орнына Л.И.Мирзоянды жіберуге мәжбүр болды.
 Ұлы нәубат жылдары – орны толмас апатқа ұшыраған тұтас бір халықтың тарихындағы азалы ақиқаты. Мұны кейінгі ұрпақ ұмыт қалдыруы тиіс емес.  Өйткені Елбасымыз Н.Назарбаев «1932-1933 жылдардағы ашаршылық құрбандарына ескерткіш» монументінің ашылу рәсіміндегі сөзінде айтқандай,  «Бұл біріншіден, ашаршылықта құрбан болған миллиондардың рухына бүгінгі буыннан тағзым. Екіншіден, келер ұрпақ ата-бабаларының қандай қасіреттерді бастан өткергенін біліп жүруіне қажет тағылым» болмақ. Өйткені тарихтан қажетті тәлім алу – болашақты көркейту, өркениетті елге айналу үшін қажет.

ҮРГЕНІШБАЙ  ҚУАТ
Білім беру саласының ардагері, өлкетанушы
Арал ауданы
13 мамыр 2021 ж. 2 297 0