Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Салмақты саланың жұмысы жүйелі

Салмақты саланың жұмысы жүйелі

Ауыл шаруашылығы – қашанда ел экономикасының негізгі тірегі. Осындай салмақты саланың дамуы жайында Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Агроөнеркәсіптік кешен экономиканың жаңа драйверіне айналуы тиіс» деген болатын. Осы мақсатта ауыл шаруашылығын өркендету үшін көптеген мемлекеттік бағдарламалар қарастырылып, сол жолда жұмыс жасау тапсырмасы қашанда алдыңғы қатарда тұруы қажет. Ал сол тапсырмалардың атқарылуы ауданда қандай деңгейде екендігін білу және ақпараттандыру мақсатында «Арал аудандық ауыл шаруашылығы бөлімі» коммуналдық мемлекеттік мекемесі басшысының орынбасары Шерхан Жұбаханұлы Есжановпен сұхбаттасқан едік.
– Шерхан Жұбаханұлы, жыл басынан бергі есеп бойынша ауыл шаруашылығы саласында атқарылып жатқан жұмыстарды саралай өтсеңіз. Өткен жылғы көрсеткішпен салыстырғанда өсім байқалады ма?
– Арал ауданы бойынша ауыл шаруашылығы өнімдерінің жалпы шығарылымы (ВП) 2020 жылдың қаңтар-маусым айларында 2316,6 млн теңге болып, өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 102,6 пайызға артығымен орындалып отыр. Осы жылдың 1 шілдесіне аудандағы барлық нысандағы ауыл шаруашылығы құрылымдарында 54118 бас мүйізді ірі қара, 103246 бас қой мен ешкі (оның ішінде: қой – 69497 бас, ешкі – 33749 бас), 37924 бас жылқы және 31167 бас түйе малы бағылып, күтілуде. Осы малдарды өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда қой мен ешкі 2132 басқа, жылқы 860 басқа, түйе 313 басқа көбейген. Ауданда мал шаруашылығынан алынатын өнім де көбеюде. 6 айдың қорытындысымен (тірілей салмақта) (1739,4 тонна, сүт өндіру (сиыр сүті) 3431,5 тонна, жұмыртқа өндіру 39,0 мың дана болып), өткен жылмен салыстырғанда ет өндіру 48,9 тоннаға, сүт өндіру 100,1 тоннаға, жұмыртқа өндіру 0,6 мың данаға артып отыр. Облыс бойынша түйе малының 60 пайызға жуығы Арал өңірінде болуына орай, түйе сүтін өндіруге сырттан 1 533,5 млн теңге инвестиция тартылды. Бұған Алматы қаласынан «Qazaq CameL» ЖШС «Түйе сүтінен құрғақ ұнтақ дайындау» цехының құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Бұл цех іске қосылғанда, 23 азаматымыз тұрақты жұмыспен қамтылып, жылына 130 тонна құрғақ сүт өнімін өндіретін болады. Мүйізді ірі қара малы аналығының тұқымын түрлендіруге 2020 жылға қатысу жоспары жыл басындағы жалпы аналық сиырдың 40 пайызы, яғни 8838 бас сиырды түрлендіруіміз қажет болса, қазіргі нақты жағдай бойынша 3228 бас ірі қараның есебі енгізіліп отыр. Тұқым түрлендіруд жоспары да іске асып жатыр.
– Осы саланы жандандыру мақсатында қолға алынған «Сыбаға» бағдарламасы да – ауыл шаруашылығына дем берген бастамалардың бірі. Алғашқы жарты жылдықтың есебі бойынша ауданда «Сыбаға» бағдарламасы аясында атқарылған жұмыстарды атап өтсеңіз...
– «Сыбаға» бағдарламасы шеңберінде бюджет қаражатын игеру жоспарын орындау мақсатында Қызылорда облысына 2020 жылға1 585 бас ет бағытындағы асыл тұқымды импорттық ірі қара мал сатып алуға «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ арқылы 1 188 млн теңге қаржы бөлінді. Осыдан Арал ауданына МІҚ малын сатып алуға 88,0 млн теңге қаржы бөлініп, орындау межесі берілді. Сонымен бірге ауданға 5000 бас қой сатып алу тапсырмасы жүктелген болатын. Қазіргі таңда «Арал ырысы» кредиттік серіктестігі» арқылы Жақсықылыш кентінен 1 шаруашылық 140 бас қой алуға өтінім тапсырып, несие алды. Енді сатып алу жұмыстарын жүргізуде.
– Ал «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасының жүзеге асуы қай деңгейде?
– «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ-ның Қызылорда облысы бойынша филиалынан Ақирек ауылдық округіндегі «Мұра» шаруа қожалығы 12,9 млн теңге несие алуға құжаттарын толықтай тапсырды. Сонымен бірге Қарақұм ауылдық округіндегі «Жасұлан» шаруа қожалығы «Арал ырысы» кредиттік серіктестігі» арқылы 4 млн теңге несие алуға құжаттарын тапсырды. Аталған жобалар жылқы басын көбейту бағытында іске асырылып жатыр. Десе де алда атқарылатын жұмыстар жоқ емес. Аймақ басшысының тапсырмасына сәйкес, әрбір аудан 2 миллиардқа жуық межені игеру бойынша жұмыстарды жандандыруымыз қажет. Ауданымыздағы «Арал ырысы» кредиттік серіктестігінің басшылығымен келісімдер жасалды. Осыған сәйкес әрбір ауыл әкімдері кемінде бір жобадан ұсынуды жүзеге асырамыз. Тапсырманы толықтай орындайтынымызға сенім мол.
– Шерхан Жұбаханұлы, егін десе ойымызға алдымен Ақбай оралады. Аудандағы егін шаруашылығы жайын тарқатсаңыз...
– Биылғы жылы 208,5 гектар жерге аудан бойынша егіс егілді. Оның ішінде 2,9 гектар жерге картоп, 13,7 гектар жерге көкөніс, 83,9 гектар жерге қауын-қарбыз, бақша, 98 гектар жерге ескі жоңышқа, 10 гектар жерге жаңа жоңышқа дақылдары егілді. Қазіргі таңда Ақбай өңіріндегі алғашқы өнімдер сатылымға шығарыла бастады. – Облыс бойынша теңіз маржанын кәсіпке айналдырып, балықты елдің байлығы санаған ауданда балық шаруашылығының бүгінгі жайы қандай?
– 2020 жылдың 15 ақпанынан шілде айының 1-жұлдызына дейінгі Кіші Арал теңізінен 2576 тонна балық аулау лимиті, Қамыстыбас көлдер жүйесіне 41 тонна, Ақшатау көлдер жүйесіне 14 тонна, сонда аудан бойынша барлық лимит 2631 тонна болып бекітілген. Бүгінгі күнге дейін барлығы 2370 тонна балық ауланды. Өткен 5 айдың қорытындысымен аудандық статистика басқармасының мәліметі бойынша 1016 тонна балық өңделді.
Ауданымыздың кәсіпкерлік бағытындағы жұмысына қарқын беріп келе жатқан балық аулау мүмкіндігін молайту маөсатында Ақшатау елді мекенінде инкубациялық цех іске қосылды. Жобаның құны 21 млн теңгені құраса, биылғы жыл ішінде 15 миллионға жуық личинкалар өсіп шығады деп күтілуде.
Бұдан бөлек, Ақбасты елді мекенінде екі бірдей балық цехы іске қосылды. Оның бірі ауланған балық қорын 100 тоннаға дейін сақтаса, екінші цех күніне 40-қа жуык балық консервісін шығаруды жолға қойған. Сонымен қатар Кіші Арал теңізіндегі балық қорын сақтап қалу мақсатында Аралды құтқару қоры арқылы Көкарал су тоспасына гидроакустикалық құрылғы орнатылды. Арнайы жобаның құрылысына 150 миллионға жуық қаржы тартылған.
Сондай-ақ экспортқа өнім шығару бағытында да балық шаруашылығының алатын рөлі жоғары. Бүгінде ауданымызда 1374 тонна балық өнімдері экспортқа шығарылды. Оның ішінде (Ресейге – 1070 тн, Польшаға – 130 тн, Қытайға – 20 тн, Германияға – 94 тн, Грузияға – 60 тн аудандағы негізгі экспорттаушы кәсіпорындар «Арал СДО» ЖШС, «Камбала балық БӨО» ЖШС, «Қарашалаң СДО» ЖШС, «Қуаныш» ЖШС, ЖК «Караев Ж» (ЖК «Кошкарбаев С» арқылы), «ЖК «Кошкарбаев С», ЖК «Мырзагазиев Ж» шығарып отыр.
Бұл экспортқа тек балық шығарумен ғана айналысамыз деген сөз емес. Мал шаруашылығына байланысты Өзбекстан Республикасына 2019 жылдан бастап экспортқа 215 бас түйе малдары шығарылса,биылғы жылы да бұл бағытта жұмыстар жасалуда. Қазіргі кезде экспортқа шығатын 30 бас аналық түйелер карантинге қойылуда. Сонымен бірге 2020 жылдың осы кезеңіне дейін Өзбекстан Республикасына «КZ-MBK» ЖШС арқылы 1-сұрыпты «Аралым ұны» 136 тонна және 263 тоннадан аса қамыс Германия мемлекетіне экспортталды. Алдағы уақытта да бұл жұмыстар жалғасын табатын болады. – Осы күнгі елдегі жағдайға байланысты баға тұрақсыздығы жиі сөз болады. Азық-түлік тауарлары бағасын тұрақтандыру үшін сіздердің тараптарыңыздан қандай жұмыстар жүргізіліп жатыр?
– Аудандағы азық-түлік, көкөніс өнімдерінің баға тұрақтылығын сақтау, негізсіз баға өсімін болдырмау, халықты қолжетімді бағадағы арзан өнімдермен қамтамасыз ету бағытында жұмыстар жандана бастады. Әлеуметтік маңызы бар тауарлардың бағасын тұрақтандыру жөніндегі жұмысшы тобымен бірге сауда қатарлары мен жеке дүкендерді аралап, ауданның жеке кәсіпкерлеріне негізсіз баға көтермеу жөнінде түсіндірмелер тұрақты тұрақты жүргізіліп келеді.
Азық-түлік өнімдерінің бағасын тұрақтандыру мақсатында жеке кәсіпкер С.Саяновпен аудан әкімдігі арасында келісімдер жасалып, «Әлеуметтік дүкенде» төмен бағада өнімдердің сатылуы жолға қойылып келеді.
Қазіргі таңда «Байқоңыр» ӘКК» акционерлік қоғамының тұрақтандыру қорынан аудандағы «Әлеуметтік дүкенге» баға тұрақтылығын қалыптастыру мақсатында 7 тонна бірінші сұрыпты ұн, 5 тонна қант және 3 тонна өсімдік майы – барлығы 15 тонна азық-түлік өнімдерін алуға келісім жасалды. Бұл жұмыстар алдағы уақытта да үздіксіз жалғаса беретін болады.
– Әңгімеңізге рақмет!
Сұхбаттасқан Оңталап ЖОЛДАСОВ
05 тамыз 2020 ж. 459 0