Көптің көмегімен Сексеуілдегі ахуал тұрақталып келеді
«Ауру айтып келмейді». Иә, ескертпей келген індет есін алады адамның. Алайда айтып келсе ше?! Пандемия басталғалы дәрігерден де, журналистен де сөз қалған жоқ еді. Сақтық жолдарын, ауру белгілерін, гигиена талаптарын тәптіштеп тұрып жеткізді. Аурудың қауіптілігі жайлы жалғыз біз емес, әлем айқайлап айтып жатты. Алайда құлақ асқандар аз болды. Қазір соның зардабынан мәселе ушығып тұр. Ал бұл жүк ең алдымен дәрігерлердің мойнына артылды.
М.ҚҰРМАНӘЛІ
Аудан ақ халаттылары қазір тынымсыз жұмыс үстінде. Емделушілер саны әдеттегіден асып кетті. Аудан орталығына ат сабылтып келетін ағайын дертіне дауа іздеп әлек. Дәрігерлер бұл жолда антына адалдық танытып келеді. Дәл осындай қарбалас Арал қаласынан кейінгі ең ірі елді мекен – Сексеуіл кентінде де жүріп жатыр. Он бес орынға шақталған кент ауруханасына өткен айдың 27-нен бастап 32 науқас келіп түскен. Олардың ішінде 11-і ауыр халде келген. Қазір жалпы 12 адам сауығып, қалғандарының жағдайы тұрақтанған. Дегенмен ем шаралары жалғасуда.
Кенттегі қазіргі ахуал жайында білмекке Сексеуіл ауылдық ауруханасына арнайы барып, меңгерушісі Динара Битуғановамен тілдестік.
– Шынымен де бүгінгі жағдай мәз емес. Бұған әлі бей-жай қарап жүрген адамдар да бар. Көбі дәрігер нұсқаулығынсыз өз бетінше емделгісі келеді. Мәселен, үйде сәл түшкіріп қойса да, бірден антибиотик алады. Ол антибиотикті пайдаланғаннан кейін, керісінше, адам иммунитеті түседі. Себебі бір ғана антибиотикпен емделгісі келеді, оның үстіне оны толық алмай, кейде ұмытып, кейде ерініп жатады. Одан дәрінің сезімталдығы пайда болады. Яғни бізге келгенде біз берген дәрілер оған әсер етпейтін дәрежеде болады. Сосын одан да күшті дәрі беруге тура келеді.
– Ал үйден емделгісі келетін тұрғындарға не айтасыз?
– Өзін-өзі емдеймін деп кез келген дәріні іше беруге болмайды. Мысалы, қызу көтерілген жағдайда адам өз иммундық жүйесіне сеніп, аурумен күресуге мүмкіндік беруі керек. Яғни ыстықтай шай ішіп, терлеп, қан сұйылтатын аспирин ішуіне, витаминдер қабылдауына болады. Егер соның өзінде көмектеспесе, қан тапсырып, рентгенге түсіп,аймақтық дәрігерге көрінуі қажет. Алайда қазір кент тұрғындары олай істемейді. Олар бірден аспирин мен парацетамолды алып, он бес күн бойы үйден іше береді. Бұл дәрілер қанды сұйылтып, тек уақытша қызуды түсіреді. Алайда вируспен күреспейді. Нәтижесінде он бес күн үйде жатқан адамның екі өкпесі ауруға шалдығады.
– Ендеше ең дұрысы не істеу қажет?
– Біздегі тағы бір кемшілік, тұрғындар өздеріне бөлінген аймақтық дәрігерге қаралмайды. Қазір аймақтық дәрігерлердің жұмыс істеуі үшін әкімдік бізге арнайы машина бөліп отыр. Сондықтан ең бірінші аймақтық дәрігерге қаралу қажет. Медбикелер ем тағайындағаннан кейін, емделуші қажетті дәрілерін алса, аймақтық дәрігерлеріміз барып салып тұрады. Міне, сөйтіп ауруды дер кезінде ауыздықтап, емдеу процесіне кететін уақытты қысқартуға болады.
Бүгінгі таңда ақ халатты абзал жандарға кент тұрғындары көмек қолын созуда. Яғни ауыл кәсіпкерлері мен еріктілері жетіспеген дәрідәрмек үшін 200 мың теңге көлемінде ақша жинап берген.
– Бұл – біз үшін, жалпы емделушілер үшін үлкен көмек. Жауапкершілікті сезініп, ауыл азаматтары жұмыла жұмыс істеуде. Мәселен, кеше ғана қой сойып әкеліп берген тұрғындар болды. Одан бөлек, күн-түн демей қызмет көрсетіп жүрген дәрігерлерімізге азық-түлік әкеліп бергендер де бар. Сонымен бірге ерекше айта кететіні, кент тұрғындары, жастарының ұйымшылдығымен ақша жиналып, оттегі концентраторы аппаратын алу көзделіп отыр. Ол үшін тапсырыс беріліп қойды. Бұйыртса, жақын күндері қолымызға тиеді, – деді дәрігер.
Басқа түскен қиындықты бірге еңсеруге күш салып жатқан барша азаматқа алғыстан өзге айтарымыз жоқ.
Жаһан қазір жалғыз-ақ мәселені талқылап жатқандай. Қай елге болмасын қауіпті індет қатерін төндіріп тұр. Қызуы көтеріліп, қос өкпесін қыспағандардың алғашқыда алып-қашпа әңгіме айтып, сақтыққа салғырт қарағаны жасырын емес. Көп адам басқа түскенде ғана барып есін жиды. Дегенмен сөз соңында айтарымыз, қазір кім-кімді де кінәлайтын уақыт емес, керісінше, санитарлық талапты қатаң сақтауды қолға алу қажет. Індет жұқтырғандар статистикасының күрт өсуі бізге соны ескертіп отыр.