Бірлігі бекем елдің тәуелсіздігі баянды болмақ

Ел есінен өшпеген болар. Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесінің Қаулысына сәйкес 1993-1999 жылдар аралығында бұрынғы ішкі әскердің, қазіргі Ұлттық ұландық жедел мақсаттағы әскери бөлімдерінің офицерлері мен сарбаздары тәжік-ауған шебінде бітімгершілік міндетті атқарған болатын. Міне, сол кезде біз лаңкестердің түрлі әрекеттеріне куәгер болдық. Тіпті қарулы лаңкестердің шабуылынан елімізден барған 17 өрімдей жастың жасын ғұмыры ерте қиылғанын да жыл сайын қайғыра еске аламыз. Ол күндер санамыздан мүлде ұмытылмақ емес.
Міне, осындай өкініштің елімізде болмауын қанша тілесек те, өкінішке орай, бұл жолы да қаншама адам содырлардың адасқан оғынан қаза тауып, Отан алдындағы борышын өтіп жүрген жас жауынгерлер мен ішкі істер саласы қызметкерлерінің өлімімен аяқталды. Бұл бейбіт халықтың арасында арандатушылық тудырып, ел мүддесін естен шығарғандардың әрекеті. Олар қалай болса да жазасын алуы керек. Сонымен қатар қазақстандықтар арандатуға алданбай, барынша бірлікті бекем ұстаса, тәуелсіз Қазақстанның дамуы қарыштай түсеріне сенімдімін. Себебі бірлік бәрін жеңеріне талай рет көз жеткізгенбіз.
Асылжан ЖҰБАЛИЕВ,
тәжік-ауған соғысының ардагері