Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Жат жердегі ерлік

Жат жердегі ерлік

Осыдан тура 30 жыл бұрын ТМД елдерінің 15 мамырда қабылданған «Ұжымдық қауіпсіздік туралы» халықаралық келісімшартына сәйкес Қазақстан бітімгерлік батальоны 1993-1999 жылдар аралығында Тәжік-Ауған шекарасын күзетуге жұмылдырылған болатын. Осы уақытта кезекті ауысым бойынша 20 құрама рота құралып, екі мыңнан астам жауынгер жат  жердің шебін қорғап, тәжік халқының тыныштығын сақтауға атсалысты. Солардың ішіндегі ерекше есте қалары – 1995 жылдын 7 сәуірінде Памир тауының Пшихавр шатқалында 6 сағатқа созылған қанды шайқас еді. Бұл  шайқаста орын алған қанды оқиға қалың қазақ елінің қабырғасын  қайыстырды. Қазақстан  Республикасының  ішкі әскер сапындағы аты әйгілі  арнаулы 7 ротаның жолбарыс жүректі 17 жауынгері ерлікпен қаза тауып, 33-і жараланды. Сол қаза болған 17 жауынгердің бірі, Арал қаласының тумасы, жерлесіміз – Жақсылық Жансүгіров.
Осы шайқастағы майдан алаңын өз көзімен көрген әскери бөлімнің басшысы, майор Ю.Василевский ішкі әскердің "ҚАЛҚАН және ЩИТ"  газетіндегі мақаласында «1995 жылғы 7 сәуірдегі Пшихавр шатқалындағы қанды шайқас еш ұмытылмайды. Олай болатын себебі, біздің жау жүректі  жігіттеріміз, қайсар сарбаздарымыз нағыз қиын сәтте жау қыспағында қас батырлықтың үлгісін танытты. Олар ел аманатын арқалап жат жерде, бөтен елде табан тірескен жаумен шайқаса отырып, кейінгі жастарға нағыз  батырлықтың үлгісін көрсетті», – деп жазған еді.
Осы қанды шайқаста қаза болған 7 ротаның 17 жауынгерінің ерлігін ел есінде қалдыру мақсатында төмендегідей кітаптар жарық көрді. 2009 жыл Ішкі әскердің ерлік  дәстүрі жөнінде Сәдуақас Жұбатовтың редакторлығымен «Дәстүрге адалдық», Қуаныш Қожахметовтің редакторлығымен «Ерлікке тағзым» кітаптарында жас жауынгерлердің жанкештілігі ашық жазылған. Ал 2019 жылы осы 17 боздаққа арналып «Қазбат» көркем фильмі түсіріліп, отандық телеарналарда көрсетілді. Оларға  арналып Астанадағы Отан қорғаушылар саябағындағы  «Отан –Ана» монументінің жанында ішкі әскерлердің 17 батыр жауынгерлерін еске алу аллеясы ашылды. Мұнан бөлек Тәжікстан астанасы Душанбе қаласының төріндегі «Халықтар достығы» саябағының ортасында Тәжік-Ауған шекарасын қорғауда қаза болған қазақстандық жауынгерлердің  рухына арналған монументтің мәрмәр тасына 17 боздақтың есімі қашап жазылған.
Жерлесіміз Жақсылық Жансүгіровтің ерлігі де елеусіз қалмады. Елбасының "Жауынгерлік ерлігі үшін", Ресей Федерациясы президентінің «За отличие в войнской службе» І степени, «За особые заслуги», «За службу  Таджико-Афганской границе», «Участнику локальных конфликтов», «10 лет миротворческих сил из республики Таджикстан», «ҚР ІІМ ішкі әскерлеріне 20 жыл» медальдарымен марапатталды. Елбасының қолдауымен  анасы  Ұлдай  Жансүгіроваға Қызылорда облысы әкімшілігі Қызылорда қаласынан  жаңадан салынған үйден пәтер берді. Аудан орталығындағы Отан  қорғаушыларға арналған ескерткіште Ауғанстан жауынгерлеріне арналған  мәрмәр тасқа есімі ойылып жазылды. Арал қаласы әкімшілігінің  қолдауымен  қаламыздың батысынан Жақсылық Әмірханұлы атына көше берілді.
«Ерлік – жан дүниенің ұлы қасиеті» дегендей, әскерлік анттарын ақырына дейін адалдықпен атқарып және сол жолда, жат жерде нағыз ерлікпен қаза тапқан қайран боздақтар-ай десеңші. Сендердің ерліктерің мәңгілікке өшпейді, өйткені өздеріңнен кейінгі жас буын жеткіншектер ерлік істерің өнеге қылып айта жүреді.
Жыл сайын 7 сәуірде ҚР-ның  ішкі әскерлер бөлімшелерінде 17 боздақты еске алу рәсімі өтеді. Соның дәлелі биыл да Шиелі ауданында үлкен салтанатты жиын болып, Жақсылық Жансүгіровтің анасы Ұлдай  апамызды шақыртып, батырдың анасы деп құрмет көрсетті. Марқұм Жақсылық «Қазбат бітімгер» медалімен марапатталып, анасына табысталды. Жауынгерлерге арнайы мұражай ашылған екен. Алайда Жақсылықтан басқа боздақтардың туған қала, аудандарында өздері білім  алған мектептеріне батырлардың есімдері берілсе, кейбірлеріне арнайы саябақтар ашылған екен.Біз де Жақсылық Жансүгіров білім алған қаладағы  №220 қазақ орта мектебіне батырдың есімі берілсе екен деген ойда қалдық.
Ерболат  МӘНДІБАЕВ
19 сәуір 2022 ж. 9 179 0