Зұлмат жылдар зобалаңы
Әр халық тарихтан өзінің орнын алады. Ал ХХ ғасыр сабағы бойынша біздің халықтың тағдыры көбіне қайғылы болды.
Бірінші ұлттық табиғи қалыптасқан даму үрдісі бұзылып, қоғамдық құрылыстың бөтен үлгісі тықпаланды. Екінші ұлтқа өте сорақы демографиялық соққы берді. Сол соққының дүмпуі ғасыр бойы білініп келеді. Қазақ тілі мен әдебиеті тіпті жоқ болып кетуге қарады. Ал Қазақстанның территориясының көптеген аймағы экологиядан зардап шеккен аймаққа айналды. Әрине тарихта тек қана ақ немесе қара түс болмайды. ХХ ғасыр Қазақстанға біраз оңды жаңалықтар әкелді.
Индустрияландыру, әлеуметтік және өндірістік құрылымдар, жаңа интеллигенцияның қалыптасуы дегендей. Дегенмен бұның барлығы ұлтты жаңғырту емес, территорияны жаңғырту еді.
Бүгіндері өткенімізге қарап терең үңіліп, жаңаша ойлап, тарихи фактілерді түсіну үшін қоғамдық сананы өзгерту қажеттілігі туындайды. Сол кездегі ұлттың ұлылары еркіндік, тәуелсіздік идеясы үшін өз көзқарастары туралы соңына дейін күресіп, біздің бүгінгі өміріміз үшін қаншасы қазаға ұшырады. Ұзақ уақыт бойы бұл шындық бізден жасырылып келді. Бүгінгі күні шындықтың беті ашылды, тарихтың сол бір қорқынышты беттері қайталанбау үшін ойланатын қоғамдық сананы өзгертетін кез келді.
Репрессия тақырыбы қазақ халқы және басқа халықтар үшін де өте ауыр, оның ішінде ашаршылық он есе. Қазақ халқының тарихын зерттей отырып, Кеңес үкіметі ХХ ғасырдың басында қазақтарға екі дүркін этникалық соққы бергені анықталды. Әдейі мақсатты түрде жүргізілген саясаттың салдарынан 10 жылда 70 пайыз қазақ қырылған. 1921-1922 және 1930 жылғы қолдан жасалған қырғын қазақ тарихына "Ұлы жұт" болып енді. Барлық колонизаторлық елдер сияқты, Кеңес үкіметі ірі этностардың бас көтеретін сауатты тұлғаларын құртумен қоса жүргізілді. ХХ ғасырдың 20 жылдары татарларды басқаннан кейін, сол кездегі ірі этностар украина мен қазақтарды қуғындау саясатын бастады. Сол кезде қазақтар жер көлемі жағынан да түркі тілдес халықтардың ішіндегі ең көп ұлт еді. Қазақтардың саны Кеңес Одағына кіретін Орта Азия республикалары халқының 60 пайызын құрайтын еді.
Өзбек, қырғыз, тәжік, түрікмен халқының жалпы санынан көп еді. Сол кездегі Кеңес үкіметі басшылары қазақтарды білімді адамдары көп, бейімделгіш, тез жұмылдырылады деп өте қатты қорықты.
Ленин діні және дүниеге көзқарасы бөлек Сібірге дейінгі татар, башқұрт, түркі тілдес халықтан соншалықты сескенгендіктен, ерекше шара көру керек деп шешкен. "Продразветки" деген әдіспен большевиктер халықтың барлық малын сыпырып алған, қарсы келгендерін түгелдей әйел-баласына қарамай түгел ауылын атып отырған. Кейбірі шет елге қашып кеткен, үлгіре алмағаны аштықтан қырылған.
1921-1922 жылдары 4,2 миллион халықтың 1,2 миллионы аштан өлді. 1930 жылдары күшпен ұжымдастыру саясатымен шаруалардың қолда бар қалған малын тағы тартып алып, қазақтар басқа халыққа қарағанда тағы бір аштықтың зардабын шекті. Халықтың дүние-мүлкі, құрал-сайманына дейін милицияның айдауымен алып, адамдар талшықсыз қалып, аштан өлген.
1933 жылы 40 миллилон малдың оннан бірі ғана қалған. Аштықтан, жұқпалы аурудан және күйі жоқтықтан табиғи өлім де көп болғандықтан, қазақтар 2 млн 400 мың адамынан айырылған. Бұл сол кездегі қазақтардың 49 пайызы еді. Көптеген отбасы басқа республикаларға көшуге тырысты. Қолға түскендері репрессияға ұшырады, шекараны жапты. 1931 жыл Қазақстаннан 300 мың шаруа көшкен. Олардың көбісі Қытай, Иран және Ауғанстанға көшкен. Жалпы, ашаршылық кезінде республикадан 1,3 млн адам көшкен, оның 630 мыңы қайтып оралмаған. 1930 жылғы аштық Қазақстанның тарихында болмаған шығын мен қаза әкелді. Сол кездері КСРО-ның көшпелі және жартылай көшпелі категориясына жататын Қырғызстанда, Бурятияда, Тувада, Якутияда, Қалмақ республикасында, тіпті Солтүстіктегі бұғы өсіретін шаруашылықтардың бірде-біреуінде ашаршылықтан адам өлімі тіркелмеген. Жылына 40-42 млн пұт астық өткізуге мәжбүрлеп, тіршілік көздері малдарын тәркілеп, жастарын жалақысыз қара жұмысқа жегіп, озық ойлы ұлты үшін жанын пида еткен Алаш азаматтарын репрессияға ұшыратып, қазақ халқы үшін зұлмат заман орнатты. Кейбір деректер бойынша 1930-1931 жылдары Арал ауданына Қарақалпақстан арқылы Шынбай, Қоңырат, Өзбекстанның аудандарына 2500-дей шаруа қожалығы, 15000 адам ауып кеткен. Архив деректері бойынша қазақтың саны 1913 жылы 6 млн болған. Ал 1963-1964 жылдары 2,5 млн болды. Кеңес саясатының жүргізуімен халықтың өлімі СССР бойынша ең жоғары болған. Қазақстанға түрлі себеппен орыс және өзге ұлт өкілдерін тұрақты түрде әкеліп отырған. Осының себебінен өз республикасында қазақтың этникалық саны басқа ұлттарға қарағанда аз болды. Тек қана 1991 жылы теңестік. Онда да басқа елден көп келген қандастарымыздың есебінен.
1920 жылдың соңында НКВД Қазақстанда және Кеңес Одағында кең көлемде репрессиялық қызметін бастады. 1928 жылы «Алаш орданың» қайраткерлерін аса білімді интеллигенцияның ең алдыңғы қатардағы азаматтарын, ұлттың бетке ұстарын қудалап, қамай бастады. Сталинге Қазақстандағы жаппай аштық туралы белгілі бесеудің хатынан кейін жаппай қамау, қатал репрессия бұрынғыдан да зор көлемде жаппай етек алды. Көрнекті ғалымдар, партия, мемлекеттік және қоғам қайраткерлерін қамауды бастады.
Бірінші қазақтан шыққан ғалым Әлімхан Ерпеков, дәрігер, ұстаз ғалым, қоғам өмірінің сан-салалы мәселелеріне араласқан көп қырлы дарын иесі, саяси және қоғам қайраткері Халел Досмұхамбетов қамалды. 1937-1938 жылдары репрессия тіпті кең етек алды.
Әлихан Бөкейханов, Ораз Жандосов, Тұрар Рысқұлов, Әбілхайыр Досов, Нұрғали Нұрсейтов, Жанайдар Садуақасов, Нұғмет Нұрмақов, Ізмұхан Кұрамысов, Абдулла Розабакиев, Мағази Масанчи, Санжар Асфендияров ұсталды.
"Ұлтшылдық және шпиондық әрекеті үшін" деген жалған айыппен Сәкен Сейфуллин, Ілияс Жансүгіров, Мағжан Жұмабаев, Ахмет Байтұрсынов, Құдайберген Жұбанов, Бейімбет Майлин, Жүсіпбек Аймауытов, тағы басқалар Алматының түрмесінде зор азап көрсетті.
1940 жылдың соңында, 50 жылдың басында осындай әділетсіз саясаттың әсерінен көрнекті ғалым, қоғам қайраткерлері Ахмет Жұбанов, Қажым Жұмалиев, Бекжан Сүлейменов, ҚССР ғылым академиясының президенті Қаныш Сәтбаев, ұлы жазушы-ғалым Мұхтар Әуезов, ҚМУ ректоры Төлеген Тәнібаев осындай қысымға ұшырап, бірқатары елден кетуге мәжбүр болды. Көптеген Одаққа белгілі ғалым-биологтар, медиктер, геологтар космополитизимге қатысты деген теңеумен ғылыми қызметтерден, жоғарғы оқу орындарынан қуылды. Сол кезде жауларды барлық жерден шахтадан, зауыттан, темір жолдан іздеген. Қырағы НКВД Қазақстаннан 183 астыртын жау ұжым тапқан. Олардың әрқайсысында 3 тен 720 дейін агент болған. Жалпы, 1920 жылдан 1953 жылға дейін 110 мың шамасындағы адам саяси репрессияға ұшыраған. Оның ішінде 25 мың адам ең қатал ату жазасына кесілген. Қазақстанның 18 пайыз партия ұйымы "халық жауы" деп танылған.
Біздің азғантай халқы бар республика үшін мұндай жалпы қуғын-сүргін демографиямыз бен интеллектуалды потенциалымыз үшін соншалықты түзетілместей зиян келтірді. Сол кезде Қазақстанның барлық ұлттық либералды интеллигенциясы түгелдей жойылды деуге болады. Репрессияның ең адамдық қасиеттен тысқары механизмінің бірі – сотталғандарды, еңбекпен түзету лагерьлерінде ұстап, ауыр жұмысқа салып жазалау әдісі болды.
1929 жылы мемлекеттің ішіндегі мемлекет аталған Гулаг құрылып, 1960 жылға дейін қызметін жүргізді. Әртүрлі деректер бойынша 1929 жылдан 1953 жылға дейін Гулагтан 14 млн адам өткен, 6-7 млн шамасында жер аударылған. Репрессия жылдары Қазақстан кең көлемдегі лагерьге, былайынша қарағанда түрмеге айналды. Қазақстан аймағында Гулагтың 11 лагері құрылды. Алжир, Карлаг, Дальный, Степной, Песчаный, Камышлаг, Актюбинск, Жезказганлаг, Петропавловск, Лагерь, Кинчир және Усть-Каменогорск. Адамдарды мал тиейтін вагонға тиеп, аяқтарымен тік тұрғызып, барғанша жағдайсыздықтан және санитарлық жағдайдың жоқтығынан өледі деген есеппен тасыған. Өлген адамдармен араласып баратын жеріне дейін адам төзгісіз жағдайдан көбі қырылған.
Гулагтың ең үлкен Карлаг, Степлаг, Алжирде 5 миллионға дейін адам болған. «Мемориал» құқықтық қорғау ұйымының деректері бойынша СССР-да 11 млн-нан 39 млн-ға дейін адам репрессиядан зардап шеккен дейді. Оның 1 млн-нан астамы атылған. Қазақстандағы лагерьлер тікелей Мәскеуге Гулагқа қарады, жергілікті партия және Кеңес органдары олардың қызметіне ешқандай араласа алмайтын. Қарағандыдағы лагерь барлық лагерьдің үлкені болған. 1931 жылы құрылған оның территориясы 2 млн гектар болған, орталығы пос.Долина. Қамалғандардың саны әр жылдары 65-75 мыңдай болған. 1940-1950 жылдар аралығында тек қана осы лагерьде 10000-дай адам өлген. Карлагта Кеңес заманының аса көрнекті өкілі Лев Гумилев, Анатолий Марченко, Мария Калниет, Давид Выгодский, Владимир Михайлов және қазақтың талантты ғалым-инженері Жармұхамбет Төленов. тағы басқа адамдар қамалған.
Карлагтың филиалы Алжирде (Ақмола халық жауларының жұбайлары лагері) 1938 жылдан 1953 жылға дейін 20000-дай адам қамалды. Олардың ішінде 1 жастан 3 жасқа дейін бала да болған. Бұл лагерьде Мәскеуден, Ленинградтан, Украинадан, Грузиядан, Армениядан және Орта Азия республикаларынан әкелінген әйелдері де қамалды.
Лагерьдегі жағдай адам төзгісіз,төсеніштері көбінде шөп болды. Ұлтын айтуға, фамилиясын айтуға тыйым салынды. Олар тек "халық жауы", "Отанды сатқандар" деп аталды.
Алжирде Азиза Рыскұлова, Күнжамал Майлина, Дәмеш Жүргенова, Загфи Тналина, Фатима Османова, Бибіжамал Сырғабекова, Гуляндам Ходжанова, Анна Каган, Елизавета Садуақасова, тағы басқа көптеген адам болды. Осылармен осы тозақтың ащы дәмін Лидия Русланова, Рахиль Плисецкая, Маршал Тухачевскийдің қарындастары Бухарин мен Блохердің әйелдері, Болат Окуджаваның шешесі, тағы басқа республикадан келгендер де көрген.
Жалпы, зұлмат заманнан зардап шекпеген бірді-бір елде мекен жоқ десек болады. 1932 жылғы мұражайдағы деректер бойынша Арал ауданына 4294 адам жер аударылған. Оның ішінде Бөгенге – 60, Қаратереңге – 73, Ұзынқайырға – 97, Көкаралға – 511, Ауанға-345, Құландыға – 612, Возрождениеге – 388, Қуаңдарияға – 176, Ұялыға – 103, Арал қаласына 1227, тағы басқа елді мекендерге орналастырған. Тіпті теңіз ортасындағы Көкарал елді мекенінен орта шаруа Тілесұлы Иса деген әкемізді екі рет ұстап, ақыры сүйегінің қайда қалғаны белгісіз. Тәубе артында ұрпағы қалды. Исаев Егізбай, Амандық ағаларымыз "халық жауының баласы" деген Кеңес үкіметі кезінде қабылетіне сай қызмет жасай алмай өмірден өтті.
Қазақ әдебиетінің көрнекті өкілі «Мың бала» киносының сценариіне негіз қылған «Сартай батыр» дастанының т.б. жырдың авторы Нұрмағамбет Қосжановта екі рет ұсталып атылып кетті. Ол 1887 жылы Көкарал елді мекенінде дүниеге келген. Жұқпалы аурудан ата-анасы өліп жетім қалады. Қайырымды ағайындардың көмегімен Сексеуіл станциясына жетіп сондағы үш сыныпты орыс мектебін бітіреді. 1923 жылы Орынбордан үш айлық бухгалтерлік курсты бітіріп депода бухгалтер, Сексеуіл ауылдық кеңесінде хатшы болып қызмет істейді. 1930 жылы байлардың малын тәркілеу кезінде «малды тізімге кем тіркеді» деген айып тағылып, жазықсыз бес жылға сотталады. Ол кісі өте зерделі, жан-жақты, орыс тілін жақсы білген сауатты адам болған. Халық емшілігімен де айналысқан. Бір күні түрме бастығының тамағына кеткен балық сүйегін дәрігерлер еш амал таппай жатқанда қазақы әдіспен алып, өзі еркін жүріп түрмедегі қазақтарға көмегін тигізген. Ол түрмеде «Ер тарықпай молықпас» өлеңдер шумағын, "Ибраһим пайғамбар" туралы, "Сартай батыр", "Нәректің ұлы Шора", тағы басқа шығармаларын шығара алмай, айта алмай өмірден озды. Сол кезде бұл шығармаларды айту түгІл, атын атау мүмкін емес еді. Осы себепті бірер жарымы болмаса, көптеген еңбектері жойылып кеткен. Бұдан басқада мұндай мысалдарды тек қана біздің елдің өзінен жүздеп келтіруге болады. Біз бүгінгі бақытты өмірге оп оңай жеткен жоқпыз. Ақындар жырлағандай қазақ халқы мың өліп, мың тіріліп жетті. Құдайға тәубе, Егемендігіміздің арқасында жоғымызды жоқтап, ұлыларымызды ұлықтап атап өтіп отырмыз. Сондықтан Ұлы жаратушымыздан Егемендігіміз, еркіндігіміз ұзағынан болсын. Ұрпақтарымыз мұндай зұлмат заманды естімесін, халқымыз аман, еліміз тиыш болсын деп тілейік. Әрқайсысымыз қазақ халқының «Мәңгілік ел» болуы үшін, қоғамдық санамызды жаңғыртып, ұрпақтарымыздың бейбіт, бақытты өмір сүруі үшін әрекететіп атсалысайық, адал еңбек етейік, ауызбіршілігіміздІ сақтайық демекпін.
Қ.ЕРДІҚАЛЫҚОВ,
Арал ауданының құрметті азаматы