Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Сөнбес жарық қалдырған

Сөнбес жарық қалдырған

Біздің заманның адамдарының көрмеген құқайы жоқ. Сол заманды ойласам, азапты жылдар, ауыр кездердің елесі еңсемді басып, осы күнге қалай жеткенбіз деп таңғаламын.
Сондай тағдырдың салдауырын сүйреткен анам Фариза бір адамның белі шыдас бермейтін тіршілік салмағын көтеріп, жетпіс төрт жыл ғұмыр кешіп, қайтыс болды.
 Анам 1920 жылы Арал ауданының Бөген ауылында Шерман мақсым аталып кеткен Шермағанбет Байжан баласының отбасында дүниеге келген. Нағашы атамыз Октябрь төңкерісіне дейін Ауғанстанға, Бұхарадағы Көкілташ медресесіне барып діни білім алған. 1925 жылдан кейін туған топырағына оралып, «Қосуақ» елді мекенінен мешіт салдырған тақуа кісі екен. Ауыл балаларын имандылыққа тәрбиелеп, дін оқуына үйреткен. Кеңес өкіметі 1928-ші жылдан бастап, байды тәркілеп, молданы қуып, оқығанды оққа байлап, елдің ойранын шығарған. Осы нәубетте 1931 жылы Шерман мақсым да «халық жауы» атанып, бес жылға сотталып, Қызылорда түрмесіне қамалған. Жазасын өтеп шыққан соң «елді ескілікке үндеуші», «зиянды элемент» деп 1937 жылы екінші рет қамауға алынып, он жылға кесілген. Сібірге еңбек түзету лагеріне айдалып, сол сапардан қайта оралмаған.
Нағашы әжем Қатира Тұрмағанбетқызы – Фариза, Разия, Низамадин, Нұртуған есімді екі қыз, екі ұл баламен ердің жүгін арқалап қала берген. Шаңырақтың үлкені менің анам Фариза сол кезде он алты жасқа енді шыққан бойжеткен екен. Қамкөңіл анасы мен бауырларына бас-көз болып, жастайынан үлкендердің міндетін атқарған анам ерте есейген. Азаннан қара кешке дейін қара жұмыстан қол үзбей, бел жазбай ізіне ерген інілері мен сіңлісін тіктеп, қатарға қосқан. Өзі оқымаса да кенже інісі Нұртуғанның Ташкент қаласына барып, жоғары білім алуына қолғабысын тигізген. Ол кездің қиындығын сөзбен айтып жеткізу мүмкін бе, «апатай, қолыңдағы күлшеңді берші, көйлегімді шешіп берейін» дегенді де көзіміз көрді деуші еді, анамыз.
Анам Бөген балық зауытында ау тоқушы болып еңбек еткен. Кеме капитаны болып қызмет істейтін Әбдіразақпен бас қосып, 1951 жылы мен дүние есігін ашқанда әкем қайтыс болыпты. Арқасүйерінен айырылған анам бізді нағашымыздың үйіне тастап, өзі егін егу, қамыс ору секілді жұмыстардың бейнетін кешкен.
Сол кездері кез келген отбасының түтіні түзу ұшпаған. Бір үйдің қабырғасы қайырылып, бір үйдің діңгегі құлаған, қызығы кетіп, қайғысы қалған ауыл іші әлі кешегідей көз алдымда. Рәзия апа да асыраушысынан айырылып, балалары шетіней берген соң, апасы Фариза өз қолына алған. Не деген бауырмалдық, сол кезде біздің үй де қолы аузына жетпей отырған қу шаңырақ еді. Сонымен бірген анам намысшыл да болған, бір-екі жыл Рәзия апамыз бізбен бірге болған соң, жұрт «Шерман мақсымның екі қызы бір үйде отыр демесін» деп ол кісінің тұрмысқа шығуына тілектестік танытқан. Содан соң апамыз Ауан балық зауытында жұмыс істейтін Салы деген кісімен бас қосқан. Сол кезде анам апамның Орақ деген үш жасар баласын алып қалып, өзі бақты. Кейін баласын сағынып жүрген шығар деп қайтадын қолына апарып берді. Сонда апам екеуміз қиыр шеттегі Ауанға ащы түтіні қолқаны қапқан кемеге мініп барғанымыз есімде. Анам сондай мейірімді кісі еді.  Көкірегі ояу, көзі ашық жан, тік сөйлейтін, сондықтан ба, жұрт «Тентек апа» дейтін. Мен анамның тынбай жұмыс істегенін көрдім. Ол кісі тек ау тоқыған жоқ, қамыс орды, баулады, әйтеуір шыжыған күнде қалың қамзолын шешпей, басына жаулығын бүркеніп кете беретін. Ау тоқу да қолынан келген адам істейтін кәсіп. Сол жұмыспен күндіз-түні тыным таппай айналысатын. Аудың да әртүрі болады, шабаққа шақталғаны, үлкен балыққа арналғаны деген сияқты. Честнаков деген орыс ылғи анамның тоқыған ауын келіп алып кететін. Соған қарағанда анамның тоқыған ауы мықты, сапалы болса керек. Ау тоқушылардың көбі анамнан келіп үйренетін.
1961 жылы мен он жастамын. «Тұщы» деген көлге өзі құралпы балалармен құс атамыз кеткен ағам Қыдырбайды жолдастарының бірі байқамай мылтықпен атып алады. Оқ аяқтан тиіпті, балалар киімін жыртып байласа да, қан тоқтамапты. Жұмыс басында жүрген анамыз екі өкпесін қолына алып барғанда қайықтың іші қан толып, баласы ыңыранып жатыр екен. Осы сұмдық көріністі көзімен көрген анамыздың жаны қандай сірі еді. Ол кезде укол салып, қан тоқтататын медицина қайда. Ағамды түйеге мінгізіп, төрт-бес шақырымдық жердегі ауылға, одан әрі аудан орталығына апарып, сол әуремен жүргенде көп қан жоғалтып қайтыс болған. Бұл бүкіл ауылдың жанын ауыртқан зарлы оқиға болды. Сөйтіп, елгезек, алғыр, оқуда озат, қатарының алды болып ержетіп келе жатқан бауырым қапияда мерт болды. Желкілдеген көк құрақтай он төрт жасар баласынан айырылу анасы үшін қандай қасірет әкелгенін сол ананың өзі ғана айта алатын шығар. Қазақ қайғының ең ауыры бауыр еті баласынан айырылу екенін «атамдатсаң атамдат, ботамдатпа» деген сөзімен бейнелеген.
Ағам қайтыс болғанда анам түнімен ұйықтамай «Тәтешім-ау» деп жоқтау айтып отыратын.Ұйықтамаған күйі ерте тұрып жұмысына кететін. Сол зарлы, мұңлы сөздер әлі күнге құлағымда тұр. «Ағаңды тәттім деп Тәтеш дедім, сені кіттайым деп Кітәш дедім» деуші еді анам. 
Біздің үйде бір ботасы өлген қоспақ түйе болатын. Анам өрістен аңырап келген қоспақтың алдына ботасының тұлыбын тастап, «сен де айырылдың ботаңнан, мен де айырылдым ботамнан» деп зарлы әнге салып отырып сауатын. Сонда жануар тұлыпқа исіне ме, анамның сөзін түсіне ме, көзінен домалақ-домалақ жас төгіп, тырп етпей тұрушы еді. Анамның осы күйзелген күйін көрген нағашы әжем Қатира біздің үйге Айтуған деген немересін берді. Анам осыдан кейін сәл-пәл жұбанғандай болып көрінді, бірақ, өз баласына деген өкініші мен сағынышын мәңгілікке бірге ала кеткені анық.
Мен бойжетіп, Қызылордадағы №69 училищеде тігіншілік оқуын оқыдым. Одан ауылға барып, тігін шеберханасында жұмыс істедім. 1974 жылы Қызылордаға қайта келіп, трикотаж фабрикасына тігінші болып орналастым. 1976 жылы анамды інісі Нұртуған осы қалаға көшіріп әкелді. Қаланың «Шанхай» ауданынан бір үйді сатып алып берді. Енді анам, інім үшеуміз бірге тұрдық. Мен тұрмысқа шыққан соң да анам қолымызда болды. Бес уақыт намазын қаза қылмай, оразасын ұстап менің бес баламның әжесі болып, мейірімін төкті. Өзі баланың азабын тартқан соң тілеуімізді тілеп, керегемнің кеңейгенін қалап, батасын қайырып отыратын. Сол тілеуі шығар, егіз балалы болғанымды да көрді, етек-жеңімізді жиып, елден кем болмай өсіп-өндік.
Алайда, менің кеудеме шемен болып қатқан бір нәрсе, белшеден бейнет көрген қайран анамның қайғысының бір сейілмей-ақ өмірден озғаны. Кейде балаларымызға дауыс көтеріп, жөнге салмақ болсақ, «балам қолының жауырымен кетті, балаға ұрыспаңдар» деуші еді, жарықтық. Сонда өлген баласының белі қатпай жатпай жатып, ауыр жұмысқа жегіліп, жігіт боп жарқырап жүре алмағанын ойлайтын шығар. Сондай сәттерде алысқа көз тігіп, өзін ештеңемен жұбата алмай отырғандай көрінетін.
Перзент үшін күллі дүниенің асылы болған анамыз 1994 жылы мәңгілік мекеніне аттанды. Арулап қойып, Аллаға тапсырдық. Бізді жарық дүниеге әкелген, біздің бір үзім нанымыз үшін бір жапырақ жанын қинап, суықта пана, ыстықта сая іздемеген абзал жанның бір түнгі ақ сүтінің өтеуі болсын деп осы естелікті жаздым.
1921 жылы Кеңес өкіметінің көшбасшысы В.И.Лениннің Поволжье мен Ресейдің орталық аудандарындағы аштықтан зардап шеккен халыққа көмек көрсету жөнінде Арал балықшыларына үндеу-хат жолдап, көмек сұрағанын тарихтан білеміз. Осы әйгілі оқиғаға  биыл 100 жыл толып отыр.
Лениннің хатына байланысты Бөген балықшыларының белсенді еңбек етіп, Волга бойы халқына он төрт вагон балық жөнелткені белгілі. Сол кездегі күндіз-түні тынбаған балықшы жұмыскерлердің ішінде менің нағашы атам да болған. Кейін солар салған ізбен анам Фариза Шермағанбетқызы да еңбек етті.  Бөген балық зауытының тарихында менің анамның да қолтаңбасы қалған деп айта аламын. 1948 жылдан бастап Бөген балық зауытында, мемлекеттік балық аулау базасында жұмыс істеді деген еңбек кітапшасындағы белгілер – сол сөзімнің айғағы. Сонымен бірге анама берілген көптеген мақтау қағаздар мен «Еңбек ардагері» медалі оның өз кәсібіндегі озат маман болғанын білдіреді. Сондықтан Бөген балық зауытының елдің несібесін тереңнен терген балықшылары туралы айтылғанда менің анамның да аты ұмытылмаса екен, осы тілегім газет арқылы тиісті азаматтардың құлағына жетсе екен дедім.
Сұлу ӘБДІРАЗАҚҚЫЗЫ,
еңбек ардагері,
Қызылорда қаласының тұрғыны
15 маусым 2021 ж. 2 880 0