Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » МӘЖІЛІС ДЕПУТАТТАРЫ АУДАНДА БОЛДЫ

МӘЖІЛІС ДЕПУТАТТАРЫ АУДАНДА БОЛДЫ

Апта басында ауданға Қазақстан Республика­сы Парламенті Мәжілісінің депутаттары Дархан Мыңбай мен Амангелді Дәуренбаев жұмыс сапарымен келді. Аудандық мәде­ ниет үйінде өткен шараға «Нұр Отан» партиясы Қызылорда облыстық фили­ алы төрағасының орынбасары Ержан Байтілес, сондай-ақ, аудан активі, жер­ гілікті мемлекеттік органдардың басшы­ лары, аудандық мәслихат депутаттары, ардагерлер мен мемлекеттік емес ұйым мүшелері, студент жастар қатысты.
Жиында сөз алған аудан әкімі М.Оразбаев Елбасының әлеуметтік жаңғыру жолында ауқымды қадам жасауға бағытталған бастамасы барша қазақстандықтарды бір серпілткенін айта келе, әрбір отбасына баспана алудың жаңа мүмкіндіктерін беру, жалақысы төмен жұмысшылардың еңбекақысын көбейту үшін олардың салық жүктемесін азайту, жоғары білім алудың қолжетімділігі мен сапасын арттырып, студент жастардың жатақханадағы жағдайын жақсарту, шағын несие көлемін арттыру, сондай-ақ, елді газбен қамтамасыз ету ісін жалғастыру жөніндегі бастамалардың халықтың игілігіне арналған нағыз ұтымды жобалар екендігіне кеңінен тоқталды. «Бүгін ортамызға келген халық қалаулыларының мақсаты да Президент Үндеуіне байланысты халықтың пікірін біліп, көкейлеріндегі сауалға жан-жақты жауап беру» деді.
Одан соң, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Д.Мыңбай сөз алып:
– Құрметті аралдық ағайындар, «Есті кісіге ақыл айтпа, жөнін айт» демекші, Президент Жолдауларын толықтыра түскен маңызы зор бес бастаманы баршаңыз оқып, зерделеп білдіңіздер. Біздің міндет – жөнін айту. Көріп отырғанымдай, жастар көп жиналған екен. Сондықтан, сөзімді ең алдымен елдің болашағы жастарға арнағым келеді. «Құбылған әлем жарысы, Ақылды жанның табысы» деп Шәкәрім айтқандай, қазір нағыз білім бәсекесінің заманы. Сол үшін жастардың білім алуына барлық жағдайды жасау, оның ішінде жатақханамен қамтамасыз ету мәселесі бастамадан ойып орын алды. Жатақхана оқу сапасын арттырып қана қоймайды, достықтың негізін қалайды, жастар ортақ пікір бөліседі. Ал, «7 – 20 – 25» бағдарламасын сәтті жүзеге асыра білсек, әлеуметтік ахуалдың жақсаруымен бірге, тұрғын үй құрылысының дамуына, сондай-ақ, экономиканың өсуіне зор мүмкіндік туады. Шағын несие беруді көбейту, әсіресе, ауылдық жердегі азаматтарға үлкен қолдау. Олар өз кәсіптерін бастауға мүмкіндік алады. Елді газбен қамтамасыз ету жөніндегі ауқымды жоба аясында Қызылорданың Қараөзегінен Астанаға жол тартатын газ құбыры жолшыбай орын тепкен елді мекендерді де көркейтетін ықпалы ерекше жоба. Сондай-ақ, салықты көтермей, керісінше, салыстырмалы түрде жалақысы төмен азаматтардың жағдайына көңіл бөлу де – халыққа көмектің бір түрі, – деп, өз пікірімен бөлісті.
Депутат А.Дәуренбаев Қызылорда облысына алғаш рет қадам басып отырғандығын айтып, өңірдегі қайнаған тірлікке разы болғандығын жеткізді. «Маңыздысы – халықтың әлеуметтік жағдайының жақсы болуы. Бәрі де өзіміздің қолымызда. Сол үшін санамызды өзгертіп, еңбектене білуіміз керек» деді. Мәжіліс депутаттары кездесу барысында қатысушылар тара- пынан қойылған сауалдарға жан-жақты жауап берді.
Халық қалаулылары одан соң, Жақсықылыш кентінде болып, «Аралтұз» АҚ-ның жұмысымен танысты, сонымен бірге, аудандағы бірқатар әлеуметтік нысандарды аралады.
Л. ИМАНБАЙҚЫЗЫ
04 сәуір 2018 ж. 1 262 0