Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Ашаршылық жылдары қонысынан ауа көшкен аралдықтар

Ашаршылық жылдары қонысынан ауа көшкен аралдықтар

Қазақстан Республикасының Президенті Қ.К.Тоқаев 2020 жылғы 24 қарашадағы «Cаяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссия құру туралы» Жарлығында басты міндет – халықаралық стандарттар мен құндылықтар негізінде саяси қуғын-сүргіннің жазықсыз құрбандарына қатысты тарихи әділдікті қалпына келтіру, олардың адал және игі есімдерін халық пен ұрпағына қайтару міндетін қойды. 1930 жылдардағы Кеңес өкіметінің солақай саясатының арқасында барлық малы мен жанынан айырылған аралдықтар аштыққа ұшырап, қырылып, жан сауғалап, тіршілік үшін туған жерінен безіп, қайда тіршілік бар, сол жаққа ауа көшуіне тура келді. «Біреуге жан қайғы, біреуге мал қайғы» дегендей, осы науқанда Кеңестер Одағының өзге аймақтарынан 16 мыңнан астам күштеп қоныс аударушылар Аралға келіп нанын тапса, жергілікті халықтың қолындағы бар малын тартып алып, күнкөріс тіршілігінен айырып, тігерге тұяқ қалдырмай тартып алуы, халықтың аштыққа ұшырауына алып келді. Халық кімге сенерін білмей абдырап қалды, сол кезде өмір сүруге неғұрлым қолайлы деп саналған Арал теңізінің оңтүстік бөлігінде орналасқан Қарақалпақстанға ауа көшіп қоныстана бастады. Негізгі халықтың басым бөлігі өмір сүруге қолайлы оңтүстіктегі облыстар мен Өзбекстан, Түрікменстан, Тәжікстанды қолайлы көрді. Көршілес Өзбекстан, Қарақалпақстан, Қырғызстан және Түрікменстан жеріне қазақтың көшуінің себебі – бұл республикаларда ұжымдастыру саясатын іске асыру жұмысы Қазақстандағыдай шектен шыққан жоқ. Ашаршылыққа дейін жоғарыдағы республикаларға өтіп кеткендер қазақ елінде қалған туыстарымен байланыста болды. Қыс айларында көшіп кету тоқтағанымен, жылда салынатын мемлекеттік салықты төлейтін астығы мен малы болмай, сотталып кететін болғандықтан көктемде шаруашылықтар амалсыз көшуге мәжбүр болды. Олардың кейбіреулері дүние-мүліктерін алдын ала өткізіп те жіберген. Сондай-ақ отбасын асырау үшін жұмыс іздеп қалаларға, ірі станцияларға, жоғарыда айтылған шекаралас елдерге асқандары да болған. Ол жақтың қысы жылы, егін егіп тіршілік жасауға қолайлы деп санады. Аралдан ауа көшушілер Арал теңізі порты арқылы Қарақалпақстанның теңіз жағалауындағы Мойнақ, Қараөзек, Үрге, Үшсай, Шымбай, тағы басқа елді мекендерге көше бастады. Аттылы-жаяулы көшушілер Қызылдың құмы арқылы (Қазалы ауданы) қолда бар азын-аулақ малымен Қарақалпақстанға ауа көшті. Заман қиын, Кеңес билігіне қарсы шыққандар топ-топ болып ұйымдасып керуен жолдарын торуылдауға шыққан, кәнігі қарақшылықпен айналысушылар да баршылық еді. Кеңес билігінің қылышынан қан тамып тұрған кезінің өзінде-ақ, халық жадындағы мәліметтер, естеліктерінде сақталған ашаршылық пен босқыншылық тарихын көнекөз қариялар мен ақ жаулықты әжелеріміз ертегі қылып айтып отырушы еді. Кейбіреулері босып кеткен туыстарынан бір хабар бола ма деп жан-жаққа хабар жіберіп, іздеумен өмірден өтті, кейінгі ұрпақтары әділ бағасын беретін күн туар деп үміттенді.
Босқыншылық тарихы – күрделі тақырыптың бірі, осы күнге дейін ашаршылықтың тарихы біршама зерттелгенімен, босқыншылық мәселесі толық ашылған жоқ. Босқындар тарихын тарихилық, шынайылық тұрғысынан, архив құжаттарының негізінде алғашқылардың бірі болып Талас Омарбеков зерттеді. Тарихшы-ғалымның «20-30-жылдардағы Қазақстан қасіреті» атты монографиясының бесінші тарауы босқыншылық тарихына арналған. Ғалым отандық тарих ғылымында тұңғыш рет мәселені ғылыми тұрғыда зерттеп, босқыншылықтың себептерін ашып көрсетті [1, 256-257 бб.].
Ғалымның «Қазақтың дәстүрлі мал шаруашылығын күйрету, ет және астық дайындау науқандарындағы зобалаңдар, байлар қожалықтарын тәркілеу және жойып жіберу саясаты, күштеп ұжымдастыру және зорлап отырықшыландыру, кінәсіз шаруаларды Кеңес органдарының «ұлтшыл», «бандит», «контрреволюционер» деген жалған жалалармен жаппай қуғын-сүргінге ұшыратуы қазақ шаруаларын босқыншылыққа ұрындырды», – деген батыл тұжырымын отандық ғалымдар өз еңбектерінде атап көрсетеді [2, 1254]. Т.О. Омарбековтің айтуынша, Қазақстаннан мәжбүрлі қоныс аударуды үш түрге бөліп қарауға болады. Бірінші түрі: жергілікті байларды және жартылай байларды тәркілеуге байланысты көршілес шет аймақтарға ауа көшу болып табылады. Қазақстаннан шет аймақтарға көшудің басым көпшілігінде Сібірге, Ресейге, Өзбекстанға, Қарақалпақстанға, Түрікменстанға, Қытайға көшу орын алды.
Қазақстан Қаржы ХК-нің Қазақ өлкелік партия комитетіне 9 тамыз 1931 жылы жолдаған мәлімет бойынша Қазақстанның 27 ауданынан (47 аудан мәліметтері жоқ) халық негізінен Орта Азия республикалары мен Қытайға босты. Мысалы, 1930 жылы мен 1931 жылдың 5 тамызы аралығында Өзбекстанға 3436 қожалық 187909 малды айдап кеткен болса, Түрікменстанға 7371 қожалықтан 319 725 бас мал, Тәжікстанға, сәйкесінше, 8 1767 – 88 350; Қырғызстанға, сәйкесінше, 1031 – 33 595, Қытайға, сәйкесінше, 563 – 2276, ал Қарақалпақстанға, сәйкесінше, 2355 қожалық 11 262 малдарымен өтіп кеткен [3, 136].
Алғашқы көшкендер ірілі-ұсақты азғантай малдарын алып кетті. Екінші – өз жерлерінен қоныс аударғандар малсыз қара бастары бала-шағасымен жаяу көшті, олар қайтсем бала-шағамды аман алып қаламын деп «бір үзім нан» іздеп көшушілер.
Үшіншіден, халық көтерілістері сапында болып, кеңестік биліктен қашқан сотқарлар (бандит) атауын арқалаған көтерілісшілер топтары. ОГПУ құжаттарында ресми түрде «бандиттер, сотқарлар мен басбұзарлар» деген атаумен беріліп, біртіндеп жазалау шараларын жүргізбекші болғандығына байланысты қарсылық көрсетуге мәжбүр болған, арты қарулы қақтығыстарға ұласқан халық көтерілістері болып тұрды.
Осы ашаршылық жылдарындағы құжаттардың көбісінде аштықтан босқан қазақтарға «босқындар» (беженцы) емес, «көшіп кеткендер» (откочевники) ұғымын қолданды. Негізінен, ашаршылықтан салдарынан болған «босқыншылық», «босып көшу», ал жаппай мекенін тастап үдере көшіп кеткендерді, «босқындар» деген атаған дұрыс болар.
Аудандағы ашаршылық пен босқыншылық тарихына қатысты деректерді Қызылорда облысының мемлекеттік архиві, Ақтөбе облысының мемлекеттік архиві және Арал ауданының архивіндегі құжаттар негізінде қарастырамыз.
Ақтөбе облысының мемлекеттік архивінде Қазақстан Коммунистік партиясы Ақтөбе облыстық комитетінің құжаттарында 1920-1937 жылдары ашаршылық кезеңіндегі облыстағы жағдай жан-жақты баяндалады.
1930 жылдардағы Ақтөбе облысындағы көшпелі және жартылай көшпелі аудандары бойынша егін өнімінің шығымының төмен болғанын, кейбір аудандарда 1932 жылдан бастап егіс алқабының жазғы қуаңшылықтан түгел шықпай қалғанын архив құжаттары айғақтайды. Арал ауданының экономикалық-әлеуметтік жағдайына шолу, Арал (Қарақұм көтерілісі) өңірі тұрғындарының наразылықтары туралы ОГПУ-дың жедел хабарламасында жазылған. Ақтөбе облыстық партия комитетінің 1932 жылғы 16 қазандағы қаулысында Жосалы темір жол станциясына қайта көшіп келген, кейін Сексеуіл станциясына жөнелтілген 300-400 отбасынан 100 қазақтың (оның ішінде 21 адам қара шешектен) көмек көрсетілмегендіктен қаза тапқаны және станциядағы қазақтарды ұрып соғуды орын алып отырғаны айтылған. Аталмыш қаулыда «қазақтардың жаппай қырылып жатқанына аудандық ұйымдардың енжар қарап, араласпай отырғаны» ашып айтылған. Бұл оқиға шілде айының аяқ кезінде болса да, облыстық комитеттің қаулысы қазан айында қабылданған.
1932 жылғы Қарақалпақстандағы қиын жағдайға байланысты Қазақстаннан кеткен қазақтар, кейін қайтуға тура келді. 1933 жылы қоныс аударушылар Арал теңізі арқылы Арал қаласына үдере көшіп келе бастады. Қаладағы порт Қарақалпақстан мен өзге республикаларға жүк тасымалы мен қоныс аударушыларды қабылдау орталығына айналды.
Осы жылдары Арал ауданы, Бекбауыл елді мекенінен Қарақалпақстанға көшушілердің бірі болған – азамат соғысы жылдарында Арал қорғанысына қатысушы, еңбек ардагері Қыстау Қуатовтың қолжазбасынан үзінді келтірейік:
– Қазақта «Бәлен жерге барсаң алтын бар, барсаң бақыр да жоқ» дегендей, осы жылдардағы аштық жағдайында көптеген көшіп кетушілердің бірі болып Бекбауыл бекетіндегі «стрелочник» жұмысымнан қысқарту алып, жұмыссыз қалған болатынмын. Ол кезде орыстың шовинистік саясаты, жергілікті ұлт өкілдерін басқару органдарына, темір жолға алуға шектеу қойылған, алса да қара жұмыс істеуге жалдайтын. Қолдағы бірлі-жарлы малым болмаса, шешем мен әйел-баламды бір құдайға тапсырып, ауа көшушілерге ілесіп, мен де Арал теңізі портына келдім. Күзге салым уақыт, кассадағы адамдардың қарасы ұзақ сонар, бей-берекет бірінің-бірі үстіне мініп, кезектің қай жақта екенін білмейсің. Темір жолда жүргенде азды-көпті орысша оқығаным бар, халықты сабырға шақырып кезекке қойдым. Адамдардың айтуы бойынша күні-түні апталап басына қонушылар да бар екен. Үстіміздегі киімімізбен жатуға тура келді, сәл көзің ілінсе аяқ киімің мен заттарыңды басыңа жастап жатпасаң демде айырылып қаласың. Барынша сақтық шарасын жасап, ауылдан шыққан бір топ ағайын топтасып қонып шықтық.
Осы жерде Қазалы уезіне 18 жыл болыс болған ағайынымыз Демекбай ақсақалды да кездестірдім. Ол да Кеңес өкіметінің саясатынан қашып Қарақалпақстанға бармақшы, кезегіміз келіп біз де жолға шықтық. Кейбіреуі жолға азық-түлігін, жәм-жүгін, майда жандықтарын тиеген. Бізді тиеген кеме Мойнаққа келіп жеттік, ығы-жығы халық, аштан жүрген балалар, тіпті жағалауда өліп жатқан адамдарды да көре бастадық. Келгеннен кейін, қайда «жұмақ» бар деп, Шымбайға дейінгі елді мекендерді босқын халықпен аралауымызға тура келді. Мұндағы тіршілік Аралдағыдан нашар болмаса, тәуірін көргенім жоқ. Қаптаған қоныс аударушылар, ішерге ас, киерге киім таппай босып жүрген халық. Осында қазақ ағайындардың үйінде біраз аялдаған соң, кері қайтуды жөн көрдік. Әрі жергілікті сот, милиция өкілі (қазақ жігіттері) біздерге жандары ашып, ақыл қосып, осында Қазақстаннан С.Меңдешов деген өкіл келіп, қазақтарды елге қайтаруға үгіт жасап жатыр, абзалы қайтқандарың жөн деп кеңес берді. Қасымдағы інім, Дәріқұл жыраудың інісі-Өмірзақ қағылез,іскер азамат болатын. Қолдағы бар тиын-тебенімізді алып, мал базарынан жарамды аттар, шолақ мылтық сатып алып, жолға азық-түлігімізді дайындап, түн қараңғысында шығып кеттік. Өмірзақтың жұлдызға қарап жолды бағдарлауының арқасында, көбінесе түнде жорытып, күндіз демалып отырып Қызылдың құмына да кірдік. Мұнда 5-6 адамнан бірігіп топ құрып алған қарақшылар, жол бойын торуылдап кездескен керуеншілерге тұтқиылдан шабуыл жасайтын көрінеді. Жолда бірнеше рет қарақшылар қолымен шайқасуымызға да тура келді. Абырой болғанда, ауылға аман-есен жеттік, –деп еске алады.
Әдеттегідей, қонысынан ауғандардың бәрінде де және жергілікті жерлердегі ашаршылыққа ұшыраған халықтың көпшілігінде ешқандай малы жоқ деуге болады. Малдың бәрі, оның ішінде күш көлігі де құртылуда. Кезінде Орта Азияға малдарымен қоныс аударылғандар ол жақтан кері малсыз келіп жатыр. Қарақалпақстаннан қайта көшіп келушілердің де өз ішімізде қонысынан босқандардың да басым көпшілігі әбден жүдеп-жадаған, соның салдарынан олардың арасында жаппай ауру-сырқау мен өлім-жітім көбейді. Қонысынан ауғандар Арал қаласы мен жолдағы бекеттерге ағылып келіп, балаларын балалар үйлеріне орналастырды.
БК(б)П Ақтөбе облыстық комитетінің бюросы мен облыстық бақылау комиссиясы президиумы мәжілісінің «Сексеуіл станциясына қонысына ауып келгендер жөнінде ұлы державалық шовинизмнің бой көрсетуі туралы» 1932 жылғы 16 қазандағы мәжіліс хатында жергілікті және аудандық темір жол ұйымдарының қонысынан ауғандарды тұрақты жұмысқа орналастыруға көңіл бөлмегені, оларды маусымдық жұмыс істеушілер деп есептеп, жабдықтаудан шет-қақпай қалдырғаны, тұрғын үйлермен қамтамасыз етпегені, медициналық көмек көрсетпегені, сөйтіп, мұның өзі қонысынан босқандарды жаппай қырғынға душар еткені атап өтіледі.
Қазақстан өлкелік партия комитетіне қазақтарды қонысынан ауып, Қазақстаннан тыс жерлерге көшуін тоқтату шараларын қолға алу ұсынылды және жәрдемге бөлінген азық-түлік қорын халыққа жедел жеткізіп, қонысынан босқандар мен аштыққа ұшырағандарды жәрдем беруді ұйымдастыруды көздеді. Дегенмен, бөлінген қаржы өз мақсатына пайдаланылған жоқ.
Осы аласапыран, ғаламат жұт жылдар туралы архивтерде құжаттар дерліктей өте аз сақталған. Мыңдаған құжаттардың ішінен Ақтөбе облысының мемлекеттік архиві қорынан 1933 жылы Қарақалпақстаннан оралған аралдықтардың қоныс аударуы туралы кездесті, енді осы құжаттарға ден қойсақ. 1933 жылы Арал теңізі арқылы Қарақалпақстаннан 6440 адам оралды. Келген қоныс аударушыларды үй-жаймен қамтамасыз ете алмағандықтан, темір жол арқылы көршілес облыстарға қоныс аудару арқылы шешу жолдары тиімді болды. Аудандарға қоныстанғандарды санитарлық талаптарға сәйкес мектепке, клубқа орналастырылды. Осы жылдары аудандық кәсіподақ ұйымы қоныс аударушылармен жұмыс істеуге көңіл бөлген жоқ. Мысалға, Сульфат кәсіподақ комитетін алатын болсақ, қоныс аударушылардың 50 баласына есік-терезесі жоқ, пеші тартпайтын, лас барактарға орналастырып, кәсіподақ тарапынан көмек көрсетілмеді. Жергілікті тұрғындар тарапынан ата-анасыз қалған 48 жетім баланы асырап алуына тура келді.
Арал ауданы бойынша қоныс аударушыларды орналастыру туралы мәлімет
рр/сМекеме атауларыШаруашылықтарға орналасқандар саны
1Балық колхоздары395
2Мал шаруашылығы колхоздары561
3Балық тресі120
4Сульфат50
5Сольтрест24
6Сексеуіл депосы60
7Мемлекеттік өзен флоты17
8Бекбауыл кооператив колхозы8
9Аудандық өндірістік кооперативі37

Ақтөбе облысының мемлекеттік архиві қорында сақтауда тұрған Арал аудандық партия комитетінің қорында 1933 жылы туған жерінен ауа көшкен аралдықтардың туған жеріне оралуы туралы Ақтөбе облысының ОГПУ-дың саяси құпия бөлімінің құжатында Қарақалпақстаннан Арал теңізі арқылы қоныс аударушылардың жағдайы туралы баяндалады. Мұнда Арал қаласына Қазақ Кеңестік Халық Комиссарларының арнайы бригадасы құрамында Меңдешов, Медетов, Сисекенов және Балубасовтардың келіп, Аралдағы қоныс аударушылардың жағдайының ауыр екендігін айтады. Ендеше, аса құпия құжатқа зер салайық.
Арнайы хабарлама №69
Көшпелі және жартылай көшпелі аудандардың саяси-экономикалық жағдайы
Қаракалпақ Автономиялы облысынан Арал теңізі арқылы оралған қоныс аударушылардың жағдайы туралы
Қарақалпақстан территориясынан Қазақстанға көшпелі қоныс аударушылар 1933 жылдың мамыр айынан тамыз айы аралығында, теңізде кеме қатынасы жүре бастағаннан бастап Арал теңізі арқылы кесіп өтіп, жақын маңдаға ауылдарға қоныс аудара бастады. Тамыз айында Арал қаласына келген Қазақ Кеңестік Халық Комиссарларының арнайы бригадасы құрамында: Меңдешов, Медетов, Сисекенов және Балубасов болып ұйымшылдықпен Арал теңізі портына оңтүстіктен келгендерді ауданға орналастыруды ұйымдастырып, азық-түлік көмегін бөліп, көмек көрсетті. Тамыз айынан бастап, қарашаның 16-ы на дейін Қарақалпақстаннан Арал теңізі портына дейін мемлекетік пароходство арқылы келген 6579 адамның 1212-і темір жол арқылы Оңтүстік Қазақстан облысына, 2353 адам Ақтөбе облысына жіберілді. Магнитогорск өндіріс орындарына, Ақтөбедегі химиялық комбинатқа жұмыс істеуге 1492 адам жіберілді. Балалар үйі мен ауруханаларға 129 адам жіберілді. Жолда және азық-түлік көмегінің жетіспеуінен, аштықтан балалар мен ересектерден 60 адам көз жұмды. Қалған қоныс аударушыларды ұйымдастырудың нашар жүргізілуіне байланысты бұрынғы тұрғылықты жерлеріне жіберіліп, қалған бөлігі Арал қаласында қалып, жұмыс орындарына жіберуді күтіп отыр деп көрсетеді.
Дерек көздері бойынша, оңтүстікте Қарақалпақстанда Қараөзек (Контр-өзек құжатта солай) пен Ходжейліде 4000-ға жуық қоныс аударушылар жиылып, Арал теңізі арқылы Қазақстанға өтуге жиылып жатыр. Енді 20 күннен кейін теңізде мұз қатуына байланысты қоныс аударушылардың Қазақстанға жетуіне қиын жағдай туындайды. Бұл кезде қоныс аударушылар теңізге келіп тұрған азық-түлікті тонауға кірісетіні айдан-анық. Қоныс аударушылардың қазіргі күйі өте нашар, аш жалаңаш , қолдарында ешқандай заттары жоқ. Арал теңізі портының қызметкерлеріне қоныс аударушыларды тасуға тыйым салып, жүктер пен малдарды тасуға тапсырма берілген. Осындай жағдайға байланысты аудандық мекемелердің талабы орындалмай жағдайды қиындата түскен. Балық аулау маусымының жабылуына дейін Қарақалпақстаннан Қазақстанға дейін қоныс аударушыларды мемпароходство мен мембалық тресі өздерінде бар ресурстарды пайдаланып әкелуіне мүмкіндіктері бар. Бірақ та жоғарғы жақтың нұсқауы болмайынша орындау қиындық туғызады. Қоныс аударушылар мен босқындарды Арал қаласында азық-түлік көмегімен жабдықтау қанағаттанарлық, дегенмен, кейбір жерлерде толық қанағаттандыруға мүмкіндік жоқ. Қоныс аударушыларды мемлекеттік пароходство арқылы тасуға 16000 сом, қалған қоныс аударушылар мен босқындарды тасуға 20000 сом қажет, барлығы: 36000 мың сом қаржы берілмей отыр. Бұл жүргізіліп жатырған жұмыстың әрі қарай жүруіне кедергі келтіріп отыр. Сонымен бірге қоныс аударушыларға бөлінген нан мен азық-түлік көмегіне бөлінген 15 тонна ұнның жетіспеуі жағдайды қиындата түсті. Осы жоғарыда көрсетілген сұрақтар мен мәліметтердің шешілуін дер кезінде қолға алмаса Арал ауданы ғана емес, Ақтөбе облысында да қиын жағдайлар туындауы мүмкін.
АООГПУ бастығы Кеммер
СПО бастығы Духович
Міне, құжатта көрсетіліп отырғандай, Арал ауданы көшіп келушілерді қабылдауға даяр еместігі, бөлінген азық-түліктің жетіспеуі, жұмыс орындарына орналаспауы, көршілес облыстарға орналастыру жолдары қарастырылған. Сол кезеңдерде Ресей Кеңестік Федеративтік Социалистік Республикасының Халық Комиссарлар Кеңесінің төрағасы Тұрар Рысқұловтың көршілес республикаларға қоныс аударған қазақтарды елге қайтару туралы және оларды шаруашылықтың әртүрлі салаларында жұмысқа орналастыру туралы хаттары сақталған. Бұл жерде айта кететін бір жағдай, Қарақалпақстанға қонысынан ауа көшкендердің негізін Арал, Шалқар, Ырғыз, Қазалы ауданының көшпенділері құрады. Қарақалпақстандағы көшпелі қазақтардың 1934 жылғы уақыт аралығындағы қозғалыс динамикасы мынадай түрде ұсынылады: 1 қаңтар 1934 жылы – 3875 шаруашылықта 15516 жан басын құрайды; 1 наурызда 5019 шаруа қожалығында 21680 жан басын құраса және 5 мамырда 10399 шаруашылыққа дейін өсті, ал ондағы адам саны 45221 болған. Ендеше Арал ауданына қатысты төмендегі Ақтөбе облысының мемлекеттік архиві. [6, 13-қ, 7-т, 45-іс] қорынан алынған материалдарға тағы да зер салып көрейік:
Құпия: Ақтөбе облысының төрағасы Ивановқа
көшірмесі: облыстық комитеттің хатшысы-Т. Ярмухамедовке
РКФСР Халық Комиссарлары Кеңесінің 1933 жылғы 13 наурыздағы №212 қаулысына сәйкес көшпелі қазақтар туралы Қазақстанмен көршілес республикаларға және өлкелерге қоныс аударған қазақтарды жұмысқа орналастыруға барлық шаралар қабылдануда , негізінен осы өлкелер шегінде, әзірге Қазақстанға казақтар кері қайтарылмай отыр.
Хабарларға қарағанда, жергілікті жерлерден қазақтардың осы көршілес аймақтарға одан әрі қоныс аударуы жалғасуда, олар жаңадан келген қазақтарды өздеріне жұмысқа орналастыра алмайды. Сондықтан қазақтардың Қазақстанмен көршілес республикалар мен өңірлерге одан әрі қоныс аударуын тоқтата тұруға ықпал ететін барлық қажетті шараларды шұғыл түрде қабылдап, оларды Қазақстанның өз ішінде орналастыру қажет.
РКФСР ХКК-да Қазақстаннан қарауға талап етілген қазақтардың көшпенділерін орналастыру жоспары Қазақстанның жекелеген облыстары бойынша мұқият әзірленген материалдар негізінде қазақтардың қоныстануы және оларды шаруашылықтың әртүрлі салаларында жұмысқа орналастыру жоспарымен ұштастыра отырып жасалуға тиіс.
РКФСР ХКК төрағасы Т. Рысқұлов
25 наурыз 1933 №295 Москва
Ақтөбе облыстық Атқару Комитеті
Алматыдан 04.03.1933 ж.
ОГПУ барлық бастауыш бөлімдеріне, басшылықтың назарына
ОГПУ төрағасының орынбасары бұйрығымен хабарлаймын. Көршілес аймақтардың көшпенділерін қабылдауды тоқтатыңыз. Барлық аймақтық ұйымдар қоныс аударушылардың құрылымын олардың орналасқан жерінде шаруашылық жағынан игеруге міндетті. Облыстың директивалық органдарын ұйымдастырыңыз, көшпенділерді қабылдаудың басқа жерлеріне жіберілген өкілдеріңізді шақырыңыз.
Миронов
Өте құпия.
ОДТООГПУ. Ақтөбе стансасы 22.03.1933 жыл.
Никитин жолдасқа
Сіздің МН №1450/2 және 1344/2 хаттарыңыз бойынша облыстық атқару комитеті келесі шараларды қабылдады:
1. Көшпенділерге алғашқы көмек көрсету үшін Ембі ауылдық кеңесінің атына 20 пұт ұн, Жұрын ауылдық кеңесінің атына 20 пұт ұн жіберілді .
2. Сексеуіл станциясындағы көшпенділер үшін Арал аудандық атқару комитетінің атына 50 пұт ұн жөнелтілді.
3. Арал аудандық атқару комитетінің Сексеуіл станциясы көшпенділерінің шаруашылық құрылысына көмек көрсету жөнінде қатаң шаралар қолдану туралы телеграфтық өкім берілді .
4. Шалқар мен Арал аудандарына екі жауапты қызметкерлер –облыстық денсаулық сақтау басқармасының меңгерушісі Ж.Горегляди, облжоспарлау басқарма меңгерушісінің орынбасары Чуйкин іссапарға жіберілді.
БКП/б/ -жолдас ОК. Ждановқа.
РСФСР ХНК. жолдас Рысқұловқа. БКП/б/ САБЦК жолдас Майоровқа. 1933 жылғы 13 ақпандағы Ақтөбе обылыстық партия комитетінің секретариатының №29 хаттамасында халықты азық-түлікпен қамтамасыз ету мақсатында жүргізілген іс-шаралар баяндалады: Хаттама қаулысында: Елдегі азықпен қамтамасыз етудегі жағдайдың өте күрделі шиеленісте екендігін ескеріп, ақпан айында жергілікті жерді астықпен қамтамасыз ету үшін «Союзмука» 200 тонна ұн жіберуді міндеттеу туралы жазылған. Мирзоян мен Исаевтың атына жіберілген жедел хатта: «Ақтөбе облысындағы жергілікті жердегі халықты әлеуметтік тұрғыдан әл-әуқаттарын жақсарту жұмысы өте қиын апатты жағдайда: біріншіден, облыстық оқу орындарында сабақтар тоқтатылды, Актюбхимстрой Берчогур сульфатының жұмыс орны жабылуда, Аралтұз және басқа кәсіпорындардың жұмыстарының тоқтау қаупі бар. Аудан 37 белсенділері мен мұғалім мамандар жалақыларын алмады, азықпен мүлдем қамтамасыз етілмеді
"Қазақстанның көшпелі қазақтарының Қарақалпақ АКСР аумағындағы жағдайы туралы. Есеп жазбасы: ГПУ-дің осы уақытқа дейінгі мәліметінше Қарақалпақ АКСР аумағында аудандарда 103999 шаруашылық шоғырланған. Қазақстандық көшпенділердің саны 45221 адамды құрайды. Өндіріспен мүлдем айналыспайтын және аштыққа ұшыраған адамдардың бұл үлкен шоғыры біздің шағын және экономикалық тұрғыдан әлсіз республикамыз үшін үлкен ауыртпалық болып табылады . Біздің барлық мүмкіндіктерімізбен біз жұмыс істеп тұрған колхоздарға тек 996 көшпелі қазақ шаруашылығын орналастыра алдық, сонымен қатар 1861 шаруашылықтан серіктестіктерде дербес колхоздарын ұйымдастыра алдық. Балық артельдерін ұйымдастыруға 123 шаруашылық тартылды, 200-ден астам адам Қызылкеткенде жұмыс істейді. Ал қалған 7512-і көшпелі шаруашылық өте қиын жағдайда ұйымдастырылмаған күйінде қалып отыр. Қазақстандық көшпенділерді орналастыру бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстарда Қарақалпақ АКСР Үкіметі Қарақалпақ аумағындағы көшпенділер санының тұрақты өсуі нәтижесінде туындайтын жергілікті жағдайлар үшін еңсерілмейтін бірқатар қиындықтарға тап болады. Барлық қазақстандық көшпенділерді орналастыру үшін қажетті қаражаттың болмауы, сондай-ақ оларды игерудің қымбаттығына байланысты. Қарақалпақ АКСР аумағында орналастыру мүмкін нәтижесінде сондай-ақ жаңа жерлерді игерудің қымбаттығына, көшпелі халық арасында суармалы егіс шаруашылығын жүргізудің қиындығына және т.б. байланысты оларды Қарақалпақ АКСР аумағында орналастырудың мүмкіндігі жоқ .
Біз ұсынған 1934 жылға арналған қазақ көшпенділерін орналастыру бойынша іс-шаралар жоспары РКФСР Халық Комиссарлары Кеңесі арқылы бөлінген 5 миллион рубль көлемін 1 миллион рубльге дейін қысқартты, біз оны ұзақ мерзімді несиелеу тәртібімен аламыз. Көшпелі қазақтардың түгендеуі (іздеуі) жоқ екенін ескере отырып, орталықтан босатылған миллионға барлық жағдайда біз ең көбі 1500 шаруа қожалығын, әр шаруашылыққа жұмсалатын шығындардың нәтижесін орта есеппен 500 рубльден құрай аламыз.
Біз республиканың тұқым қорынан қазақ көшпенділерінің егістігіне себуге 95 центнер жүгері, 108 центнер тары, 80 центнер бидайға бөлдік, толығымен тұқымымен қамтамасыз етеміз /күріш/. Биылғы 1 тамызға дейінгі мерзімге көшпелі қазақтарды қамтамасыз ету үшін бізге бөлінген азық-түлік қоры /жүгері- 500 тонна көлемінде 3875 шаруа қожалығы мен ондағы 15616 жан басын қанағаттандыру үшін бізден сұралды.
Алайда, Қарақалпақстанға Түркіменстан мен Өзбекстаннан көшіп келген қазақтардың жаңа шаруашылықтарының жаппай келуіне байланысты біз көмек беруге мәжбүр болдық /біз шаруашылықтарға қайта келеміз/.
Қарақалпақстандағы көшпелі қазақтардың 1934 жылғы уақыт аралығындағы қозғалыс динамикасы мынадай түрде ұсынылады: 1 қаңтар 1934 жылы 3875 шаруашылықта 15516 жан басын құрайды; 1 наурызда 5019 шаруа қожалығында 21680 жан басын құраса және 5 мамырда 10399 шаруашылыққа дейін өсті, ал ондағы адам саны 45221 болды.
Қарақалпақстандағы көшпелі қазақтардың мұндай жаппай көші-қоны олардың Қазақстанға барғысы келетіндігімен түсіндіріледі, сондықтан олар Амудария жағалауындағы жүк тиеу және Арал теңізі маңында жүк тиеу орындарында шоғырланады /Ходжейлі, Қантауөзек, Құнград, Мойнақ, Қараөзек /т. б. Қарақалпақстанда Өзбекстан мен Түркіменстаннан Қазақстанға өту пунктіне және оның үстіне бұл қозғалыс соңғы кезге дейін Өзбек және Түрікмен республикаларындағы қазақ шаруашылықтары азық-түлікпен және шаруашылық жүргізумен толық қамтамасыз етілмегендіктен орын алып отыр. Ағымдағы жылдың 26 сәуір күнгі Қарақалпақстанның Арал теңізіндегі жүк тиеу-тасымалдау орнындағы халықтың жиналуы осы фактіні растайды. Ходжейліде – 950 адам, Кунградта – 300 адам, Караөзекте 294 адам тез арада Қазақстанға шақыруларын талап етті. Мамыр айына біз қазақтарға, көшпелілерге, бізге 5738 шаруа қожалығындағы мүшелер саны 21200 адамның әрқайсысына 6 кг-нан жүгері және тары босаттық. Жұмыспен қамтылмаған және ұйымдастырылмаған бір мүшеге 3 кг айына босатылды. Осындай мардымсыз ұсыныстың өзінде бөлінген қаржы маусым айына да жетпейді де, жеткізу контингентін 5000 шаруа қожалығына дейін қысқартуға мәжбүр боламыз. Көшпенді қазақтарының жағдайы өте ауыр, оның ұйымдастырылмаған көшпелі бөлігінен ерекше; жаппай өлім-жітім, ішек аурулары, дизентерия, бөртпе және ревматикалық ісіктер болды және орын алды. Нәтижесінде тек Ходжейлі ауданында, ГПУ мен аудандық ұйымдардың деректері бойынша 1 айда 200 өлім тіркелді. Көшпелі қазақтардың азықпен қамтамасыз етілмеуіне байланысты ұрлық көбейіп, жергілікті диқаншылардың егіндерінің егінін жою қаупі төніп тұр. 697 мың рубль /жергілікті бюджеттен/ 345 мың, 200 мың рубль көлемінде қаражат бар.
Сонымен қатар екінші және үшінші тоқсандарда балалар үйлері үшін 200 жұп балалар аяқ киімін бөліңіз. Көшпенділерден Қазақстанға кері жөнелту туралы мәселе оң шешілген жағдайда оларды уақытылы уақытша қаржыландырумен, сондай-ақ көшпенді қазақтарын қабылдау және жөнелту үшін Қазақстаннан арнайы қызметкерлерді алдын ала жіберумен қамтамасыз ету қажет. ККАССР ХКК Логинов БКП/б обком хатшысы Архив құжаттарында: «Азық-түлікпен байланысты қиындықтарға қоса, панасыз қалған жасөспірімдер көбейген. Аудандық атқару комитеті, аудандық бөлімі мен аудандық аппарат мекемесіне жаппай балаларды әкеліп тастап кету фактілері жиілеген. Күнделікті адам өлімі ата- анасынан айырылған панасыз қалған жетім балалардың санын көбейткен. Мына бір құжатта ауданға келген қоныс аударушылардың балалары мен жетім қалған балаларын орналастыру туралы құжаттан Аралда 30-жылдардың басында балалар үйін ашуға негіз болғанын құжаттар арқылы аңғарамыз. 1933 жылдың ІІІ кварталында аудан қараусыз қалған жетім балаларға толып кетті. Аудандық кәсіподақ комитеті алдында жетім балалар мен қараусыз қалған балаларға арнап балалар үйін, оларды орналастыру, тәрбие жұмыстарымен айналысу шараларын қолға алу мәселесі тұрды. Әйелдер кеңесінің табанды талаптарына сәйкес, емізулі 50 бала балалар үйіне жатқызылды. Қамыстыбас балалар үйіне – 302 бала; Арал балалар үйіне – 136 бала; сәбилер үйіне – 60 бала, барлығы: 348 бала орналастырылды. Балалар үйінің жағдайы да қанағаттанарлықсыз. Осы мақсаттар үшін бізде қабылданған балалардың бәрінің денсаулығы жоқ, аш-жалаңаш, киім-кешегі жоқтар болатын. Балалар үйінде инвентарлар мен азық-түлік, киім-кешек жоқтың қасы, қиыншылыққа қарамастан жергілікті тұрғындар осындай қиын жағдайда балалар үйінің қызметкерлері ауру балалармен жұмыс істеуіне тура келді. Айта кетсек, отандық ғылымда шетелдерге босып кеткен қазақтардың саны туралы ортақ пікір қалыптаспаған. Тарихшылар Б.Төлепбаев, В.Осипов Қытайға ауа көшкен қазақтар саны 500 мыңдай адам, демограф ғалым М.Тәтімов шет елге кеткен қазақтар санын 165 мыңдай. [7, 105 б.] десе, Т.Омарбеков Қытайға кеткендер және шекарада ұсталғандар саны 35 597 адам деп есептеп шығарды. Бұған ғалымның мына мәліметі дәлел бола алады: «Өзбекстанға – 3436, Түрікменстанға – 7371, Тәжікстанға – 1767, Қырғыз Республикасына – 1031, ҚАО-на 2355 төменгі Еділ өлкесіне 2562, Сібір өлкесіне – 2100, Украинаға – 901, РКФСР-дің қалған бөліктеріне 13511, Қытайға 563 адам босып кеткен» [14, 258 б.]. Шетелдік зерттеушілер де шетке кеткен қазақтар санын анықтауға ұмтылды. Мәселен, Роберт Конквест Қазақстанның шекаралық аудандарынан Батыс Қытайға 200 мың қазақ көшіп кетті десе [17, 87-88 б.], ал ресейлік тарихшылар Ю.А. Поляков, В.Б.Жиромская, И.Н.Киселев [8, 6 б.] олардың санын 1,3 млн адам деп санады. Қазіргі тарихшыларымыз 1926 жылғы санақ бойынша қазақтардың саны өзбектерден бірнеше есе көп екендігін дәлелге келтіреді. Құжаттардан көріп отырғанымыздай, бір ғана Арал ауданынан қоныс аударғандардың саны осындай болса, Қытай, Сібір, Ауғанстан, Орта Азия елдеріне тіршілік қамымен қоныс аударушылардың елден ауа көшуі біздің демографиялық өсуімізге зиян келтіргені шындық. 1932-1933 жылдардағы аштық жағдайында көптеген көшіп кетушілер сол кезде өмір сүрген неғұрлым қолайлы деп саналған Арал теңізі өңіріне қайтып келе бастаған. Қазалы ауданының Үкіметке жолдаған хабарында қысқа мерзімде туған өлкесіне 3500 шаруаның қайтып оралғаны айтылған еді. Әбден азып-тозған ел осылайша кіндік қаны тамған жерлеріне қайтып орала бастады [9, 13-қ, 7-т, 45-іс]. Жоғарыда, қонысынан ауа көшіп кеткен аралдықтардың құжаттарда көрсетіліп отырғандай 4 айдың ішінде 6579 адамның теңіз арқылы елге оралғанын көріп отырмыз. Құрлық арқылы көшіп келушілер мен Қарақалпақстанда, Өзбекстанда қалып қойған, сол жақта ашаршылыққа ұшырап қаза тапқан аралдықтар туралы нақты деректер жоқ. Шамамен 4500-дей аралдықтардың аштыққа ұшырағаны, өлгені бар, қалып қойғаны бар, сол жерлерде өмір кешкені анық. Деректерге сүйенсек, 13 мың аралдық шет жерлерге қоныс аударды деуімізге болады. Өткен ғасырдың 30-жылдарының басында болған Қазақстандағы адам айтқысыз трагедияның бір ізі Арал ауданында болғанын тарихи архив құжаттары арқылы көрсетуді жөн көрдім. Ғасырлар бойы көшпенді өмір сүріп келген Арал қазақтарының ешбір дайындықсыз, қысқа мерзім ішінде отырықшылық жағдайға көшіруді қолға алған ойлары, істеген істері жергілікті жердегі халықтың үштен бірінің жерінен безіп кетуіне алып келді. Міне, кеңес билігінің қазақ халқына қолдан жасаған 30-жылдардағы нәубет қасіреті зардабын кейінгі ұрпағымыз тартып келе жатыр. Өткен тарихқа бей-жай қарамайтын әрбір қазақ баласы үшін ашаршылық қасіреті кейінгі ұрпағымызға сабақ болар тағылым. Жастарымыз имандылықта тәрбиеленіп, адамгершілікті ойласа, ата-бабаларымыз көрген қайғы-қасіретті көрмей, өмірлерін мағыналы, бақытты өткізсе демекпін.
Болатбек Қуатов,
«Арал өлкетанушылары» қоғамдық бірлестігінің төрағасы
19 қыркүйек 2023 ж. 13 550 0