Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » АУДАН ӘКІМІ ЖАҚСЫҚЫЛЫШ КЕНТІНІҢ ТҰРҒЫНДАРЫМЕН КЕЗДЕСТІ

АУДАН ӘКІМІ ЖАҚСЫҚЫЛЫШ КЕНТІНІҢ ТҰРҒЫНДАРЫМЕН КЕЗДЕСТІ

Күні кеше аудан әкімі Мұхтар Оразбаев аудан прокуроры А. Тәженов, аудандық полиция бөлімінің бастығы Ә. Өтегеновпен бірге Жақсықылыш кентінде болып, ауыл ақсақалдарымен және тұрғындармен кездесті.
Кездесуде негізінен жақын арада кент жастары арасында орын алған топтық төбелес мәселесі сөз болды. Аудан басшысы жастардың тәрбиесінде ата-аналардың рөлі зор екендігін айтып, мезгілсіз уақытта бос жүрмеуін қадағалап тұруды ескертті. Ауыл ақсақалдарына жастарды бітімгершілікке, ауызбірлікке шақырып, жиі ақыл-кеңестерін айтып, жөнге салып отыруды ұсынды. Жасөспірімдердің жастықтың буымен жаза басып қалуын болдырмау ортақ міндет екенін де айтып өтті.
Бүгінде жастардың құқық бұзушылық әрекеттері, ережелерді сақтай бермейтін жағдайлары өсім алған. Соған сәйкес, жастар арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алу, қылмыстың өсуіне жол бермеу және болдырмау тәртіп сақшыларының басты міндеттерінің бірі болып отыр.
Кездесуде құқық қорғау саласының қызметкерлері тұрғындарға заңды бұзған тұлғаға қатысты қолданылатын жазалардың зардабы туралы түсіндірме жұмыстарын жүргізді.
Жоғарыда айтылған жастардың құқық бұзушылық әрекеттерін болдырмау мақсатында алдағы уақытта кентте күшейтілген рейдтік шаралар жүргізілетін болды.
Аудан әкімінің баспасөз қызметі.

21 шілде 2020 ж. 532 0