Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Мәңгілік тағзым

Мәңгілік тағзым

Екінші дүниежүзілік соғыстың соңғы снарядтары жарылғанына 77 жыл өтіпті. Аз уақыт емес. Алайда адамзат тарихындағы сұрапыл, қанды қырғын сойқанының іздері жүректерде әлі де жазылмас жара боп сыздатып жатыр. Сірә, бұл соғыстың жан мен тәнге түсірген дертінің емі болмайтын шығар. Майдангер ақын Сырбай Мәуленовтің «Соғыстан қайтқан солдаттар» атты өлеңінде:Көрдің бе оның әкесін,
Соғыстан қайтқан солдаттар? –дегеніндей, қаншама қара сирақтар қан майданнан оралмаған әкелерін күтіп жанарлары жасқа, көкіректері шерге толды. Әкесіз өскен сол бір жетім көңіл ұрпақ әлі де олардың жоғалмас рухын іздеп тауып, зияраттап тағзым жасауға, перзенттік соңғы парыздарын орындауды ниет етіп келеді.
Ардақты әкесі соғысқа аттанғанда қолды-аяқтай ғана бес жасар ұл, бүгінде 85 жастағы сақал-шашы бозғылт тартқан қарт Ермахан ағаның таяуда сонау Ресей жеріндегі Тверь облысының бір түкпіріндегі деревняға жүргелі жатқанын естідік. Іле хабарластық.
– Әкем Жұрмахан Ахметов 1910 жылы туған. «1 май» колхозының мүшесі екен. Бейбіт тірлік етіп жатқан. Соғыс өрті бұрқ еткен 1941 жылдың күзінде әскерге алынып, Қазалыдан аттанған. Атақты 101 ұлттық атқыштар бригадасының құрамына алынған. Майданға старшина шенінде кірген. Бұл қазақстандық бригада 1941 жылдың соңында Оңтүстік-Орал әскери округінде, Ақтөбе қаласында негізінен қазақтардан іріктеліп, 1942 жылдың қаңтарынан тамызға дейін 8 ай бойы дайындықтан өтеді. Ауыл-ауылдан келген жас жігіттер қару атуды үйреніп, соғыс жағдайына сақадай сай болады. Сол жылдың 19 шілдесінде атышулы қолбасшы, Кеңес Одағының маршалы К.Е.Ворошилов арнайы келіп, полигондағы әскердің дайындықтарын көреді және қай жағынан да қанағаттанарлық деп баға береді. Сөйтіп Жоғары Ставканың шешімімен қиян-кескі ұрыстар жүріп жатқан Калинин майданындағы 39-армияның құрамына эшелондармен жеткізіледі. Бригада 26 қарашада алғашқы бетпе-бет ұрысқа кіріседі.
Есімді біліп қалған жұдырықтай баламын. Әкем Жұрмаханның майданнан хат жазып тұрғанын білемін. Бастан-аяқ өлеңдетіп ұзақ қып жазатын. Аналарым көзіне жас алып «қу, соғыс-ай» деп күрсініп қойып отыратын. Соның ішінде:
Ермахан, Шамшагүлмен қос қанатым,
Біреулер «тәйт» деп айтса жасқанарсың.
Қартайғанда бағып қалған Раш апам,
Уайымдап өз баласын жасымасын,– деген мұңды жолдар әлі күнге жадымда жаттаулы. Менен кейінгі екі жасар Шамшагүл қызын сағынғаны ақиқат. Қайтып оралып туған жерге табаны тимейтінін іштей сезгендей екі бөбегінің жайы жанын жай тапқызбаған сыңайлы. Біздің жетімдік көретініміз бен қария анасының халіне мұңайыпты, уайым шегіпті.
Сол жылдың аяғында отбасымыздағы жоқтаумен зарлатып үшбұрышты «қара қағаз келді.
Арада қаншама жылдар өтті. Жауынгер әке бейнесі ешқашан естен кетпеді. Бертініректе хаттар жолдап іздестірдік. Ақыры 2017 жылы жер құшағына берілген деревняны таптық. Әкем Жұрмахан 1942 жылдың 19 желтоқсанында Тверь облысының Молодой Тут елді мекеніндегі шайқаста ерлікпен қаза тапқан екен де, Оленино ауданының Куркино деревнясындағы Бауырластар зиратына жерленген екен. Бұл хабарды білгенде соғыста мерт болған әкем тіріліп келгендей болды. Енді етек-жеңімізді жинап, оның мәңілікке сүйегі жатқан жерге баруға қамданып жүргенімізде, мына пандемияға тап болдық. Міне, бірнеше жыл өткен соң, шекаралар енді ашыла бастады...– деп Ермахан ағаның даусы дірілдегендей болды.
         Көп жыл күткен сәт те келді. Биылғы сәуір айының ортасында шау тартып отырса да Ермахан ақсақал баяғы қайрат-күші қайта оралғандай тәуекел етіп, ұлы Төлепберген мен келіні Жаңагүл үшеуі алыс сапарға бел буды. Жандарында әке аты жазылған құлыптас пен қос уыс топырақ. Немере-шөберелері ақ жол тілеп қала берді.
Қазақ жерінен басталып Ресейдің орталық аймағын көктей өткен алты күндік алыс жолдан аман-есен оралған соң, әулет атасы Ермахан ақсақалмен тағы да хабарластық. Шүйіркелесе отырып, әңгімеге тарттық.
 – Адам сексен-тоқсанға келсе де, әке-шешесін аңсамай тұра алмайды. Әсіресе сұм соғыста әкесін жоғалтқандар – біздер. Жүрегімнің терең түбінде оған деген сарқылмас сағынышым жатты. Міне, енді перзенттік парызымды алғаусыз өтеп, көңілім жайланды. Туған жерінің сары топырағын апарып, ата рухын шаттандырдым деп ойлаймын.
 – Бармаған, көрмеген жерлеріңіз. Басқа ел. Жол қиыншылықтарын қалай еңсердіңіз?
– Е, қанша ауыр болса да, осы сапарым бойыма жеңілдік берді. Арманда кеткен әкеме бүкіл ел-әулетіміздің аманатын, ұрпақтарының тағзымын жеткізгендей болдым.
Ақтөбе арқылы Орынборға өтіп, одан әрі Тверьге дейін пойызбен жеттік. Тверьден Оленино қаласына  үш сағат жүріп бардық. Қар ол жақта әлі кетпепті. Күн салқындау тартып тұрды. Бізді Оленино мэрі О.И.Дубов пен мәдениет үйінің екі қызметкері күтіп алды. Жөн-жоба айтқан олардың бізге деген ықыласы жақсы болды. Мұнан кешегі Ұлы Отан соғысының тарихына деген жауапкершілікке толы мұқияттылықты көрдік. Қонақ үй де дайындап қойған екен. Сәл демалып, аяқ суытып алған соң, түстен кейін “Газель” көлігімен Куркиноға қарай жол тарттық. Жол асфальт болғанымен кейде қара жолмен ауысады. Екі жағы қалың шыршалы орман. Ара-тұра батпақтар ұшырасады. Бір айтарлығы, жолда Ұлы Отан соғысы кезінен қалған ДЗОТ-тарды көрдік. Сол күйі тұр. Соған қарап қанды қырғынды өткерген аумақ екені белгілі боп тұр.
Менің әкем Жұрмахан 101-дербес ұлттық атқыштар бригадасы сапында болғанын айттым ғой. Вермахтың Мәскеуге тікелей шабуылдаған «Орталық» тобына қарсы тұрып, қанды шайқастардың өтінде болған. Ржев-Сычев бағытындағы «Марс» операциясындағы көзсіз ерліктері туралы орыс жазушысы К.Симонов: «Бұл шайқастағы жауынгерлер өмір үшін емес, өлім үшін шайқасты» деп жазған екен. Тек қана Оленино ауданынан 13 Кеңестер Одағының Батыры шыққан.
Қазақстандық бригаданың құрамында алғашқы жылы 600-дің үстінде жауынгер болған. Оның 80 пайызы қазақтар еді. Мәскеуді немістерден қорғау кезінде бригада Жоғары Командованиенің Бас Ставкасының қарамағына берілген. Молодой Тут, Мишуково, Букарева елді мекендері алма-кезек қолдан-қолға өтіп, екі жақтан да адам шығыны аса көп болған. Бұл 39-армия мен Калинин майданы ғана емес, Ұлы Отан соғысы тарихындағы айрықша қырғынның бірі еді. «Марс» операциясы кезінде 101-бригадасы жауынгерлерінің 85 пайызынан айырылған. Өйткені олар жауды Мәскеуге жібермей, барлық соққыны өздеріне алды. Мұрағатта операция алдында, 15 қарашада бригада құрамында 4880 жауынгер болғаны, бір айдан кейін 1858-і қалғаны туралы құжат сақталған.
Осы неміс-фашистермен болған бір шайқаста әкем, отаршина Жұрмахан Ахметов те шегінуді білмес қаруластарымен бірге ерлікпен қаза тапқан да, әуелі Молодой Тут деревнясы маңында жерленген. Кейін сол маңдағы 3-4 деревнядағы мәйіттерді  қазып алып, Куркинодағы Бауырластар зиратында қайта жер құшағына берілген. Осындағы 150-дей жауынгер жетондарымен есімдері белгілі боп отыр. Сол қатарда менің әкем де бар. Ал көбінің аты-жөні белгісіз. Ал Оленино қаласында Қазақстан үкіметі атынан қойылған ескерткіш мраморларға аттары жазылғандардың тізімінің ұшы-қиыры жоқ.
Куркино деревнясындағы Бауырластар зиратына барып, тәу еттік. Басына құлыптасты қойып, тұған жердің топырағын салдық. Әке рухына арнап Құран оқыдым.
Батыр жауынгерлердің ұрпақтары Қазақстаннан іздеп келіп жатады екен. Олар да көк тастарын қойып кеткен.
Жергілікті іздеуші топтар орман ішінен Кеңес солдаттарының сүйектерін әлі күнге дейін тауып, Бауырластар зиратына қойып жатады екен. Олардың есімдері белгісіз. Көбінің қазақтар екені белгілі. Оқ тескен каскілерін белгі қып бастарына қойған.
Иә, соғыс өрті қаншама боздақтарды жалмады. Тағдыр талайымен жат жерде қалдырды. Отан үшін шыбын жанын қиған, қасықтай қаны қалғанша арпалысқан жас жауынгерлердің ерлігі ешқашан ұмытылмайды. Олар адамзатты фашизм сойқанынан аман алып қалды. Енді соғыс болмасын, – деп Ермахан ақсақал терең күрсінді.Ойы алыс уақыттарға қарай кеткен сияқты. Үнсіз отырды.
Ұлы Отан соғысында қаза тапқан солдаттың ұлы, бүгінде тоқсанды алқымдап қалған қарт Ермахан Жұрмаханов «Енді соғыс болмасын!» дегенді қатулы қабағымен ұқтырғандай болды.
Ерғали Абдулла,
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі
21 мамыр 2022 ж. 12 055 0