Қызылордалық мұғалім қазақтілді математика сайтын жасап шығарды

Сайт авторының айтуынша, сайт құру идеясы екі жыл бұрын пайда болған. Қазақ тіліндегі материалдардың жетіспеушілігін байқаған Мұхтар математика бойынша оқулықтардың электронды нұсқаларын бір веб-параққа жинақтауды қолға алған.

«2018 жылдан бастап сайтты «NISmath» деп атадым. Өткен жылғы түлек Арман Әлішер сайт логотипін жасауға көмектесті. Тағы бір оқушым - Нұрбол Бижігіт оның мобильді нұсқасын әзірледі»,- дейді ол.

«Сайт өте қолжетімді және заманауи білім беру бағдарламасына бейімделген. Барлық ресурстар - тегін, бұл пайдаланушылар үшін өте маңызды. Мен өз тәжірибемде оқулықтарды, тапсырмаларды жиі қолданамын. Сабақтарда сайттың қосалқы қосымшаларын пайдаланамы», - дейді Түркістан облысындағы ауыл мектебінің мұғалімі Жазира Балаби.
Бүгінде «NISmath» көмегіне еліміздің педагогтары мен оқушылары жүгінеді.
Мұхтардың бұл авторлық жобасын пайдаланушылар ғана емес, сонымен қатар мұғалімдер арасында өткізілетін дәстүрлі республикалық білім сайысының сарапшылары да жоғары бағалады. Педагогикалық идеялар фестивалінің «Шеберлік палитрасы» бөлімінде «nismath.org» интернет-платформасы әріптестердің үлкен қызығушылығын тудырды, ал жобаны қорғаған кезде қатысушылардың 100 пайызы платформаның белсенді қолданушылары болып шықты. Байқау нәтижесінде М.Бегайдаровтың математикалық сайты таратуға және тәжірибеде қолдануға лайықты үздік идея деп танылды.