Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » "Тик Ток" қатер төндіріп тұр

"Тик Ток" қатер төндіріп тұр

Әлеуметтік желілердің қатары тағы бір сервиспен толықты. Қытайдың “ByteDance” компаниясына тиесілі “Тіk Tоk” мобильді қосымшасы 2016 жыл­дан бастап іске қосылған. Қазір­де әлемде танымалдыққа ие бұл же­ліні біздің елде де қолданушылар кө­бейді. Солардың ішінде жастар, тіпті жас­­өспірімдер мен балалардың саны ар­тып келеді. Танымалдыққа ұмтылған сол қаракөздеріміздің дені “Тik Tok” же­лі­сінде өте белсенді болып алды.
Қысқа бейнероликтері арқылы қаралымы көбейіп, аудиториясы да кеңейіп, лезде "жұлдызға" айналып шыға келгендер көп. Бұл аталған желіге көптеген елдер тыйым салыпты. Әрине, мемлекеттің қауіпсіздігі үшін, қоғамның тыныштығы үшін осындай қадамға барған. Кейбір елдердегі талдаулар қорытындысында аталған желі мемлекеттің тұтастығына қауіп төндіретін қатерлі сипатқа ие болған. Ал біздің қоғам бұл жайында әлі жақ ашпайды. Тек әлеуметтік желі қолданушылары оқта-текте дабыл қағып, үн қатқаны болмаса, жалпылама ата-аналар керісінше, “Тik Tok” желісіндегі балаларының түсірген бейнероликтерін тамашалап, бас бармақпен баға беріп отыр. Әке-шешесі мен жақын дос-құрбыларының мақтау, мадағынан мерейі өскен бала келесісін одан да қызықты етіп түсіруге бар ынтасымен кірісіп кетеді. Баланың аты – бала, ойынның қызығына түскен кезде өз басына төнген қауіпті ойламайды. Ал қаншама көрермені бар қазіргі "Тиктокшы" балалардың өздерінің әуес ісіне деген құмарлығын сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. Олар өздері түсірген әр бейнероликтің сәтті шығуы үшін бәріне де барады. Шет елдерде төменгі сынып оқушылары “Тik Tok” желісіне өздерінің интимдік сипаттағы әрекеттерін жариялаған. Таяуда ғана сол батыс елдерінің бірінде жасөспірімдерден құралған әскери қаруланған топ бір-біріне оқ жаудырған бейнежазбасын жүктеген. Әрине, олар мұның барлығын қызық үшін жасаған. "Ойыннан от шығатынын" білмейді. Білсе де, әке-шешелерінің ара-тұра айтатын "тәйт" деген тыйымын қызығушылықтары жеңіп кетеді. Оған қоса, бүгінгі балалар ата-анасының, тіпті қоғамның назарынан тыс қалды.
Сонымен “Тik Tok” желісінен азуын айға білеген Американың өзі қауіптеніп, АҚШ президенті Дональд Трамп әйгілі Қытай компаниясына тиесілі желіні жабу керектігі жайында мәлімдеме жасады. Демек, бұдан " Тik Tok" қазірде тек балалар ғана қызықтайтын желі ғана емес, ауқымды масштабты қамтитын қауқары бар саяси аренаға айналып бара жатқанын аңғаруға болады. "Тik Tok"-тың трендке айналған бейнежазбалары – бүлдіршін балалар мен көкөрім жастардың түрлі дене қимылына құрылған билері. “Билегенде тұрған не бар?” дерсіз. Бірақ психологтардың айтуынша, осы 1-2 минуттық түсірілім кезінде баланың жүйке жүйесіне айтарлықтай салмақ түсіп, тіпті денсаулығына да қауіп төнеді екен. Мәселен, өз бейнежазбасын құрбыларынан асырып түсіремін деген оймен бірнеше мәрте қайталайды. Олай етуіне себеп көп: дайындығы болмайды немесе үй ішінде ата-анасы, бауырлары тарапынан кедергілер болады, қолындағы смартфонының ақауы да әсер етуі ықтимал. Ал енді сол қайталанған әрекеттерінен кейін бейнежазба жақсы шықса құба-құп. Ештеңе өндіре алмай, сапасыз шықса, баланың жүйке жүйесінің бір талшығы өлді дей беріңіз. Жоғарыда айтқанымыздай, “Тik Tok” тек жасөспірімдердің жүйке жүйесіне әсер етіп қана қоймайды, оларға физикалық тұрғыдан да күш түсіріп, дене мүшесіне де зиянын тигізетіні анықталған. Оған айғақты алыстан іздемей-ақ, өз балаларымнан дәлел келтірейін. Жасыратыны жоқ, алғашында ата-ана ретінде біз де балаларымыздың әрекеттеріне аса мән бермегеніміз рас. Бәлкім "Тik Tok"-тың теріс пиғылды миссионерлік міндетін, анығырақ айтсақ, балаларымызға, болашағымызға төндіретін қауіп-қатерін саралай алмаған шығармыз. Кейін байыбына барғанда ғана балаларымызға аталған желіні қолдануына тыйым салдық.
zhalagash-zharshysy.
19 қазан 2020 ж. 480 0