Гүлшара Әбдіқалықова: Жемқорлыққа жол берген басшылардың мәселесін өзім қарайтын боламын
Kyzylorda-news.kz. Бүгін облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықованың төрағалығымен аппарат мәжілісі өтті. Қаралған мәселелердің бірі – сыбайлас жемқорлықтың алдын алу шаралары туралы. Аймақ басшысы жемқорлықпен күрес – бұл жауапкершілігі зор міндет және ол формальді түрде жүргізілмеуі тиіс екенін атады.
«Облыстық басқарма басшылары мен аудан, қала әкімдеріне қатаң ескертемін. Басқаратын ұжымда кез-келген жемқорлық сипатындағы әрекеттерге жол берген бірінші басшылардың мәселесін өзім жеке қарайтын боламын», – деді облыс әкімі Г.Әбдіқалықова.
Жиында ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Қызылорда облысы бойынша департаменті басшысы Ардақ Ерсейтов мемлекеттік органдардың басшылары өздеріне тікелей бағыныстағы тұлғалардың сыбайлас жемқорлық қылмыстар жасағаны үшін жауаптылықта екенін мәлімдеді.
«Осы Заңның қабылдануымен Елімізде сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрестің жаңа кезеңі басталды. Тәуелсіз Қазақстан тарихында тұңғыш рет басшылардың қол астындағы қызметкерлері үшін жауапкершілігі заңмен бекітілді. Осыған байланысты мемлекеттік органдардың басшылары өздеріне тікелей бағыныстағы тұлғалардың сыбайлас жемқорлық қылмыстар жасағаны үшін жауаптылықта болатындығын тағы да назарларыңызға саламын», – деді ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Қызылорда облысы бойынша департаментінің басшысы.
Мамыр айындағы мерекелік шаралардың атап өтілуін ұйымдастыру туралы облыс әкімінің орынбасары Серік Ахмет баяндама жасады. Ол Қазақстан халқының бірлігі және Отан қорғаушылар күні, Ұлы Жеңістің 75 жылдығы сияқты атаулы күндерде ешкім назардан тыс қалмауы үшін жұмыс жасалатынын айтты.
Биылғы Ұлы Жеңістің 75 жылдығына арналған «Жасампаз жасақ» жобасы онлайн форматындағы акциясымен басталды. Бүгінде облыста 16 соғыс ардагері, 49 ҰОС жесірлері және 4269 тыл ардагері бар. Жалпы өңірдегі 4 335 ҰОС ардагерлері мен оларға теңестірілген азаматтарға біржолғы материалдық көмек көрсетуге облыстық және аудандық бюджеттен барлығы 454,8 млн.теңге бөлінген. Ұлы Отан соғысы ардагерлеріне 1 млн. 111 мың теңге әлеуметтік төлем жасалады. Қазіргі таңда 16 ардагерге 611 мың теңгеден төленді, қалған 500 мың мамыр айында жеткізіледі.
Қазақстан халқының бірлігі және Отан қорғаушылар күні, Ұлы Жеңістің 75 жылдығы мерекелеріне арналған шаралар Youtube платформасында іске қосылған «Сыр Бірлігі» каналында онлайн көрсетіледі және әлеуметтік желілер мен интернет ресурстарда #Syrbirligi, #1mamyr #Bizbirgemiz хэштегтерімен ақпараттандырылады.
Сонымен қатар, мәжілісте аймақ басшысы Қызылорда облысы бойынша қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің жаңа бастығын таныстырды. ҚР Ішкі істер министрінің бұйрығымен аталған қызметке Есенкелдиев Шаймерден Тәжіқұлұлы тағайындалды.
Шаймерден Тәжіқұлұлы еңбек жолын Шымкент қаласының Ішкі істер басқармасында бастап, әр жылдары Оңтүстік Қазақстан облысы бойынша қылмыстық-атқару жүйесі департаментінде бөлім бастығы, орынбасары, Түркістан облысы бойынша қылмыстық-атқару жүйесі департаменті бастығының орынбасары қызметтерін атқарған.