Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » "Бек Эйр" ұшағының қара жәшігіндегі деректер 10 қаңтарға дейін жарияланады

"Бек Эйр" ұшағының қара жәшігіндегі деректер 10 қаңтарға дейін жарияланады

ҚР Премьер-министрінің орынбасары Роман Скляр Алматы маңында апатқа ұшыраған ұшақтың қара жәшігіндегі деректер қашан жарияланатынын мәлімдеді, деп хабарлайды Elitar.kz.
«Ол (қара жәшік) қатты бүлінбеген. Сондықтан ондағы жазбаларды тарқатуда мәселе туындамайтындығына үміт артамыз. Мемлекетаралық авиация комитеті мереке күндері де жұмыс істеп, тарқатылған мән-жайды бізге табыстауға уәде беріп отыр. Бұған дейін айтқанымыздай, 10 қаңтарға дейін тексерудің алдын ала нәтижесін беретін боламыз», - деді вице-премьер Үкімет отырысынан кейін тілшілерге берген сұхбатында.
Еске салсақ, өткен жұма, 27 желтоқсанда сағат 07:22-де "Бек Эйр" әуе компаниясының №Z2100 рейсі, Алматы - Нұр-Сұлтан бағыты бойынша Fokker-100 ұшағы ұшып көтерілу кезінде биіктіктен айырылып, Алматы облысы Талғар ауданы аумағында Гүлдала мен Альмерек елдімекендері арасындағы темір қоршауды соғып өтіп, екі қабатты үйге соғылған болатын.
28 желтоқсан күні ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің вице-министрі Берік Қамалиев апатқа ұшыраған ұшақтың қара жәшігі Мәскеуге жіберілетінін мәлім етті.
"Вице-премьер Роман Скляр Мемлекетаралық авиация комитетінің төрағасымен әңгімелесті. Қазір жедел-тергеу тобы жұмыс істеп жатыр. Ұшақтың борттағы сөзді өздігінен жазатын құралы алынды, енді ондағы шифрды анықтау үшін ол Мемлекетаралық авиациялық комитетке (Мәскеу) жібереміз», - деді вице-министр Орталық коммуникациялар қызметінің алаңында ұшақ апатына байланысты баспасөз конференциясы барысында.
03 қаңтар 2020 ж. 604 0