Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » Айдынды өңірдің алғашқы прокуроры

Айдынды өңірдің алғашқы прокуроры

Айдынды өңіріміздің түрлі салаларына қатысты көп тарихтың әртүрлі себептермен беті ашылмай, шаң басып жат­қаны шындық. Сол ұзын тарих беттер­інде аттары жазулы қалған қай­раткер дара тұлғаларымыздың да өмір жолдары кейде көмескі тартып, кейінгі ұрпаққа бара-бара мәлімсіз болып барады. Ал болашағымыз бол­жамды болу үшін, алға басқан қадамымыз нық болу үшін өткен күннің барлық шежіресі барынша қағазда қатталып жазылып қалғанын әрине дұрыс көре­міз.
Осыдан екі жыл бұрын қала­мызда тұратын еңбек ардагері, Арал балық шаруашылығы саласының өз кезіндегі майталман қызметкерлерінің бірі –Данияр Қосмамбетов аға бір кездескенімізде:
– Әй, журналист бала, Арал өңірі өз алдына ал­ғаш аудан болып құрылғанда он­ың тұңғыш прокуроры кім болға­нын білесің бе? – деп қадай сұрағаны бар.
Әрине, арғы тарихқа таратқан осы сөздің өзі-ақ біздің кәсіби қызығушылығымызға түрт­кі болды. Ағамыздың жанын­да отырып ауданымыздың тарих­ында есімі жазылып қалуға тиісті заң қызметкері Жұбаназар Мық­ты­баев туралы әрі-беріден қозғап, ежіктей отырып сұрағанымыз бар. Біраз өмірбаяндық мәліметіне қаныққанбыз.
Данияр аға жасы сексенге келсе де қимыл-қозға­лысы ширақ, ойы сара, сөзі нық кісі. Әңгімені сала-саласымен айтады. Сол ширақтығынан да болар, жер-жерге, еліміздің әр түкпіріндегі ұрпағына сұрау сал­ып, Жұбаназар Мықтыбаев туралы мәліметтерді барынша жинаған екен. Осы білген мол мәл­іметтерімізді арқау етіп, заң заңғарының өмір­баяндық, қызметтік жолын негіздеп, ауданымыз­дағы алғашқы заңгер туралы жазу көптен ойда жүрген.
Міне, шілің­гер шілденің бір сәтті күні қарт арда­гермен өз шаңырағында тағы да орайы келіп кез­дестік. Бұл жолы Данияр аға ондаған бет болатын архив материалдарының көшірмесін алдыма жайып тастап, қайталанбас қайраткер тұлға туралы әңгімені әріден қозғап, өрбітіп алып кетті.
– Біз Жұбаназар Ерімбетұлымен қазақы аталық шежірелік жолымен қуалай келсек, туыспыз. Ол кісі 1890 жылы Сырдария облысы, Қазалы уезі, Қаракөл болысының жетінші ауылында кедей шаруаның отба­сында туған екен. Әкесі Ерімбет бұл бір жасқа келмей-ақ өмірден ерте өтеді. Екі баламен жесір қалған шешесі енді Қазалы қаласына қоныс ау­дарып, сонда Девишев деген көпестің жүн жуу, тазарту кәсіпшілігінде қара жұмыс істейді. Төлеген деген жұм­ысшыға тұрмысқа шығады. Кейін өгей әкесі мен шешесі қазалылық  Филинов, Егоров дегендердің егін шаруашылығында жұмыс істейді.
Кішкентайынан көзін еңбекпен тырмалап аш­қан талантты да елгезек, зерек бала 1904-1909 жылдар арасында Қазалы қаласындағы 3-сыныпты орыс-түзем мектебінде оқып бітіріп, сол уақыттың көлемімен қарағанда біршама тиянақты білім алды. Мектеп бітірген жылы өгей әкесі Төлеген қайтыс болып, бозбала Жұбаназар біржолата еңбекке араласты.
Ол Қазалы уезіне қарайтын Арал теңізі поселкесіндегі Рзаевтың наубайханасында қарапайым нан сатушы болып бір жыл істеді. Кейін Қазалыға қайта оралып, нотариустың жанында құжат таратушы болып алғашқы заң саласындағы еңбегін бастады...
– Данияр аға, партиялық құжат­тарында Жұбаназар Мықтыбаев өзінің қазақ тілімен қатар орыс және өзбек тілдерін өте жақсы білетіндігін жазғанын көріп отырмын, – дедім мен құжаттарға көз жүгіртіп отырып.
 – Мұның дұрыс, бұлай болатын үлкен себебі бар. Жұбаназардың әуелгі біраз жылғы қызметі өзбек жерінде жал­ғасын тапқан. 1912 жылы сол замандағы ірі шаһар Ташкентке бар­ған Жұбаназар әуелде әртүрлі қара жұмыстарды атқарып жүрсе де, кейін білім-білігіне орай заң саласына ауысады. 1914-1917 жылдары Ферғана облысы­ның Андижан қаласында бітімшілік сотының іс жүргізушісі және жал­дамалы аудармашысы болып жүр­іп, кейін Андижан қалалық халық сотының төрағасына дейін көтеріледі. Сонан соң осы қа­ланың жер бөлімінде заңгер болып кеңестік заманның алғашқы кез­еңдерінде де біршама тер төккен. Заң қызметкері ретінде қарапайым жұрт алдында адалдығын, әділет­тілігін көрсетіп, халықтың сый-құрметіне де бөленген екен. Ол өзбек тілін өз тіліндей сөйлеген
 – Туған жері Қазалыға оралып, осы салада қызметін жалғастырғандығын мына архив материал­дары айтып тұр, – дедім мен.
– Иә, солай, ол кезде партия-кең­ес қызметкері болсын, заң адамы болсын, жоғарғы органдар қайда жібереді, сол жерге құлақ қақпай баруға тиіс болатынсың. Мұны алдың­дағы анкетадан білуге болады. Сол қатаң үрдіске байланысты Жұбаназар ағаның кейінгі бүкіл қызметтік баспалдақтары тасқа басқандай жазылып тұр ғой көп жерде қыз­мет еткені, –деп Данияр аға құжат­тарды толық күйінде алдыма ысырды.
Тәжірибелі заң қызметкері Ж.Мықтыбаев 1920 жылы туған жері Қазалыға оралып, қалалық әлеуметтік қамсыздандыру бөлі­мінде, кейін қалалық милиция бастығының көмекшісі боп қызметтер атқарған. 1921-1922 жыл­дардағы ой мен қырды қамтыған ел ішіндегі аштықта осы өңірдегі ашыққан­дарға көмек ретінде құрылған азық-түлік инспекциясында инспектор болып қызмет етіп, Орта Азиядағы қарақалпақ жеріне қарай босқан елді ата-қоныстарына қайта қай­тарып, оларға тиісті тамақ-суын бергізуде көп күш жұмсады.
1924 жылы халқы тез көбейе бастаған Арал теңізі посел­кесіне келіп, осында құрылған хал­ық сотының судьясы қызметін екі жыл атқарып, аласапыран заман­ның әділдікке бет бұруына үлес қосады. 1928-1930 жылдары теңіз жағасындағы поселкедегі алғашқы "Шаруа" артелінде төрағаның орынбасары қызметін атқарған. Мұнан соң 1930-1932 жылдары Тереңөзек, Қармақшы поселкелерінде, про­куратура саласында қызмет еткен.
30-жылдары өндіріс ретінде дамып, Арал балық трес­інің маңыздылығының өсуіне байланысты білікті де сауатты маман Арал қаласына қайта шақырылып, осындағы ірі өндіріс орны Арал мемлекеттік балық тресінде өндіріс директорының орынбасары, кадр бөлімі басты­ғының орынбасары қызметтерін атқарып, іскерлігімен көзге түсті. Білімі де, тәжірибесі де жеткілікті, өмірде ысылған маманды аудандық парт­ия комитеті штаттағы насихатшы ретінде ел ішінде, халық ішінде үгіт-насихаттарын жүргізуге сенім артып отырды.
1938 жылы Арал ауданы Ақ­төбе облысынан бөлініп, қайта құрылған Қызылорда облысына қарағанда белгілі заңгер Жұбаназар Мықтыбаев аудандық прокурор қызметіне шақырылады. Осында қоғамдық, мемлекеттік мүліктің сақталуын қадағалауда, өндірісте, халық ішінде заңдылықтардың орнығуына барынша қызмет еткен. Бұл жайында оған берілген партиялық мінездемелерде «Мық­тыбаев жолдас партия тұрмысы мен колхоздардың экономикасын, сондай-ақ кадрларды таңдауда, оларды жоғарыға ұсынуда жақсы жағынан көрсетеді» деп жан-жақты жазылыпты. Ауданның шаруашылықтарының даму экономикасын жақсы біле­тін, түрлі салада қалтқысыз қызмет еткен Жұбаназар Ерімбетұлының іс­керлік қабілеттері әділ баға беріліп көрсетіліпті.
Өмірінің кейінгі жылдары заң саласының бір саңлағы Жұба­назар Ерімбетұлы Арал қаласын­дағы балық шаруашылығына қатысты мекемелерде түрлі қыз­мет атқарған.
1967 жылы өмірден өткен Жұбаназар ағаның балалары да айбынды әке жүріп өткен жолға сай лай­ықты қызмет еткенін көреміз. Садық деген ұлы Арал аудандық әс­кери комиссариатта бөлім бас­шысы болса, дәрігерлік жоғары мамандығын алған Зейнеп есімді қызы Арал аудандық денсаулық бөлімінің меңгерушісі болып, өңірімізде медицина кадрлар­ының көбеюіне, денсаулық сақтау саласының кемелденуіне, халық денсаулығын қадағалауда үлкен қызметімен көзге түскен. Ал кіші ұлы Ілияс Аралдағы обаға қарсы күрес стансасының зоология бөлімінің бастығы қызметін атқарған.
Ұзақ жылдар Арал өңірінде түрлі салада, соның ішінде заң қызметкері ретінде аудандық сот пен проку­ратурада өзінің айшықты өшпес ізін қалдырған аса бір тұлғалы мемлекетшіл азаматтың бірегейі – Жұбаназар Мықтыбаев­тың кейінгі ұрпаққа өнеге болатын жай­саң ғұм­ыр­ының шағын баяны осындай.
Ерғали АБДУЛЛА,
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі
27 шілде 2021 ж. 645 0