Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Тасқа таңбаланған тарихымыз қорғалуда

Тасқа таңбаланған тарихымыз қорғалуда

Жыл сайын 18 сәуірде әлем жұртшылығы халықаралық ескерткіштер мен тарихи орындарды қорғау күнін атап өтеді. Бұл күннің басты мақсаты – адамзаттың мәдени мұрасын сақтау, тарихи ескерткіштердің маңыздылығын арттыру және оларды келер ұрпаққа аман жеткізу.
Ескерткіш тек тас пен кірпіштен тұрғызылған ғимараттар ғана емес. Халықтың тарихы, мәдениеті, рухани құндылықтары мен өткенінің айқын көрінісі. Әрбір тарихи нысан өз дәуірінің тынысын, сол кезеңдегі адамдардың өмір салтын, дүниетанымын баяндайды. Сондықтан да ескерткіштерді қорғау – өткенді құрметтеу, болашаққа жауапкершілікпен қарау.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та мәдени мұраны сақтау мәселесіне ерекше назар аударып келеді. Ол өз сөзінде: «Тарихи-мәдени мұраны қорғау – ұлттық болмысымызды сақтаудың негізгі кепілі. Біз өткенімізді қадірлей отырып, болашаққа нық қадам жасауымыз керек» деп атап өткен болатын. Бұл – әрбір азаматқа жүктелген үлкен міндет.
Ескерткіштерді сақтау тек мемлекетке ғана емес, бүкіл қоғамға ортақ іс. Әр адам өз елінің тарихына құрметпен қарап, мәдени мұраларды қорғауға атсалысуы тиіс. Өйткені тарихи ескерткіштер – біздің тамырымыз, ұлттық жадымыз.
Қазақстан жері тарихи және мәдени мұраларға бай. Еліміздің әр өңірінде көне қалалар, кесенелер, қорғандар мен археологиялық орындар көптеп кездеседі. Олардың қатарындағы Түркістандағы Қожа Ахмет Ясауи кесенесі, Отырар қалашығы, Тамғалы тас петроглифтері сияқты бірегей нысандар тек ұлттық емес, әлемдік маңызға ие құндылықтар болып саналады.
Бұл ретте Арал ауданы да маңызды тарихи нысандарға кенде емесін білеміз. Сол жайлы нақты тоқталып айта кетсек.
Арал аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің мәліметінше қазіргі таңда аудан бойынша жалпы саны 50 мемлекеттік тізімге енгізілген тарихи-мәдени ескерткіш бар. Жіктеп айтар болсақ, республикалық маңызы бар – 1, облыс әкімдігінің қаулысы негізінде жергілікті маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіштерінің мемлекеттік тізіміне енгізілген – 48, тарих және мәдениет ескерткіштері мәртебесін беру мақсатында анықталған тарихи-мәдени объектілерінің тізіміне алынған – 1. Олардың барлығы бүгінде түгелдей қорғауға алынған. Сақтау мақсатында ауқымды жұмыстар атқарылып келеді.
2020 жылы аудан аумағында орналасқан барлығы 5 жергілікті маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіштер – Бекетай кесенесі, Бәсібек сағанатамы, Қосаман, Ораз ақын кесенесі және Арыстанбаб зиратының қорғау аймағын, құрылыс салуды реттеу аймағын және қорғалатын табиғи ландшафт аймағын белгілеу жобасының құжаттары дайындалған. Сонымен қатар, алдын ала есепке алу тізіміне енгізілген, тарихи-мәдени мұра объектілеріне ескерткіш мәртебесін беру немесе алдын-ала есепке алу тізімінен шығарып тастау үшін Төлеген Медетбаев мүсіні, Тарас Шевченко мүсіні, Ұлы Отан соғысы жауынгерлеріне арналған «Тағзым алаңы», Е.Көшербаев бюсті, Қоңырұлы Өтеулі үйтамы, Есболай-Қотан қорымы, Аққұмшық қалашығы, Айдарбек батыр ескерткіші, Бүкірек батыр кесенесі, Жалаңтөс Баһадүр ескерткіші, Ақтан батыр және Жанқожа батыр ескерткіші және Арал асар қалашығы сынды барлығы 12 тарихи-мәдени мұра обьектілеріне тарихи-мәдени сараптама жүргізілді.
Ал 2021 жылы тамыз айында аудан аумағында орналасқан барлығы 4 жергілікті маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіштеріне қорғау аймағын, құрылыс салуды реттеу аймағын және қорғалатын табиғи ландшафт аймағын белгілеу жобасының құжаттары дайындалды. Бұл төрт нысанның қатарына Арал теміржол вокзалының ғимараты, Сексеуіл теміржол вокзалының ғимараты, Сапақ станциясы су қыспақты мұнара, Жанназар ишан мешіті кіреді.
Сонымен қатар, алдын ала есепке алу тізіміне енгізілген, тарихи-мәдени мұра объектілеріне ескерткіш мәртебесін беру немесе алдын-ала есепке алу тізімінен шығарып тастау үшін барлығы 12 тарихи-мәдени мұра обьектілері Медет ата, Манақ кесенелері, Райым бекінісінің орны, Тасмола бейіттері, Ерімбетжаға тұрағы, Тоқабай және Көкдомбақ тарихи орны, Құмсай І, ІІ тұрақтары, Ақшатау, Шыңғысұлы Жақайым баба пантеоны, З.Шүкіров ескерткіші, Ұябай мен Тлеуқұл ишан кесенесіне тарихи-мәдени сараптама жүргізілді.
2022 жылы аудан бойынша 3 тарихи-мәдени мұра обьектілеріне теміржолшылар ғимараты, Баспақ кесенесі және Ұзақбай Қараманов мүсіні тарихи-мәдени сараптама жүргізілді.
2025 жылы ауданда 14 жергілікті маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіштеріне мәртебесінде қалдыру немесе тізімінен шығарып тастау үшін тарихи-мәдени сараптама жұмыстары жүргізілді. Сараптама қорытындысы нәтижесінде 12 жергілікті маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіштері мемлекеттік тізімнен шығарылып, 2 нысан мемлекеттік тізімде қалдырылды.
Иә, сөз басында айтқанымыздай кемел келешекке қадам басу үшін өткенімізден шет қалмауымыз қажет. Ал тарихи мұралар, ескерткіштер бізге кенеден хабар беріп, тасқа таспаланған тарихымыздың тамырын тереңдете түседі.

Дайындаған: О.ЖОЛДАСОВ
18 сәуір 2026 ж. 277 0