Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Биік белестерді бағындырған жыл

Биік белестерді бағындырған жыл

2018 жыл. Бұл жыл еліміздің жүрегі Астананың 20 жылдығымен ерекшеленді. Жаңа жыл жаңалығы –Қазақстан 1 қаңтардан бастап БҰҰ-ның Қауіпсіздік Кеңесіне төрағалық етті. Жылдың шежіресіндегі тағы бір үлкен оқиға – Оңтүстік Кореяның Пхенчан қаласында өткен ХХІІІ Қысқы Олимпиада ойындары.
         Еліміздегідей Сыр өңірінде, оның ішінде теңіз төскейіндегі Арал ауданына негізгі капиталға тартылған инвестиция көлемі 6,251 млн теңгені құрады, сондай-ақ (қаңтар-тамыз айларында)10958 шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Салық пен басқа да түсім түрлерінің болжамының орындалуы 2264,1 млн теңгеге жетіп, 114 пайыз құрады. Айдынды өңірде өндіріске де, балық пен мал шаруашылығына, туризмге де мүмкіндік мол. Осы тиімділікті оңтайлы пайдалану мақсатында жүйелі жұмыстар жүргізілді. Теңіз төскейіндегі жұрттың әлеуметтік мәселесі үнемі назарда болды.
         Индустриялық-инновациялық даму бойынша өңірлік кәсіпкерлікті қолдау картасына ауданнан 1,8 млрд теңгенің 4 жобасы енгізілді. Шағын және орта бизнесті дамыту бағытында "Бизнестің жол картасы –2020" бағдарламасы бойынша пайыздық мөлшерлемелерін субсидиялау бойынша жалпы құны 309,9 млн теңге болатын 9 жоба қаржыландырылса, құны 60 млн теңгені құрайтын 2 жобаға кепілдендіру іске асырылды. Сонымен бірге Қамбаш көлінің жағасында туризмді дамыту бизнесін қолға алғандар үшін жақсы мүмкіндік болды. 2018 жылы 10 демалыс үйінің құрылысы салынып, 31 кәсіпкер 104 нысанда халыққа қызмет көрсетті.
         Ауданда жылдық қуаттылығы 18900 мың тоннадан астам 8 балық өңдеу зауыты жұмыс істейді. Жыл басынан бері ауданда 2274 мың тонна балық өңделіп, экспортқа 1456,197 тонна өнім шығарылды. Сонымен қатар құрылыс саласында барлығы 10 жобаны іске асыруға 4,5 млрд теңге қаржы қаралған. Арал қаласының 10 көшесіне ағымдағы жөндеу жұмыстары және ауылдарға апаратын тас жолды жөндеумен бірге жарықтандыру жұмыстары да жүргізілді.  
         Білім саласын цифрландыру бағытында жас ұрпаққа сапалы білім беру мақсатында білім ұйымдарының материалдық-техникалық базасын нығайтуға жүйелі жұмыстар жүргізілді. Сонымен бірге денсаулық сақтау, мәдениет саласында да ауқымды жұмыстар атқарылды. Салауатты өмір салтын қалыптастыруда аудан спортшылары біршама жетістіктерге қол жеткізді.   
         Арал ауданында экономикалық тұрақтылықты қамтамасыз ету бағытында, Елбасының Жолдауы аясында жаппай кәсіпкерлік дамыту, тұрақты жұмыс орындарын ашу, салық түсімдерін молайту, инвестиция тарту, оның ішінде бюджеттен тыс инвестицияны молайтуды аудан халқы негізгі міндет санады. Міне, аудан экономикасының өсіп-өркендеуі жолында алға қойған мақсат-міндеттерді орындауда  сол кездегі аудан әкімі Мұхтар Оразбаевтың үлесі зор болды.
К.Махсұтқызы
30 қараша 2021 ж. 7 775 0