Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Жетес бидің хатшысы Жұбаназар

Жетес бидің хатшысы Жұбаназар

Кезінде Кіші жүзге толық танымал, Орта жүзге орталау, Ұлы жүзге өзі бармаса да, сөзі барған Жетес Қыстаубайұлы Әйтеке би бастаған қазақтың билер көш­інің соңғы тұяғы болатын. Ол 1828-1914 жылдары өмір сүрген. Қабірі ауданымыз­дың Ескіұра елді мекенінде.
Біздің әңгімеміз осы Жетес би­дің билік құрған уақытында ұзақ жыл қасында көмекшісі, хатшысы болған Жұбаназар Тәжікұлы жай­лы болмақ.
Бүгінде Жұбаназар атамыз туралы тол­ық жазба деректер жоқтың қасы. Он­ың сөзін де, өзін де білетін жандардың бәрі әлдеқашан өмірден өткен. Дегенмен, "Орнында бар оңалар" дегендей, артында қалған үрім-бұтақтары бар. Соның бірі – туған қызы Рахима мен немере інісі Аралбай. Біз бүгінгі деректерді осы жандардың аузынан жазып алдық.
Тәжікұлы Жұбаназар – Жақайым ру­ы­нан, Дәулет-Асанның Мәмбеті, оның Сарбасы. 1869 жылы туып, 1952 жылы темір жол бойындағы Қамыстыбас бекетінде қайтыс болған. Қабірі Райым елді мекеніндегі үлкен қорымда, Аппақ әже­міздің бейітінің қасына жерленген. Бас­ында құлыптасы бар.
***
Арал қаласында тұратын Жұбаназар ата­мыздың жалғыз қызы Рахимамен әкесі жайлы сөйлесіп отырмыз.
 – Мен 1948 жылы дүниеге келдім. Сон­да шешемнің жасы 52-де, әкем Жұбаназар 78-де екен. 4-5 жасымда әкем 83-ке келіп қайтыс болыпты. Оның түр-түсі, қан­дай адам екені мүлде есімде жоқ, жаспын ғой. Әке-шешемді әбден сағын­дырып өмірге келгенімде әкем: "Тұрар­ым бол­маса да өрісті болдым" деп қуан­ыпты. Онысы "Ер балалы болмасам да, өрісімді кеңейтетін қызды болдым" де­ге­ні екен. Мен аяқтанғанымда әкем жүр­етін жол­ымды алақанымен сипап тазалап отыра­ды екен. Және әкемнің масаты қыз­ыл қал­тасы болыпты. Барған жерден өрік салып әкеліп береді екен. Өрікті көп жеген­діктен тісімді құрт жеп, ерте түсіп қалыпты. Сод­ан дәрігерге көрсетіп шаққа емдетіпті. Әкем "Бұл менің қуанышым ғой" деп мені Қуаныш деп атап, мектепке барғанымша ер балаша киініп жүріппін. Әкемнің бір қолы білегінен жоқ болатын. Ол былай болған дейді. Әкем Жұбаназар жас кез­інде Қазалы уезінде билік құрған атақты Жетес бидің көмекші-хатшысы болып­ты. Би атамыз жиын тойларда жиі болады ғой. Ол кезде палуан күрестіру дәстүр болған. Сондай бір мұрапаның кезіндегі күресте "Жетес би ауылынан кім шыға­ды?" дегенде ешкім табылмаған соң, атамыз хатшысына қарапты. Әкем бұрын да күреске қатысып жүреді екен. Осыны түс­інген әкем "мен шығамын" деп ортаға шығыпты. Оның қарсыласы да мықты жі­гіт екен. Содан әлгі палуанды көтеріп жерге алып ұрғанда, қолы қарсыласының астында қалып, білегінен морт сынып, салақтап қалыпты. Сол сәтте әкем: "Тез, киіз күйдіріп әкеліңдер" деп беліндегі қы­нынан өткір пышағын суырып алып, сын­ған қолын білектен кесіп тастап, күйген киізбен бастырып, басындағы орамалмен таңыпты да, "Халқымның намысы, ары үшін берген қолым болсын" депті.
–Сіз білесіз бе? – деп Рахима әң­гімесін маған қарай бұрды.  – Сіздің атыңызды, сосын кезінде Қамбаш балық трес­інің бас­тығы болған Әбибулла ағамыздың баласы Әйтекенің де есімін қойған әкем ғой.
 – Иә, білемін, – дедім Рахиманы қоштап.
Осы сәт менің мектепте оқып жүрген бала кезімде көкемнің (әкемді айтамын) мына сөзі ойыма оралды. Қонысымыз Ес­кіұра болғанымен, ол кезде бірде Тоқбай­ға, бірде Жаркөлге барып біздің ауылдың адамдары егін егеді екен. Мен туатын жы­лы жазда Тоқбайда отырыппыз. Со­ған орай көкемнің айтатыны ғой:
Жұмабай Тоқбай деген жерде туған,
Тойына ай мүйізді қошқар сойған.
Туған соң жұма күні Жұмабай деп,
Атасы Жұбаназар атын қойған, – деп өлеңдетіп мені еркелететін.
Ол кезде сөз төркініне түсініппіз бе, мен­ің атымды қойған әйгілі бабамыз Жет­ес бидің хатшысы болған, елге белгілі атақты Жұбаназар атамыз екенін кейін біліп жатырмыз ғой.
Рахима әңгімесін әрі қарай сабақта­ды.
 – Бір күні әкем сіздің әкеңіз аттас Жақ­сылық деген кісінің үйіне келіпті. Бұрын­нан сыйлас, сырлас адамдар ғой. Әкем кел­ген соң, қазан көтеріп, құрмет көр­сетіпті. Тамақ піскен соң, үй еге­сінің келіншегі құ­ман әкеліп, қол­ға су құйыпты. Сау қол­ын жуып бола бергенде, жеңінің ішін­дегі шолақ білегі қимылдап кетсе керек:
 – Ата, екінші қолыңды қосып жумады­ңыз ғой, – дегенінде, әкем:
– Балам, бұл қолдың сырын кейін айта­мын, – депті де сыр білдірмей, сабыр сақтап, сы­ба­ғалы тамағын әдемі әңгімемен алдыра беріпті. Шай, тамағын ішіп болған соң, әкем үй егесіне қарап:
– Бағана келін бір сұрақ қойып еді. Сон­ың жауабын беріп кетейін, шақыршы, – депті.
"Әй, осы әйел бірдеңені бүлдірмесе болар еді" деп әйелін шақырып келгенде:
– Келін балам, бағана маған бір сұрақ қойып едің-ау, соған жауап берейін, –депті. – Бір қолым бар, ал екінші қолым намыс пен арға кетті. Бес саусағым санасызға сана бол­айын, жетесізге жетелі болайын, көр­ген­сізге көрегенді болайын, білімсізге біл­імді болайын, бақытты нұрға бөлейін деп кетті. Ал мына білегімнің топсаға дейінгі жері халқымның ары мен намысына кетті, менің жауабым осы, – деген екен.
Сонда үй иесі қатты ашуланып: "Ата­ның қолын айтып кемсіткенің не?!" деп тіксінген екен. Әкем сабырға шақырып:
– Жігітім, отыр, –депті. – Шешетін мәсел­еңді ақылмен шеш, мен кеткеннен кейін де кел­іннің мазасын алып, тұщы етіне ащы таяқ тигізбе. Жеңетін болсаң тілмен жең. Білекпен ешкімді де жеңемін деп ойлама, – деген екен.
– Әкеңіздің енді қандай әңгімесін біл­есің? – дедім Рахимадан әлі де тың деректер дәмеленіп.
– Мен әкемнен өте жас қалдым. Ең бол­мағанда 7 жаста болғанымда жеті атамды біліп қалар едім. Сөзі түгілі бет-әлпет, кес­кін-келбетін де білмеймін. Бізде оның су­реті де жоқ. Әкем небәрі үш-ақ күн ауырып өмірден өтіпті. Сол ауырып жатқанында Алматыдан тілшілер келіп, ақсақалдың әңгімесін тыңдап, сұхбат алайық, суретке түсірейік деген екен. Оған келіспеген әкем: "Менің бір ғана жаным бар, оны Құдайға беремін, суретке түсіремін деп әуре бол­маңдар" деп тас бүркеніп жатып қалыпты. Егер сонда суретке түскенде бүгінде әке­міз­дің қандай адам екенін біліп отырар едік те. Қазір балаларыма біздің көзіміз барда барлығын біліп алыңдар деп ескертіп от­ырамын. Менің алдымда бір ұл болды. Бір­ақ ол да ерте қайтыс болды. Жалғыз қыз­ым деп еркелетіп, ер балаша киіндіріп өсір­іпті. Басқа не айтайын. Әкемізді із­дейтін, әңгімесін сұрайтын көзін көрген­дердің бәрі кетіп болды. Осы менің бар ай­та­рым, – деп Рахима қинала ағынан жарылды.
***
Жұбаназар атамыздың әулетінде ол жайлы білетін екінші адам – туған інісі Бек­назардан туған Бимұрат баласы Аралбай. Жетес бидің қасында 15 жылдай көмекші-хатшысы болып жүрген Жұбаназар өте сауатты, жазуы тасқа басқандай сұлу көр­інетін көзіқарақты адам болған. Оның да өзінің көптеген қолжазбалары, Жетес би­мен бірге ел басқару ісінде алған медаль, құжаттары болған. Бірақ осы құнды дүн­иелері өзі кеткен соң, қолдан қолға көшіп, белгісіз себептермен жоғалып кетіпті.
Енді міне, сол Аралбаймен сұхбаттасып, атасы жайлы әңгімелесіп отырмыз.
– Біз өмірге кейін келдік. Атамызды көр­геніміз жоқ. Оның көзін көрген үлкендерден сұрап біліп жүрміз. Қазір олар да өмірден өтті. Атамыз жайлы айтар адам да қалма­ды. Атамыздың күнделік сияқты жазған дәптерлері, Алматыдан оны іздеп зерттеу­ге келген журналистердің көзі көрген адам­дардан алған сұхбат-әңгімелері, Райымда­ғы бейіті басында түсірген бейнежазба­лары бар еді, соның бәрін Алматыда тұра­тын інім Оразбай осыларды жарыққа шығарамын деп алып кетіп, пәтерден-пәт­ерге көшіп-қонып жүргенінде із-түссіз жо­ғалтып алыпты. Қазір міне, қолда атамыз­дан мынау бар еді деп көрсететін, дәлел­дейтін ешнәрсе қалған жоқ. Ойымызда бұр­ынғы адамдардың бар кезінде айтқан әңгімелері ғана.
– 70-ші жылдары ғой деймін, «Көпір құрылысын салу пойызында» жұмыс істеп жүр­ген кезім. Бір күні бастығымыз Райым водокачкасына тұрғын үй салуға 5-6 адамбыз іссапарға жі­берді. Орналасып болған соң, 1-2 күннен кей­ін кішкене бойлы ақсақал келіп:
– Ай, жігіттер, осында Жұбаназар деген ақсақалдың немересі келді деп еді. Қайда екен? – деді.
–Иә, менмін, –дедім.
Сол арада танысып-білістік.
– Сен болсаң, мен Нәсу деген әкеңмін, мынау Райымда тұрамыз. Атаң Жұбаназардың көзін көрдік. Өңірдің айтулы ақ­сақалы еді, талай қолынан дәм таттық. Қа­зақтың кәдесі бар ғой, қонағым боласың, сыбағалы тамағың бар. Мына жора-жол­дастарыңмен келіп, қонақасыларыңды жеп кетіңдер. Балдар бар, Қазалыда тұра­ды, жұмыс істейді. Үйде кемпіріміз екеу­іміз тұрып жатырмыз. Кешке келіңдер, – деді.
Жұмыстан кейін уәде бойынша Нәсу ақсақалдың үйіне келдік. Шай қайнаулы, тамақ асулы. Көршісі болуы керек, бір кел­іншек жүгіріп қызмет істеп жүр. Шай үс­тінде 1-2 бөтелке емес, Московский арақ­тың бір жәшігін ортамызға әкелдіріп қой­ды. Арамызда орысы, кәрісі бар жігіттер бұған таңғалып, ауыздарын ашып қалды.
– Шайларыңды өздерің ал­дыра берің­дер, – деп Нәсу ақсақал өз бөл­месіне кетті.
Тамақтанып болған соң, әңгімелесіп отырғанда: "Ой, Жұбаназар атамыз айтулы адам еді. Халыққа қайыр-қомы көп бола­тын. Сонау ашаршылық жылдары медалін астыққа айырбастап, ауылды аштықтан аман алып қалып еді" деген сөзді сол Нәсу ақсақалдан естідім.
Жұмабай ЖАҚЫП,
Қазақстанның құрметті журналисі
31 мамыр 2022 ж. 12 120 0