Аралда дала жұмыстары жандануда

Теңіз төскейінде егіс жұмыстарын жүргізудің өзіндік ерекшелігі де бар. Мәселен, егісті Ақирек, Жаңақұрылыс ауылдық округтеріндегі жеке және шаруа қожалықтары ексе, қажетті суды «Қазалысушар» өндірістік учаскесінен келісім шарт жасау арқылы алады. Ал Ақирек ауылдық округіндегі егіске қажетті негізгі су Басықара каналынан, Жаңақұрылысқа Қараарықтан жеткізіледі.Сондай-ақ, егіспен шұғылданатын жеке және шаруа қожалықтары дала жұмыстарына қажетті жанар-жағармайды Қазалы, Арал ауданындағы май құю бекеттерінен сатып алады. Арал ауданында дәнді дақылдар күріш, бидай егілмейтіндіктен мемлекет тарапынан жеңілдетілген жанар-жағармайға шаруашылықтардан тапсырыс жоқ.
Егіс егетін ауыл әкімдігіне шаруашылықтар мен жеке тұрғындарға суғару технологиясын (тамшылатып суару, насос орнату, т.б.) жетілдіру мәселелеріне байланысты түсіндірме жұмыстары жүргізіліп тұрады. Облыстың солтүстік бөлігіндегі Арал ауданында көктемде егіс егу, күзде өнім жинау өзге өңірлермен салыстырғанда кеш басталып, кеш аяқталатыны да елеулі қиындық тудырады. Десе де, дала жұмыстарына қатысатын техникалардың дайындығы бөтен емес. Оған қоса су жолдарын тазалау шаралары шаруашылық күшімен жүзеге асқанын атап кетсек.
Жұмабек ТАБЫНБАЕВ,
Арал ауданы