Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Ән әлеміне қанат қаққан бүлдіршін

Ән әлеміне қанат қаққан бүлдіршін

Өскелең ұрпақ – еліміздің ертеңі. Бүгінде бала тәрбиесінің бастау бұлағына айналып отырған балабақша бүлдіршіндердің талантын танып, болашағын жарқын етуде. Осы орайда балақайлардың бейімділігін анықтап, өнерін шыңдап, түрлі байқауларға қатыстырып жүрген тәрбиешілер қауымының де еңбегі зор. Жақында Қызылорда қаласында өткен республикалық балалар және жасөспірімдер өнер байқауына қатысқан «Сартай» бөбекжайының тәрбиеленушісі Райана Мұханбетқали «Эстрадалық вокал» номинациясы бойынша І орынды еншіледі.
Н. Маратқызы
«Тәуелсіздікке тарту» деп аталатын республикалық дәрежеде өткен байқау ел тәуелсіздігінің 28 жылдығына арналды. Аталған өнер бәйгесі бірнеше жанрда өтті. Соның ішінде ән сайысында аралдық бүлдіршін 4 жасар Райана Нұрбекқызы жеңіске жетіп, сайысқа дайындаған жетекшісі Мейрамкүл Ақназарованың мерейін үстем етті. – Райана ең алғаш балабақшаға келген кезден бастап өзінің әнге бейім екендігін байқатты. Оның балабақша ішінде өтетін ертеңгілік шарада ән айтуы да ерекше. Үш жасында республикалық қашықтықтан өтетін интернет байқауға қатысып, жанды дауыста ән айтты. Сол кезде алғаш рет ІІ орынды иеленген Райананың қуанышында шек болмады. Бұл ретте оның үлкен сахнаға алғаш шығуы еді. Алғашқыда көпшілік алдына шығып қобалжығанымен, әнді жоғары деңгейде орындады, – деді Мейрамкүл Ақназарова. Райана бұл байқауда жергілікті ақын Ерғали Абдулланың «Мен өмірдің гүлімін» атты әнін орындаған. Жетекшісінің айтуынша, кішкентай талант иесі болашағынан зор үміт күттіреді. Оның әрбір дыбысының нотаға түсуі өзінің дауысын ұстай алуы, ән әуезін келтіре орындауы ерекше екен. Ендеше, алар асуы биік Райананың бұл жетістігі жеңісінің басы ғана деп білеміз
10 желтоқсан 2019 ж. 849 0