Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Бөлімше қалыпты жұмысқа көшті

Бөлімше қалыпты жұмысқа көшті

Арал ауданында коронавирус дертіне шалдыққан азаматтар ем алған аудандық жұқпалы аурулар бөлімшесі жұмыс режиміне көшті. Соңғы науқастардың емделіп шығуына байланысты толықтай залалсыздандырудан өткізілген аурухана бүгінде өзге де ем алушылар үшін жұмыс істеуде.
Сонымен қатар ауданға қарасты Сексеуіл кентіндегі ауруханадан ашылған провизорлық және карантиндік стационарлар да жабылып, аурухана негізгі жұмыс режиміне көшкен.
Атап өту керек, өңірде енгізілген карантиндік шаралар коронавирустық инфекция бойынша эпидемиологиялық ахуалды жақсартуға айтарлықтай мүмкіндік берді. Оған дәлел ретінде КВИ және пневмониямен сырқаттанушылық деңгейі төмендеп жатқанын айтуға болады.
Қазіргі таңда провизорлық стационарда ем алып жатқан 12 науқас алдағы жексенбі күндері емдерін аяқтап, үйлеріне шығарылатын болады. Соңғы пациентті емдеу және дезинфекциялық іс-шаралар аяқталғаннан кейін, медициналық ұйым жұмыстың негізгі профилін орындауға кіріспек.
Өңірде коронавирустық инфекцияның таралуы біршама тұрақтанғанына қарамастан, тұрғындар әлі де маска режимін, әлеуметтік арақашықтықты, жеке гигиена мен дезинфекциялық қауіпсіздік шараларын қатаң сақтауы маңызды.
Бұл қарапайым, міндетті қауіпсіздік шаралары коронавирустық инфекцияның таралуын едәуір төмендетуі мүмкіндігін естен шығармаған дұрыс.
«Толқын» ақпарат
18 тамыз 2020 ж. 455 0