Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Иасы-Түркістан (мөлтек дастан)

Иасы-Түркістан (мөлтек дастан)

Толыбай АБЫЛАЕВ.Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, Жарасқан Әбдірашев атындағы әдеби сыйлықтың иегері. «Шағала», «Арал көшіп келеді», «Аралдан соққан жел»,  «Арал Атлантидасы», «Махаббат дәптері», «Қыран шайыр», атты жыр кітаптарының авторы. республикалық мүшәйралардың жүлдегері
Отырарда отыз бап,
Түркістанда түмен бап.
Халық өлеңі
– Жас ұрпаққа жанарының оты бар,
Жігер берген Түркістан мен Отырар!
Көне Иасы наһан тарих нағызы,
... Ол жайында бар Қытайдың аңызы.
...Түркістандық қария айтқан бұл сырды,
Тыңдағандар құлақ тосып ұмсынды.
...Ерте,
Ерте,
Ертеде,
Тұран атты өлкеде
Аты әлі танылмаған Ұрымға
Мұнан қай-да,
Мың бес жүз жыл бұрында.
Алыс-жақын жұртта аз ба, өнерлі ел?!
Қамал – қала соқты келген шеберлер.
Бағзы Иасы бой көтерді керемет,
Дұшпан талай қиратса да не керек.
Жауларына тізесін түк бүкпеген,
Батыр қала бойын қайта тіктеген.
...Қабырғасы шұрқ тесік болса да,
Дуалдары жермен-жексен болса да,
Күлден қайта Феникстей жаралып,
Түлепті Иасы тоты құстай таранып.
...Аптап буған аңызақ қыр, даласы,
Бұлдырайды сары сағыммен қаласы.
Еңсе тіктеп, қалмақтан ап ел өшін,
Астана еткен Түркістанды Ер есімі.
...Орбұлақта бұзған жаудың көбесін,
Қандай дұшпан хан Жәңгірді бөгесін.
Әйтекесін, Қазыбегін, Төлесін,
Төрге оздырған Тәуке десе, сенесің.
«Жібек жолы» Иасыны асып өтпеген,
...Күндіз-түні керуен солай беттеген.
Оқ өтпейтін қамалдары он қабат,
Жылан кіре алмайтұғын жорғалап.
Азияны тәнті қылған ажары,
Алуан ұлттан арылмаған базары.
Иасыменен иықтасып, жанасып,
Ағады екен ару өзен Қарашық.
...Сонау тұста Қаратауы мұнартқан,
...Иә, Иасы бұл жатжерліктер құмартқан.
Кімнің мұнда табандары тимеген,
Түркістанды талай хандар билеген.
Өркениет Түркістанда басталған,
Көресің сен оны көне тастардан.
Ала шапқын артта қалған ғасырда,
...Күнде жиын Күлтөбенің басында.
Басын қосып жақсыларым кезекпен,
Тап осында ел тағдырын сөз еткен...
Бір заманда арыстандай айбатты,
Жүрек жұтқан жолбарыстай қайратты.
Ақсақ Темір жаулап алған Иасыны,
Адамзаттың деп ардақты, асылы.
Қожа Ахмет кесенесін салдырған,
Сөйтіп шайыр атын мәңгі қалдырған.
...Имандылық шуақ шашқан залдарда,
Мәңгі ұйқыда би мен батыр, хандар да...
...Сонан бастап жүрегіне бар адам,
Ислам діні Иасыдан бұл тараған.
...Сонан бері жылдар қолын бұлғаған,
Уақытқа қала сағы сынбаған.
...Тянь-Шаньнан алған басын ақ қарлы,
Аралап кеп алуан өлке... бақтарды.
Іргесінде әйгілі өзен Сыр аққан,
Жағасында бау-бақшалар гүл атқан.
...Сол өзенді Арыстан хан жайлаған,
Күллі Иасыны бір шыбықпен айдаған.
Қол астына қаратқан хан маңайын,
Алтын тастан айшықтатқан сарайын.
Түркі түгел қоныс еткен өлкеде,
...Бұл оқиға болған екен ертеде.
Мұны бізге көне Қытай дерегі,
Тереңірек әңгімелеп береді.
...Хан жорықтан қайтарында кезекті,
Әккі, әбжіл қимылымен тез, епті.
Ай десе аузын...
Көзін сенген Күн десе,
Хас сұлуды тұтқындапты бірнеше.
Сарайына апта жүріп, ай жүріп,
Келе сала бір сұлуға жайды үміт.
Хан сезімі сол сұлуға оянды,
Оянды да қыз жанына таянды.
...Моншақ-сезім ақ төсекте шашылды,
Сөйтіп асқан сұлуға хан қосылды.
...Күндер жайлап күн артынан өтеді,
Сүйген жары жүкті бопты некелі.
Мұнан мүлде бейқам екен тас қала,
Бір күні әйел ұл туыпты...
Масқара!
Масқараның көкесі сол деседі,
Ала бала туыпты әйел кешегі.
Туа сала көрген күңдер баланы,
Жөргегіне жан жоқ кезде орады.
...Жорығынан келген ханды келесі,
Тосты бала алабажақ денесі.
Келе сала хабарсыз хан бұл істен,
Ат шаптырып той жасауға кіріскен.
Түркі түгел мекен еткен Иасыға,
Сығанаққа...
Отырарға...
Шаштыға...
Шақыруға жедел жаушы жөнелткен,
Бірақ тойы болмай қапты кенеттен...
...Жел сөз жерде тек әншейін жата ма?!
Кештеу естіп түсіпті хан қапаға.
Хан ашуы жанартаудай атылып,
Құлақкесті апты құлын шақырып.
Сол ыза-кек бір сұмдыққа бастапты,
Хан әйелін елсіз шөлге тастатты...
Сонан кейін түк ойланбай жайлы ұлы,
«Суға тастау керек» депті «әй, мұны!»
...Сандыққа сап сөйтіп Сырға жіберді,
Қатыгез хан үзген шақта күдерді.
Суға батпай Сырды бойлап сандығы,
Жүзіп жүрсе...
Қарт көріпті әлгіні.
...Балықшы қарт қарайламай қармаққа,
Көз жүгіртіп үнсіз-түнсіз жан-жаққа.
...Судан әкеп ашқан сәтте сандықты,
Таңданғаннан таныпты естен шал тіпті.
Көріп қартың құндақтаулы баланы,
Аң-таң түрде қолына тез алады.
Етегіне орап дереу ес жинап,
Нәрестені әкеледі кешке үйге ап...
Бұған дейін бала сүйіп көрмеген,
Кемпір-шалға бақ болды бұл көлденең.
Ал баланың көрген ала денесін,
Кемпіріне байғұс қартың не десін.
Омырауы жібіп дел-сал кәрі ана,
«Алаш» деп ат қойғызыпты балаға.
Әрі ақылды, әрі батыр боп өскен,
Бала болса күштілермен егескен.
Ту биені тік көтерген жолдағы,
Әлсіздердің бопты бала қорғаны.
Иасы болған қасиетті Отаны,
Тез жайылды Сыр бойына атағы.
Баяғы хан әкесі естіп құлшынды,
Уәзірі біліп қалып бұл сырды.
Су сепкендей басып ханның екпінін,
«Дала кезген даласуан депті – ұлың.
Ордаңызға оңай болмас келгені,
Жүз жігітті қосып онан бер» деді.
«Мейлі, еркін дала кезсін жел болып,
Басқа бекер кимес болар ер бөрік»:
...Көңілін бұлт торлап алған күдікті,
Біразырақ хан ойланып тұрыпты.
Еріні күзгі жапырақтай дірілдеп,
Енжар күйде былай депті күбірлеп:
«Қайтем енді жат боп үйге келмесе,
Тағы екі жүз жігіт берем ендеше!»
...Біріншісін Үйсін батыр бастапты,
Екіншісін Болат батыр қостапты.
...Сол бір аңыз ел есінен қалсын ба?!
Жүз жігітті және қосты Алшынға.
Үш жүз жігіт қосып беріп Алашқа,
Жіберіпті жігітті еркін о баста.
Мынау байтақ даланы еркін билеген,
Жалбарынып жауына бас имеген.
Маң даланы бастырмаған ешкімге,
Маңайында көбейіпті дос мүлде.
...Бір күндері Алашқа ерген үшеуі,
Қызу талас-тартысқа әбден түседі.
«Бірлік болмай тірлік болмас» деген ел,
Ел де, ер де ынтымақпен көгерер.
Жалғыз ағаш бола алмайды ну орман,
Жан көрмедім жалғыз жүріп қуанған.
Жалғыз жүрген ешқашан жол таппайды,
Көппен болсаң ит те сені қаппайды...
Жолым басқа деген болсам мен егер,
Үшеумізді дұшпан оңай жеңеді ол...»
О, Азаттық!
Үш жігіттің арманы,
Әрқашанда жеңіс жолын жалғады.
Хан көтеріп ол үшеуі Алашты.
...Әңгімесі әрі қарай жарасты,
Қонақтатқан үлкен арман ойына,
Күш берді Алла лайықты бойына.
...Ұлы жүзге етсе Үйсін иелік,
Орта жүзге Болат батыр сүйеніп.
Кіші жүзді Алшын батыр бастады,
...Олар жауын бірлігімен жасқады.
«Қазақ – атым,
Алаш – атам»
дегені,
Осынау сөз төркініне келеді.
...Мұны бізге көне Қытай дерегі,
Осылайша әңгімелеп береді.
Қаһарман ұлт Қазақ болып жаралып,
Біздер Алаш атамыздан тарадық!
Демек Иасы ата жұрты Алаштың,
...Осы жайлы жан досыммен таластым.
 «Татулықтың ыдысындай Тайқазан,
Ынтымақ пен ырыс болған» дейді ағам...
Туған жердің сырын білген ұтады,
Туды мұнда «Даналықтың кітабы».
Еңсең биік, болсын берік босағаң,
Ел-жұрт көзін тікті бүгін о, саған!
Қырандардың аспан болса қиясы,
Түркістан бұл талай түлек ұясы.
Талай дана тал бесігін тербеткен,
Парасатты перзент қанша ержеткен.
Туған жері Ерубаев Саттардың,
Төреқұлов Нәзірменен мақтанғын.
Олимпиада чемпионы Бекзатты,
Туған,
барша перзенттері текті, отты...
Үш ғасырдай ұлтқа болған бас қала,
Тарихтың ақ парағын аш, жаңа!
Көркем кейпің,
Өркендейтін өр кезің!
Мұсылманға кіші Мекке,
...төр де өзің!
Аймақ қылып асқақтатқан атағын,
Шарықтатқан көне Иасы шаһарын.
Ұмытпаған,
ұлықтаған ел ісін,
Ерен алғыс Елбасыға сол үшін!
Тәуелсіздік толқынында тербелген,
Жаңа заман құшақ жайып жол берген,
Жас ұрпаққа мирас үлгі-өнегең,
Жәдігерсің
Жеткен бізге көнеден
Шаңырағың ырысты,
Уығың ұлысты,
Керегең келісті
Тұғырың кенішті болсын,
Иасы-Түркістан!!!
19 желтоқсан 2019 ж. 924 0