Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Қашан да құрметті кісі, өлшеусіз атқарған ісі

Қашан да құрметті кісі, өлшеусіз атқарған ісі

... Бір көзге ол адамға қарттықтың ауылы алыс секілді. Кейбір күйгелек, шаршаңқы жігіттердің алдында әлдеқайда жас. Еңбекпен есейгені көрініп-ақ тұр. Өз ісіне асқан жауапкершілікпен қарайтын жан өмір ағысында қаншама ауыртпалықты көрді. Алайда мойымады. Бас қамын екінші кезекке қойып, негізгі міндетті жұмыс деп білді. Бар тәжірибесін қолданды. Содан да шығар, абыройы асып, жүрген ортасында құрметті атанды. Жеке пайдасын ойлап, кімнің тарысы піссе, соның тауығы болып жүрмеді. Айтар жерінде айтты. Елдік мүддені биік мінберлерде көтере білді. Бір кездері халық қалаулысы да атанып, сайлаушыларының сеніміне селкеу түсірмеді. Бастысы, адалдықты ту етті. Ал облыстағы энергетика төңірегінде жүргендер осы саланың ыстығына күйіп, суығына тоңған Қуанышбай Ердіхалықовты өздеріне үлгі етті.
Абай Елеш
... Иә, жылдар жігінде көргені көп, қоғамға еңбегі сіңген ағаларға сәлем бере баратын әдетім бар-тұғын. Сол үрдіспен «Дәулетэнерго» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің ғимаратына бас сұқтым. Мекеменің іші мұнтаздай таза. «Тәртіпке бас иген құл болмайтыны» бірден аңғарылады. Бос отырған қызметкер көрмейсің. Барлығы дерлік алтын уақыттың қадірін ұғынып, міндетті ісін ертеңге қалдырмауға тырысатындай. – Ассалаумағалейкум, аға, – деп басшы кабинетіне енгенім сол еді. – Уағалейкүмассалам, – деп күлімсірей қарсы алған ағаға кәдімгідей-ақ ішім жылып қалды. Үлкен кісінің ініге деген риясыз ілтипаты көңілді марқайтады екен. Жайғастық. Ара-тұра кездейсоқ жолыққанымыз болмаса, көптен бері еменжарқын отырып сөйлеспеген екенбіз. Екі сағатқа жуықтаған сұхбатымызды бір-екі мәрте безіл қаққан телефон бұзды. Ар жақтағы дауыс жұмыс барысы туралы баяндаса, жауап сан алуан тапсырмамен түйінделді. Іскерлік деп осыны айт. –Аға, сіз жайлы көптің пікірі ерекше. Жұмысыңызда да шашау жоқ деп естиміз. Қаншама рет жас буынға қолдау көрсетіп, талантты жеткіншектерді даңғыл жолға салдыңыз. Нақтысы, бойында ерекше қабілеті бар сол өрендердің ата-аналарының алғысын еншіледіңіз. Бұл «қарғаның басып, сұңқардың шашып жейтіні» білдіре ме? –Өзімді сұңқарлар қатарына қоспаймын. Бірақ жастардың шетел асып, үлкен сайыстарға барар кезінде «аузымды құр шөппен сүрткен емеспін. Егер олай жасасам, азаматтығым қайда? – деп бір уақытта жастарға қаржылай көмек көрсеткенін растап, өткен күндерді еске түсірді. Қалың ойға шомып, терезеге тесіле көз тіккен аға бір кездері Отан үшін от кешкен майдангерлерді де қамқорлығына алып, мекеме тарапынан қолдан келген көмегін аямағанын да жасырмады. –Білеміз. Талай мәрте аудандық «Толқын» газетінде жариялағанымыз бар. Тағдырдың жазуымен Арал өңіріне қоныстап қалған өзге ұлт өкілдеріне де шуағыңызды төккеніңізді жазғанбыз. Жарығыңыз алысқа түсетін. –Тіршіліктің толқыны бір қалыпты соқпайды. Халық қиын шақтарды басынан өткерді. Тоқсаныншы жылдары абдыраған қоғамда ертеңнің емес, бір күннің қамын ойлайтындар көбейді. Электр сымдарын қолды қылу белең алды. Аудандағы ең ірі электр техникалық және кеме жөндеу зауыттарының шаруасы шатқаяқтады. Мақтаулы өндіріс орындарының басшылары жұмысшыларына жалақы беру үшін соңғы қадамдарға барды. Біз сол уақытта тиімді бартер жасадық. Жаппай жарық өшудің алдын алып, ұтымды график қойдық. Жоғарыда сөз еткеніміздей, жабылудың алдында тұрған алпауыт зауыттардың бағалы заттарын өзара келісім арқылы басқа өңірлерге жөнелттік. Нәтижесінде жұмысшылар қордаланған жалақысын алды, – деп өтпелі қиындықты қалай еңсергенін алға тартты. Жүйелі жұмыс жемісін береді. Көптің қамын күйттеген Қуанышбай Ердіхалықов жетімді жебеді, сүрінгенді сүйеді. Екінің қолынан келе бермейтін мәрттікті өмірлік ұстаным етті. Тақырып аясында ағамыздан туған жері туралы да сыр тарттым. –Көкарал мен үшін жер жәннаты. Алақандай мекен қай кезде де жүрегімнің төрінде тұрады. Жалғыз менің ғана емес-ау, кез келген тірі жанның туған жерге деген махаббаты сөнбеуі тиіс. Тұңғыш Президент – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында осы жөнінде нақпа-нақ көрсетілген. Алтын бесігіме баланған ауылымнан тұтқиылдан жау тигенде 93 адам қолына қару алып, ел қорғауға аттанған. Біз сол аға буынның ұрпағымыз. Ерлік істерін үлгі тұттық. Аңызға бергісіз батырлықтарын тыңдап өстік. Отанды сүйіп, кіндік қанымыз тамған жерге тамшыдай болса да үлес қосуды бақыт деп білдік, – деп толғана сөз сабақтады. Тәуелсіздік күнінде «Арал ауданының құрметті азаматтарының» қатарын толықтырған ғибратты ғұмыр иесінің ісі мығым болғанымен, сөзге сараң. –Аға, атақтан да кенде емессіз. Еліміздің басты мерекесінде аудан әкімі сізге ауданның құрметті азаматы атағын табыстағанда қандай көңіл күй кештіңіз? –Ономастикалық комиссия солай шешіпті. Еңбегімді бағалағаны шығар. Мен өйттім, мен бүйттім дейтіндердің қатарынан емеспін. Қашанда ақиқаттың ақ жолымен жүрдім. Халық біледі. Көп жылғы еңбек ескеріліп жатса, кім қуанбасын. Ерекше шаттанғаным рас. –Аудандық ономастикалық комиссия әр шешімді әбден зерделеп барып ұсынады. Яғни лайықтысыз. Сонау 2008 жылы Қазақстан Республикасының «Еңбегі сіңген энергетигі» атағын алыпсыз. Бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі жөніндегі «Парыз» республикалық конкурсына тұрақты түрде қатысыпсыз. Ел бойынша өткізілген Жақайым атаны ұлықтауға атсалысып, Жанқожа батыр, Құл батыр, Бақтыбай батыр, Нұрмағамбет шайыр сынды бабалардың атын жас санаға сіңіруге үлес қосыпсыз. –Иә, көп жұмыс жасадым деп айта алмаймын. Елім үшін қолдан келгенімді аяғаным жоқ. Біреу көреді, енді біреу көргісі келмейді. Өмір ғой. Шүкір, қазіргі халықтың жағдайы анағұрлым жақсарған. Қиын уақыт артта қалды. Сол тоқырау жылдарында көшені өзім жаяу аралап, бірқатар отбасылардың тұрмысы нашарлығын көрдім. Атын атап, түсін түстеп қайтейін. Бір әйел «аға, бір апта болды ыстық тамақ ішпегелі» – деп егілді. Ондайларды журналыма тіркеп, өз қамқорлығыма алдым, – деп бірнеше жыл үздіксіз көмек көрсеткенін жеткізді. Кісілік келбеті ерекше сипатталатын өмірдерек тақырыпқа арқау еткен кейіпкеріміздің осал еместігін байқатса керек. Қайталап айтудың қажеті шамалы. Кеңес дәуірі дүркіреп тұрған уақытта ұстаздары қияға қанат қаққызған бозбала ә дегенненақ тың игеруге қатысып, ауыр жұмысты бастан өткерген екен. Содан кейінгі жолы Кеңес әскері қатарында жалғасып, Көкаралдан аттанып, майдан даласында неміс басқыншыларымен шайқасқан ардагерлердің нағыз ізбасары екенін дәлелдеген. Армия – өмір мектебі. Талап пен тәртіптің қалай болатынын үйреніп қайтқан жігіт Алматы құрылысмонтаж тресінде жұмыс істеп, алғашқы нәпақасын ата-анасының алақанына салды. Артынша, арман жетегінде оқып, көп нәрсені көңілге тоқып жоғары білімді маман атанған. Бертін келе, электр энергиясының нарығына айрықша қабілетімен дендеп енді. Жеке кәсіпкер ретінде ток өндірушілерден тікелей сатып алып, тың бастамасының көкжиегін кеңейте түсті. Осы саланың көрнекті өкіліне айналды. Әлі солай. Хош. Жүрегі даладай кең атпал азаматтардың өңіріміз үшін қашанда орны бөлек. Қамыққанның жанынан табылып, жұртының жоғын жоқтаған Қуанышбай Ердіхалықов қиналғанды демеді. Отбасында жұбайы Патшайымен бірге 6 перзент тәрбиелеп өсірді. Тек бір өкініштісі, алтын құрсақты ана бақилыққа аттануы. Өнегелі жанның қайырлы істерін тағы бір мәрте қаузадық. Себебі, қазақта «жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» деген тәмсіл бар. Атадан балаға мирас болып жеткен сол бұлжымас қағидадан айнымаған Ердіхалықұлының елмен етене араласқан сауапты ісі бір мақаламен түйінделе қоймас. Әлі айтылар, әлі қалам ұшында тізбектелер. Өйткені құрметті кісінің өлшеусіз еңбегін жазбасақ, кәсібімізге сын. Жылдар жігіндегі жүздесуіміздің де түп-төркіні осында жатыр.
01 қаңтар 2020 ж. 389 0