Олар болмағанда мен болмас едім
Күні ертең не боларын ешкім білмейді. Мен де күйбең тірлікпен жүріп бойымды дендей бастаған індетті әдепкіде байқамаппын. Шындығын айтсам дәм сезу қабілетім жоғала бастағанда үрейім ұшып, өз әлімше ем-дом жасауға тырыстым. Бірақ, күн өткен сайын жағдайым нашарлап, дәм сезу былай тұрсын, иісті де ажырата алмайтын күйге түстім. Ыстығым шарықтап, қан қысымым төмендеді. Амал жоқ, былай жүре берудің арты жақсылыққа апармайтынын ұғынып, жедел жәрдем көмегіне жүгіндім. Бұл үстіміздегі жылдың 26 маусымы еді.
Жедел жәрдем – жанға дәрмен деген рас екен. Шақырту түскеннен кейін көп ұзамай есік алдына тоқтаған ақ халатты абзал жандар ә-дегеннен-ақ денсаулығымның мәз емес екендігін айтып, тексерілу керектігін ескертті. «Біреуге мал қайғы, біреуге жан қайғы» деген осындайда айтылса керек. Дертім асқынып кеткен екен. Медицина қызметкерлерінің өзара әңгімелерінен байқағанымдай, өкпеме зақым келіпті. Науқасымның негізгі тарихын маған астарлап болса да жеткізіп жатты. Басқа салса көнеміз. Дереу дәрігерлер менің жанымды аты жаман аурудан арашалап қалуға белсене кірісті. Атап айтсам, Гиппократ антына адал Бексұлтан Саражидинов, Махмут Кемалиев және «Байтұрсынов» емханасының аға аяжаны Гүлназ Сарбөпеева уақытпен санасқан жоқ. Көз ілмей, барлық ауру құрығына іліккен жандардың өмірі үшін арпалысты. Сол денсаулық сақшыларының өз істеріне деген қалтқысыз қызметтерінің арқасында мен 14 күннің ішінде отбасыммен қайта қауыштым.
Иә, күнде неше түрлі жағдайды естіп көңіліміз құлазиды. Мемлекет басшысы да елде белең алған ахуал үшін бірнеше рет үндеу жариялап, коронавирусты құрықтаудың жалғыз жолы сақтық шараларын қатаң ұстану екендігін сан мәрте ескертті. Дәрігерлер де өз өмірлерін қатерге тігіп, көзге көрінбейтін аурумен күресуде жан беруге де даяр екендіктерін дәлелдеді. Жергілікті атқарушы билік ретінде облыс, аудан әкімдері де халқының амандығы үшін тынымсыз жұмыс атқарып, жұртшылықты карантиндік режимге бой ұсынып, оқшаулау талаптарын орындауға шақырды.
Басқа түспеген білмейді. Мұның бәрін көргесін, ауру азабын тарқасын айтып отырмын. Қаншама адам осы індеттің салдарынан өмірлерімен қоштасты. Талай отбасы қимастарынан айырылып, қара жамылды. Кеше ғана ел Президенті 13 шілдені – жалпыұлттық аза тұту күні деп жариялап, мемлекетіміздің көк байрағы төмен түсірілді. Бір сөзбен айтқанда қалың қазағым қабырғасы қайыса қамықты. Лайым, ендігі жерде Туымыз төмен түспесін. Исі қазақ ешқашан қамықпасын. Үйде болайық, жанашырларымызға жанашырлық танытайық!

Төлеген Тапалов,
Арал қаласының тұрғыны.
Арал қаласының тұрғыны.