Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Талантты тамыршыдай танушы еді...

Талантты тамыршыдай танушы еді...

Биылғы күзде аудандық «Толқын» газетінің алғашқы санының жарыққа шыққанына 90 жыл толады. Бұл – журналистер мен баспагерлердің ғана емес, бүкіл аудан халқының атап өтерлік айрықша мерекесі. Осы жылдар ішінде аты бірнеше рет өзгерсе де, мақсаты мен міндеті еш өзгермей, халқына адал қызмет көрсетіп, оқырмандардың жүрегінен жылы орын алған аудандық газеттің мәртебесі биіктеп, абыройы асқақтай түсті. Онда есімі елге танымал болған талай тума таланттар мен ұйымдастырушылық қабілеті арқылы газет жұмысын жетілдіріп, жолға қоя білген бірнеше ұрпақ өкілі қызмет істеді. Мен бүгінгі әңгімемде солардың бірі де бірегейі, қырықтың қырқасына жаңа шыққан кезінде алымды да шалымды редактор аталып, өзі де, қол қойып отырған газеті де республикаға танымал болған тұста көз жұмған айтулы азамат Мәлік Сәрсенов жайлы сөз қозғамақпын.

Мәкең 1970 жылы мені редакциядағы ең кіші қызметке қабылдап тұрып, таудай талап қойғаны әлі есімде.–Жұмыстың үлкен-кішісі болмайды. Жауапкершілік жүгі ауыр. Түнімен жүруге де тура келеді. Қабілетің қандай екенін, шамаңның қанша жерге жеткізетінін бір айда-ақ біліп болармыз, – деп дауыстай күлген.
Бұған дейін аудан мектептерінде мамандығым бойынша он шақты жыл жұмыс істеп, біраз тәжірибе жинақтаған, тәрбие тақырыбында жазған мақалаларым баспасөзде азды-көпті жарық көрген, өзімді қатарымнан еш кем санамайтын өзімшіл көңілім әлгі күлкіден кейін бірден басылды. Тіпті қорқып қалдым. Содан да болар, жұмысқа бар жанымды салдым. Ерте келіп, кеш қайтатынмын. Газет шығатын күндері баспаханада түнеп қалатынымыз тағы бар. Соның бәрін редактор қалтқысыз бақылап жүреді екен ғой. Бірақ өзіме мақтаған, қолпаштаған сөз айтқан емес.
Бірде жұмыстан шығып, үй жаққа қиыстап тартып бара жатыр едім. Құрдасым, редакциядағы белгілі ақын Серік дауыстап тоқтатты. Қасыма келіп, қолтығымнан ұстап, көңілдене үн қатты. Аздап тартып алыпты. «Мыңнан бір қойы кем емес». Ол кезде редакциядағылардың қызулау жүретініне ешкім таңғалмайды. Сәтті жазылған мақала, ойда жоқта қолға қонған гонорар ішудің жоралғысына жарап жатыр. «Шабыт шақыру» дегенді ойлап тауып жүргендер журналистер ғой.
– Бір жартылық жаңалығым бар. Айтсам, сүйіншісі бола ма? – деді.
– Е, тыңдап тұрмын, – деп елең ете қалдым.
– Жоқ. Оны көшеде айтып құнын түсіруге болмайды. Бір жерге барып тізе бүгелік, – деп «Көкбазар» жақтағы асханаға бастай жөнелді.
Жартыны алдыға алып жайғастық. Серік асығар емес. Бұрқыратып темекісін тұтатты. Бір стакан салқын суды сіміріп, маңдай терін сүртті. Менің тағатым таусылып барады.
– Мана Мәкеңмен бірге болғанмын. Қарақұмдық атақты қойшы жолаяқ жасаған. Екеуміз оңаша қалғанда редактор сен жайлы жақсы пікір айтты. Шамасы қызметіңді көтереді-ау, – деп аузын бір сипады.
Серікке сенер-сенбесімді білмедім. Ол қанша ішсе де ақылынан алжаспайды. Әрі біреуге жағынып, өтірік айтуды білмейді. Ал редакциядағы Мәкеңнің ең жақсы көретін адамы да – осы Серік. Оның ақындығына, адалдығына айрықша ден қоятын. Содан да болар, басқадан гөрі жанына оны көбірек ертетіні бар. Серікке сенуге болады ғой. «Жақсы сөз – жарым ырыс» деп сол күні Серік екеуміз біраз желпініп, үйінің алыстығына қарамай оны шығарып салып, келіншегі Күләйға аман тапсырып, түнді аудыра өлеңдетіп отбасыма оралдым. Ертеңіне редактор мені өнеркәсіп және транспорт бөліміне әдеби қызметкер етіп бекітті. Бұл редакция табалдырығынан алғаш аттаған күннен тура бір ай өткенде болып еді. «Бір айда танып білермін» деген сөзді Мәкең маған басында тегін айтпаған екен-ау.
Қазіргі «Толқын» газетінің баспасы ол кезде жеке-жеке екі ұжым болатын. Соның редакциясында 17 жыл (оның 14-і жауапты хатшы қызметінде), ал баспаханада 9 жыл директор болып, зейнетке шыққанша ширек ғасыр ғұмырымды осы бір қиын да қастерлі жұмысқа арнағанымды мақтана еске аламын.
Мәкең сымбатты жігіт болатын. Қара шашын артқа қайырған, қыр мұрынды, қапсағай денелі, қараторының әдемісі еді. Күлгенде қатты дауыстап, аңқылдай, ақтарыла күлетін. Ішкі жан дүниесі таза, ашық адамдар ғана осылай күле алады. Жұмыста қарамағындағыларға қатаң талап қоятын. Қателігіңді жасырмай бетіңе айтатын. Алды сондай қатты болса, қайтуы одан да тез, лезде жадырап шыға келетін. Әлгідегі ашудан түк қалмайды. «Жақсы адамның ашуы шай орамал кепкенше» деген халық мақалы дәл осы кісіге арналып айтылғандай.
Мәкең қайтыс болғаннан кейінгі бір еске алу дастарқаны үстінде оның анасы «мына Сайлауды көрген сайын Мәлігімді көргендей боламын» деп көзіне жас алғаны есімде. Өзімше екеуін салыстыра бастаймын. Қазіргі сексеннің сеңгіріне аяқ басқан Сайлау ағаның шаш қоюынан басқа Мәлікке ұқсастығын байқай алмаймын. Бірақ баласының қадір-қасиетін, парасатбиігін анасынан артық кім білуші еді?! Екеуі қатар өсіп, қатар оқып, қатар қызмет атқарып, аралас-құралас жүргендіктен, ана жүрегіне баласындай жатталып қалған болар...
Мәкеңнің бойындағы мен айрықша бағалаған қасиет – оның адам танығыштығы болатын. 1965 жылы аудандық газет қайтадан ашылып, «Толқын» деген атпен шыға бастағанда оның шығармашылық тобын жасақтап, ұйымдастыру ісі соған міндеттеледі. Бұл аса жауапты тапсырма болатын. Мәкеңнің оны абыроймен атқарғандығын қазір барша жұрт біледі. Әсіресе болашағынан зор үміт күтетін жас таланттарды жанына топтап, оларға өз тәлім-тәрбиесін үйрете жүріп, шыңдап шығарды. Өмірдің әр саласында қызмет атқарып жүрген әртүрлі мамандық иелерінің келешегін көріп-біліп, оларды редакцияға жинап, бір мақсатта жұмыс істеуге жұмылдырды. Шығармашылық қызметкерлерінің қалтасындағы «журналист» деген дипломы емес, рухани жан дүниесінің байлығы, көкірек көзінің кеңдігі, ұшқыр ойы, серпінді сезімі, өткір тілі оны сұлу да сүйкімді сөз өнерімен жақындата түсетінін тамыршыдай таныған ол ешкімнің беделі мен бұйрығына бағынбай, өзі қалаған адамын қызметке қабылдады. Содан да редакцияда журналист дипломдылардан педагогтар саны едәуір көп еді. Тіпті ешқандай дипломы болмаса да, жұрттың алғысына бөленіп, әдемі очерк, маңызды мақалаларымен абыройға кенеліп жүрген қаламдастар да болды.
Мәкең әлгідей «қалап алған» қызметкерін ешкімнің жаласына бермей, қорғай да білді. Жұмыс болған соң оның кедір-бұдыры кездесетіні белгілі. Кейде қаламыңның ұшы беделді біреудің не өзіне, не оның жақын-жуығына тиіп кететіні бар. Оның соңы райкомның бюросына барып сөгіспен шешіледі. Мәкең қарамағындағыларды осындай сөгістерден талай қорғап алып шықты.
Мәкең «Толқын» газетінің атақдаңқын Одаққа танытты. Жыл сайын баспасөз мерекесі қарсаңында республика бойынша аудандық газеттерді саралап, байқау қорытындысын шығаратын. 1970-1971 жылдары екі жыл қатарынан «Толқын» газеті сол байқауда жеңіп шығып, республикадағы озаттар арасынан табылып, жүлдеге ие болды. Онымен қоймай, Бүкілодақтық Ульянова атындағы жүлдеге ие болып, айды аспанға бір-ақ шығарды. Бұл газет ұжымының зор жетістігі болатын. Осы қуанышты ұжыммен бірге аудан халқы да ортақ табыс ретінде атап өтті.
Байқаудың басты мақсаты – газеттің әсем әрленіп, көркем безендірілуін айқындау болатын. Ал газеттің әдемілігі дегеніміз не? Көшеде кездескен адамдардың бет-әлпетіне, киген киіміне алдымен назар аударатынымыз анық. Түр-тұлғасы, бой-сойы келіскен бойжеткендердің алабажақ киініп, олпы-солпы жүргенін көргенде аузыңа дәмі бұзылған ас түскендей тыжырынып қаласың. Ал денесіне қонымды киім киіп, гүлдей жайнап тұрған жасты көргенде өзің де еріксіз бой жиып, үстібасыңды қалыпқа келтіре бастайсың. Алдымен сыртқы сәндік бірден көзге ұрады. Қандай газет болмасын алғаш қолға алғанда ондағы материалдардың орналасуына, суреттердің жайғасуына, тақырыптардың терілуіне, сызбалардың қолданылуына назар аударасың. Содан кейін ғана мақалаларды оқып, мазмұнына ой жүгіртесің. Сырт кейпі келіспеген, жадағай, жоспарланбаған, ажарсыз әрленген газетті оқымай тастауың да мүмкін. Сондықтан газет макетін жақсы жасау сол кездің өзінде алдыңғы орынға қойылған еді.
Мәкең макет сызудың асқан шебері еді. Оны кейбіреулер алдымен «Социалистік Арал», кейін облыстық «Ленин жолы» газеттерінде жауапты хатшы болып қызмет істеп, үйренуден, машықтанғаннан деп санайды. Меніңше, бұл Мәкеңнің туа біткен таланты, табиғат берген сыйы деп ойлаймын. Өйткені оның қолынан сызылып шыққан газет макеті жаңадан тұрғызылған үй қабырғасындай түрленіп сала береді. Көп жағдайда да ол макетті қолдағы материалдарға байланысты сызбай, алдымен макетті жоспарлап, материалдарды соған сәйкес жаздыратын. Сылдыр сөзі көп, айтар ойы жоқ материалды қиналмай қысқартып жіберетін.
Ол кезде қазіргідей материалдық база, қажетті құрал-жабдық мүлде жоқ еді ғой. Әріптер қолдан теріледі. Баспахана жартылай жер астына орналасқан ескі қоймада болатын. Газетке берілетін суреттерді бірнеше күн бұрын облыстық баспаханадан құйдырып алатынымыз тағы бар. Сондай жағдайда жүріп республикадағы озық газеттердің біріне теңесе білу – сөзсіз ерлік. Мәкең өмірден озғаннан бергі елу жылға жуық уақыт ішінде газеттің сондай бір жетістікті қайталай алмауы оның орнының ерекше екендігін еселей түседі. Бұл шындықтан бүгін ешкім жалтарып кете алмас, сірә.
Өмірінің соңғы жылдары оның жан жары сырқатты болып, отбасының берекесіне біраз сызат түсті. Соған қарамастан ол жұмысқа деген жауапкершілігін бір сәтке ұмытпай, еңсесін түсірмей, құлшына еңбек ете берді. Көңіл түкпіріндегі көлеңкені басқаларға сездірмеуге тырысты. Баспахана директоры Еңсеп Ізбасқановқа жезделік базынасын жасаса, бір-екі жас үлкендігіне қарамай, Шәкірат ағамен әдемі әзіл жарыстыратын. Редакцияда құрдасы Омармен ашықжарқын қалжыңмен қағысатын.
Түннің бір кезінде ол баспаханаға соғып, ондағы газет басып жатқан балалардың жағдайын білетін. Біреулеріне ас дайындатып әкеліп беріп, қамқорлық көрсететін. Газет сапасының жақсы болуына айрықша назар аударып, баспагерлерге соны ұғындыратын. Бұл жағдайдың қалыптасып кеткендігі сондай, газет басушылар «Мәкең келіп қалады» деп кәдімгідей қобалжып тұратын. Көзден кетсе де, биік бейнесі көңілден кетпеген бұл азамат жайындағы естелікті осымен аяқтағым келіп отыр. Әңгімемнің соңында айтарым – осындай жаны жайсаң, көпке қамқор, үлкен жүректі абзал азаматтың есімі Арал қаласындағы бір кезде өзі туып-өскен, қайраткер болып қалыптасқан көшеге берілгені еді. Өзі біраз жыл басқарып, ыстығына күйіп, суығына тоңған, абыройын асырып, мәртебесін биіктеткен «Толқыны» да осы істе сырт қалмай, қызмет жасағаны анық.
Оңдасын Бектұрғанов,
Қазақстан Журналистер одағы сыйлығының иегері
02 шілде 2020 ж. 806 0