Туымыз енді төмен түспесін

Адамзат тарихында соғыс, ашаршылық, жұт сынды замананың ауыртпашылығын өткерді. Ал бүгінгідей технология дамып, дербес мемлекет болып еңсе тіктеген шақта белгісіз дерттің отты жалыны әлемді шарпыды. Қазіргідей ақпарат ағымы толассыз күшке айналған шақта елі ішіндегі ғана емес, әлемдегі жаңалықтарды да жылдам біліп отыратын күнге жеттік. Аталған аурудан әлем халықтары көз жұмып жатыр. Өкініштісі, сол коронавирус бізді де айналып өтпеді. Бүгінде ажал құшқандардың саны біршама артты. Бұл – біз сияқты өскелең мемлекет үшін өте алаңдайтын мәселе. Тіпті кеше ғана дәм-тұздас болған жақынымыз бен таныс ауылдасымыздың, көрші, құда, құрбы-құрдасымыздың осы дертке шалдығып, кейіннен бақилық болғанын естіп, қабырғамыз қайысты.
Бүгінгі жалпұлттық аза тұту күніне орай коронавирус салдарынан жақынынан айырылған жандардың қайғысына ортақтасып, көңіл айтқым келеді. Жақын арада дерттің емі табылып, халқымыз ауыртпашылықтан құтылып, жайдары күнге оралса деген тілегім бар.
Кішкене Айбосынов,
аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы