Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » ТАБЫСҚА ТОЛЫ ЖЫЛ БОЛДЫ

ТАБЫСҚА ТОЛЫ ЖЫЛ БОЛДЫ

Барлық деңгейдегі әкімдердің халық алдындағы есепті кездесуіне сәйкес, кезекті кездесу бүгін Жаңақұрылыс ауылдық округінде өткізілді.
Басқосуда алдымен ауылдық округ әкімі Б.Әбдірайымов пен елді мекенге бекітілген учаскелік полиция инспекторы Ізмағамбетов Ғалымжанның жыл көлемінде атқарған жұмыстары жөніндегі есептері тыңдалды.Аталған округ әкімінің баяндауынша өткен жыл табысқа толы болып, жеке кәсіпкерлік бағытында ілкімді істерге жол ашылған.
Мәселен, бүгінде ауылдық округ бойынша 14 жеке кәсіпкер, 8 шаруа қожалығы және 1 ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативі қайта құрылып, жұмысын бастады. «Ауылшаруашылығын қаржылай қолдау қоры» арқылы Баймаханов Ахмедулла және Абуов Жаңабек жылқы малын өсіруге несие алып, жұмыс жүргізуде.
Жаңа бизнес идеяларды іске асыру бойынша өткізілген мемлекеттік гранттан Жакупова Еркемай құс өсіруге, Алданова Ақгүл шаштараз ашуға 505 мың теңге қайтарымсыз грантқа қол жеткізді.
Сонымен бірге, «Қожағұл ата» шаруа қожалығының төрағасы Е. Елшекенов «Несібе» шаруа қожалығынан қазақтың ақбас сиыры тұқымынан асыл тұқымды 33 бас қашар және Батыс Қазақстан облысынан 1 бас бұқа алып, асыл тұқымды мал басын көбейтуде.
Ауылдық округ тұрғындарының көлік қатынасына 3 жеке кәсіпкер қызмет көрсетуде. Қазалы ауданы, Әйтеке би кентіне күнделікті, аудан орталығы Арал қаласына аптасына 2 рет жолаушылар тасымалы жолға қойылған. 
Сондай-ақ, «Жаңақұрылыс – Бекарыстан би – Көларық – Әйтеке би» аралығындағы автожолының аудан теңгеріміндегі 23 шақырымының 9 шақырымына асфальт төселсе, биылғы жылы жұмыстар жалғасын табатын болады.
Ауылдық округ әкімі аппаратының қолма – қол бақылау шотына түскен қаржыға жергілікті қауымдастық кеңесінің келісіміне сәйкес, елді мекен көшесіне (800 м) жарықтандыру жұмыстары жүргізілді.
2019 жылы Қараарық каналы бойынан Әулие төбе шаруа қожалығы 50 гектар және Бірлік шаруа қожалығы 2 гектар жерге жоңышқа дақылын егіп, өнім алды. 
Осы және өзге де атқарылған жұмыстар легін баяндаған округ әкімі бұл бастамаларды жандандырып, жақсы нәтижелерге қол жеткізуге жұмыс жасай беретіндіктерін жеткізді.
Тұрғындар одан әрі аудан әкімі М.Оразбаевтың 2019 жылғы есебін тыңдап, ағымдағы жылдың жоспарларымен танысып, көкейлерінде жүрген ұсыныс-пікірлерін ортаға салды. Атап айтқанда, Хан елді мекені тұсындағы қалқымалы көпірді қайта жаңғырту, «Жаңақұрылыс-Бекарыстан би» бағытындағы автомобиль жолының орташа жөндеу жұмыстарын толық аяқтау және Жаңақұрылыс ауылдық округіндегі оқушыларды мектепке тасымалдау мақсатында автокөлік бөлу сынды өтініштерін жеткізді. 
Осы орайда, аудан басшысы жалпы тұрғындар жеткізген мәселелер шешімін табу үшін тиісті жұмыстар жүргізілетіндігін тілге тиек етті. Жиын соңында ауыл ақсақалдары жұртшылық атынан аудан әкімінің есебіне ризашылықтарын білдіріп, оң бағасын берді.

Аудан әкімінің баспасөз қызметі.
23 қаңтар 2020 ж. 695 0