Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » МӘМС: әлеуметтік бағытқа басымдық беретін реформа

МӘМС: әлеуметтік бағытқа басымдық беретін реформа

Денсаулық сақтау саласы – өте күрделі, қаржыны мол талап ететін, қайтарымы адам денсаулығының түзелуімен көрінетін сала. Мемлекет тарапынан қаншама қаражат бөлінгенімен, оның жыл өткен сайын жетімсіздігі байқалады. Өйткені әрбір ел азаматы өзіне өркениетті, дамыған елдердегі сияқты медициналық қызмет көрсеткенін қалайды. Дегенмен елімізде соңғы он жылдың көлемінде-ақ бұл бағытта оңды өзгерістер байқалуда. Жаңа ауруханалар, медициналық бекеттер салынып, пайдалануға берілді. Созылмалы кеселдері бар науқастарға қажетті дәрі тегін таратылады. Күрделі оталар, мысалы, жүрекке стент салу, бүйректі ауыстыру және тағы басқалары қолжетімді бола бастады. Бұған қоса, жеке клиникалар мемлекеттік тапсырыс алып, сырқаттарға тегін қызмет көрсетеді.

Биылғы жылдың жаңалығы – міндетті әлеуметтік медициналық сақтандырудың қолданысқа енуі. Атының өзі айтып тұрғандай, бұл – әлеуметтік бағытқа басымдық беретін реформа. Адамдардың денсаулығын қорғауға мемлекеттік тұрғыдан жете мән беріледі. Дүние жүзінің көптеген елдерінің, атап айтқанда, Ұлыбритания, Испания, Италия, Швеция сияқты мемлекеттердің тәжірибесін жете зерттей келе, Қазақстан міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру бойынша өз жобасын жасады. Бұл реформа әрбір адамның өз денсаулығына жауапты болуын, зиянды әдеттердің алдын алуды, медициналық тексеруден дер кезінде өтуді қалыптастырады. Сонымен, біріншіден, бұл жүйеде өзіңіздің кім ретінде қатыса алатыныңызды анықтап алған жөн. Мұны әлеуметтік мәртебе деп атайды. Оны egov.kz порталы арқылы біле аласыз. Одан соң емханаға тіркелесіз. Сіз өзіңізге тұрғылықты жақын бір ғана емхананы таңдайсыз.
Биылғы жылдан бастап мемлекет әлеуметтік тұрғыдан қорғалуға тиісті адамдарға, яғни 15 санат бойынша – балаларға, көпбалалы аналарға, Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне, мүгедектерге, жұмыссыз ретінде тіркелгендерге, студенттерге, зейнеткерлерге, бала күтімі бойынша демалыстағы адамдарға, интернат тәрбиеленушілеріне, тергеу изоляторында отырғандарға, мүгедек бала күтімімен үйде отырғандарға және т.б. жарнаны өз есебінен төлейді. Ал табысы бар адамдарға, жұмыс берушілер қызметкерлері үшін өз қаражатының есебінен міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына биыл 2 пайыз, ал 2022 жылдан бастап 3 пайыз жарна аударады. Егер адам жалдамалы жұмысшы болса, онда жұмыс беруші 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап айлық табыстың 1 пайызын, 2022 жылдан бастап 2 пайызын қорға аударып отыруға тиіс. Өзін-өзі жұмыспен қамтушылар мен жалдамалы қызметкер санатына жатпайтындар немесе келісімшартсыз жұмыс істейтіндер бірыңғай жинақтық төлем (БЖТ) төлейді. Бұл республикалық маңызы бар қалалар мен облыстық деңгейдегі қалаларда 1 айлық есептік көрсеткішті – 2651 теңгені, ал басқа елді мекендерде жарты айлық есептік көрсеткішті – 1 325 теңгені құрайды. Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру пакетін пайдалану үшін бірыңғай жинақтық төлем 3 ай қатарынан төленуі тиіс. Медициналық сақтандыру жүйесіне қатысушылар табысы мен төлеген жарнасының көлеміне қарамастан, мемлекет кепілдік берген медициналық қызметтің барлық түрін пайдалана алады. Мысалы, кеңес беруауруды анықтау қызметі, сондай-ақ қымбат тұратын диагностикалық, яғни нақтылау қызметтері, оның ішінде зертханалық (КТ, МРТ, ПЦР және ИФА және т.б.) тегін көрсетіледі. Сол сияқты амбулаторияда, емханада дәрідәрмекті тегін ала алады, ауруханада емделу, ауру балалар мен ересектерді медициналық оңалту: кардиология, кардиохирургия, неврология, нейрохирургия, травматология және ортопедия сияқты қосымша қызмет түрлерін де тегін ала алады. Сондай-ақ міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру шеңберінде елдің әрбір азаматы кепілді көлемдегі тегін медициналық көмек алуға да құқылы. Тегін медициналық көмек бюджет есебінен көрсетіледі және оған тиімділігі дәлелденген алдын алу, ауруды анықтау және емдеу медициналық қызметтері жатады. Қазақстандағы денсаулық сақтау саласы республикалық және жергілікті бюджет есебінен қаржыландырылады. Республикалық бюджет есебінен мамандандырылған медициналық көмек, оның ішінде денсаулық сақтау ұйымының жолдамасы бойынша балалар мен ересектерге оңалту көмегін көрсету, көптеген тар саладағы медициналық көмектер, туберкулез бен лепроға байланысты аурулар, АИТВ жұқтырған науқастарға медициналық көмек көрсету, төтенше жағдайлар нәтижесінде пайда болған ауруларға байланысты медициналық көмек көрсету, сот-медицина сараптамасы жатады. Тегін медициналық көмек емхана қызметкерінің жолдамасы бойынша көрсетіледі. 18 жасқа толмаған балаларға, жүкті әйелдер мен тісі ауырған науқастарға да стоматологиялық қызмет тегін көрсетіледі, бұған тіс салу қызметі жатпайды. 18 жасқа толмаған балаларға физиотерапевтік қызмет тегін көрсетіледі. Жедел жәрдем қызметтері де тегін. Емхана дәрігерінің жолдамасымен аурулардың барлық түрлері бойынша жоспарлы медициналық қызмет көрсету, оның ішінде: онкологиялық, психоневрологиялық, инфекциялық, офтальмологиялық, хирургиялық, нейрохирургиялық, ортопедиялық, уронефрологиялық, терапевтік, травматологиялық, дерматологиялық және венерологиялық, жүкті әйелдер мен гинекологиялық аурулар, алкоголизм және наркомания, туберкулез, қант диабеті, бронх және өкпе ауруларына, АИТВ жұқтырған науқастарға, төтенше жағдайлар нәтижесінде пайда болған ауруларға және тағы басқаларына тегін медициналық қызмет атқарылады. Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру – әлемнің көптеген елдерінде пайдалы тұстарымен ұтымды болған озық тәсіл. Оның пайдасының басты дәлелі денсаулық сақтау саласын қаржыландыру сақтандыру жарнасы есебінен артады. Екіншіден, медицина қызметінің сапасын бағалау мен күнделікті бақылау бір жүйеде жүзеге асады. Жұмыс сапасы артып, шығындар анағұрлым азаяды. Үшіншіден, дәрігердің жұмыс уақыты оңтайланады. Қорыта келгенде, әлемдік деңгейдегі тәжірибе ретінде мойындалған бұл тәсілдің берері мол.
М. Ршымбетов,
«Арал ауданаралық ауруханасы» шаруашылық жүргізу құқығындағы коммуналдық мемлекеттік кәсіпорнының бас дәрігері
25 қаңтар 2020 ж. 707 0